30 Қаңтар, 2010

ПАРЛАМЕНТ

1395 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
БҰЛ – ЖАС МЕМЛЕКЕТКЕ ДЕГЕН ҮЛКЕН СЕНІМ Қазақстан Президенті ел тәуел­сіздігін алған кезден бері қарай мемлекетімізді әлемге танытуда бар күш-қайратын жұмсап келеді. Соның бір нәтижесі деп Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін айтқанымыз абзал. 2007 жылы 30 қарашада Мадридте өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінде Қазақ­станның биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы тарихи шешім шыға­рылды. Сол күннен бастап еліміз осы мәртебелі міндетті  абыройлы атқаруға баса назар аударды. 2009-2011 жылдарға арналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, ол 2008 жылдың 29 тамызындағы Елбасының Жарлы­ғымен бекітілді. Сөйтіп, еліміз ЕҚЫҰ-ға төраға­лық ету миссиясына кірісті. Елбасы өз үндеуінде Ұйымда қалыптасқан дәстүрге сәй­кес төрағалық ететін елдің мазмұнды бірізділенуін білдіретін Іс басындағы төрағалық ұранын жария етті. “Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәс­түр), “транс­парен­си” (ашықтық) және “толеранс” (төзім­ділік) болады”, деді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев. Яғни, осы миссия барысында Қазақстан бейбітшілік орнатудың ізгі жолдары, елдер мен халықтар арасындағы сенімді қалыптастыру, сондай-ақ діндер арасындағы төзімділік, сыйластық жөніндегі ғаламдық мәселелерді кең ауқымда талқылауға, сындарлы шешімдер қабылдауға жетекшілік жасайтын болады. Мұндай мәселелерді ЕҚЫҰ-ның күн тәртібіне ұсынып, 56 елдің өкілдері бас қосқан мәртебелі Ұйымда талқылау үшін төрағалық ету міндеті Қазақстанға елдегі ынтымақ пен бірлікті сақтағаны үшін, 140-тан астам этнос өкілдерін бір шаңы­­­рақтың астына жинай білген­дігі үшін, өзге дін өкілдеріне тө-зімділікпен қарағаны үшін беріліп отыр. Бұл – жас мемлекетке деген үлкен сенім. Елбасының бейнеүндеуін тың­даған аталған Ұйымға мүше ел­дердің өкілдері, шетелдік саясат­керлер мен сарапшылар Қазақстан­ның көзқарасы мен алға ұстанған бағыты жайлы оң пікірлерін білдірді. Қазір Қазақстан туралы түсірілген телефильмдер, жаңадан шыққан кітаптар көптеп тараты­луда. Жуырда Венада ел Прези­дентінің “Қазақстандық жол” кітабының таныстырылымы өткені жөнінде баспасөзде жазылды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуге кірісуіне орай Вена­дағы әйгілі Хофбург сарайында елі­міздің өнер шеберлерінің қатысуы­мен болған концерттің жоғары деңгейде өткені жайлы телеарна­ларда көрсетіліп, мерзімді баспа­сөзде жазылды. Әлібек Дінішев, Майра Мұхамед­қызы және басқа танымал әнші­лері­міз бен күйші­лері­міз қазақ халқының мәдениетін паш етті. “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында рухани, мәдени салаларымызды шетелге таныстыруда әлі де атқарылатын істер өте көп. Осы орайда халқы­мыздың рухани мол байлығын танытуға даңғыл жол ашылып отырғанын да айта кеткен абзал. Осы мүмкіндікті жан-жақты тиімді пайдалану – мемлекетімізге міндет, елдігімізге сын. Қазақ елінің жыл басындағы жетістігі жайлы қазір әлемнің көптеген бұқаралық ақпарат құ-ралдары арнайы материалдар жа­риялап, телеарналары өз көрер­мендеріне деректі фильмдер мен танымдық материалдар көрсетіп жатыр. Бұл – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Еліміздің мерейін көтеретін іргелі істер әрдайым жүзеге аса берсін. САЯСАТ ТА, ӨНЕР ДЕ ТЕК ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЖАСАЛУЫ ТИІС Жастарға Мағжан­ша сене білу – жарқын болашақтың кепілі. Бұл орайда бүгінгі қоғам қайраткерлері де кешегі асылдардың ізін жалғастырып, жас өрендерге орынды үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Олар саяси өміріміздегі бетбұрыстарды жастармен талқыға салып, еліміздің ертеңіне солардың көзімен қарауға бейіл. Өйткені, зиялыларымыз жастардың пікірімен санасу да заман талабы екенін жақсы біледі. Осы ретте жоғары білімнің қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Парламент Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджановтың белсенді студенттермен жүздесуі жастарға деген мол сенімнің айғағына айналды. Бұл кездесу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде, болашаққа интеллектуалды секіріс” атты тікелей желідегі жүздесуіне байланысты ұйымдастырылды. Қазақ ұлттық университеті армандаған жоғары оқу орны болғанымен, түсе алмағанын жеткізген сенатор қарашаңырақтың талай тұлғаларды қанаттандырғанын тереңнен қозғап, бүгінгі студенттерден де элита қалыптасатынына сенім білдірді. “Құрметті студенттер, саяси жағдайды сіздер менен кем білмейсіздер. Сондықтан бұл кездесу маған да, сіздерге де қызықты болады ғой деп ойлаймын. Көкейлеріңізде жүрген, жауабын таба алмаған өмірлік сұрақтарыңызға бірге жауап іздейік”, деп сенатор жиналғандарды ортақ әңгімеге шақырды. Келесі кезекте өзінің өмірлік тәжірибе­сімен бөлісті. Ол өзін бала күнінен “Мен кіммін? Өмірге не үшін келдім? Дүниеге келгенімді қалай ақтаймын?” деген сұрақтар жиі мазалағанын да жасырмады. Көргені мен түйгені мол депутат ресми кездесудің өзін шығармашылықпен ұштасты­рып отырды. Сөйтіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй тарту етті. Түсінген адамға ресми басқосудың өзін ұйықтаған сезімдерді оятып, сергітіп өткізуге болатындығын паш етті. Бұл басқосудан байқағанымыз – қазағымның “ұлық болсаң, кішік бол” деген тәмсілі Төлеген Мұхамеджановтың ұстанымы екендігі. Қарапайым, бірақ бағындырған белесі көп. Шенеунік, бірақ өнердің де майталманы. Әр әуен барысында көрерменнің ол кісіге деген ыстық ілтипаты мен үлкен қошеметі аңғарылды. Егер әр депутат осылайша өнер жанашыры болса, халық пікіріне құлақ түрсе, нұр үстіне нұр ғой. Жастардың сенаторға бағытталған әр қырлы сұрақтары да жауапсыз қалмады. Ол да өз кезегінде студенттерге өнер саласынан сұрақтар қойып, жеңімпаздарға өз авторлығындағы күйтабақтарды сыйға тартты. Жиналғандар халық қалаулысының жұмысы тек заң шығару емес, халықтың мәдениеті мен тарихына жанашыр бола білуі екендігіне де анық көз жеткізді. Осы арқылы студент жастар өз ұлтының патриоты болу, үздік оқу басты арманға айналу керектігін ұқты. Арманы алдамас үшін адал еңбектену қажеттігін де түйді. Депутат жастарды ана тілін сүюге, қазақ киносын көруге, қазақ әуен­дерін сүюге шақырды. Еліне деген ерекше махаб­бат­тың жүрек тұсында мәңгі тұруын, ана мен қарын­­дасты құрметтеудің асыл қасиет екендігін түйсіндірді. Адал еңбек қана сүйсінуге тұратын­дығын айтты. Қайталанбас тұлға болып қалыптасу тер төге жұмыс істеу мен ізденістің нәтижесі бол­мақ екен­дігін сездірді. Тұтастай алғанда, бұл кез­десу жас­тарға адамгершілікті ту ете жүріп, биік белес­терге шығуға болатынын үйреткендей әсер берді. Ресми тілде жолданған сауалдарға орысша жауап қайтарғандығы ғана болмаса, депутат әрі композитор бұл басқосуды басынан соңына дейін тек қазақ тілінде жүргізіп, ана тілінде толғанды, ана тілінде ойланды. Міне, көрерменнің ыстық ықыла­сы мен үлкен қошеметі депутат Мұхамеджановқа осы жағынан алып қарағанда да орынды екендігі анық сезілді. Кездесу соңындағы құрмет пен қошеметтің ұзақ та зор болуы көрерменнің депутатқа деген ризашылығы мен алғаусыз ақ пейілін жайып салды. Ал сенатордың сөз түйіні саясат пен өнер тек халық игілігі үшін болуы керек дегенге сайды. Саягүл ӘЛІМБЕКОВА, Алматы. САУДА ҚЫЗМЕТІН ДАМЫТУ МАҚСАТЫН КӨЗДЕЙДІ Қазақстанның ішкі және сыртқы сауда қызметін дамыту қажет.   Мәжілісте осы мақсатта дайындалған еліміздің кейбір заңдарына сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасының таныстырылымы болып өтті. Мәжілістің Экономикалық ре­форма және өңірлік даму комите­тінің хатшысы Мұрат Әбенов кіріспе сөз сөйлеп, заң жобасы бойынша әзірлеушілердің келіп отырғанын айтты және әріптестерін сұрақ қоюға және талқылауға, ұсыныстар беруге шақырды. Заң жобасы жөнінде Индустрия және сауда министрінің орын­ба­сары Тимур Жақсылықов баяндама жасап, қандай түзетулер енгізілетіні туралы  түсінік берді. Үкіметтің заң жобасына берген түсіндірмесінде бұл құжаттың дайындалу мақсаты айқын көрсе­тілген. Алға қойылған экономика­лық міндеттерге қол жеткізу мақ­сатында мемлекет сыртқы және ішкі рынок­тардағы өткір бәсеке­лестікке дайын болуы тиіс. Әлемнің кез келген елі сияқты Қазақ­стан­ның да өзгермелі ішкі және сыртқы жағдайларға сәйкес келетін және жаһанданудың келеңсіз факторлары мен қатерлерін азайта отырып, одан  түсетін пайда­ны барынша арттыруға мүмкіндік беретін сауда қызметін реттеудің нақты пысық­тал­ған өз жүйесі болуға тиіс. Осы­ған байланысты жаңа заң жобасы әзірленіп отыр. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігі сауда қызметі саласындағы қолда­ныстағы ұлттық заңнама сауда операцияларын дамытудың ынта­ландыру немесе қолдау сипатынан гөрі, реттеу сипатына ие екенді­гінен туындаған. Заң жобасы бойынша бірнеше заңға түзету енгізіледі. Атап айтқанда, “Тауарлардың импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары тура­лы” Заңға редакция­лық сипат­тағы түзетулер, “Лицен­зиялау туралы” Заңға оларға қатыс­ты тариф­тік квоталар, сандық шектеулер, бақы­лау және әкету мен әкелуге арнал­ған айрықша құқық қолданы­латын тауар­лардың импор­тына лицензиялауды белгілеу бөлі­гінде өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізуді көздейді. Бұдан басқа, “Сауда қызметін реттеу туралы” Заңға да өзгеріс­тер мен толықты­рулар енгізіледі. Заң жобасы “Сауда қызметін дамытуға жәрдемдесу” деген жаңа тараумен  де толықтырылған. Экс­порт­ты дамыту және жылжыту жө­ніндегі ұлттық ұйымның құқықтық мәртебесі, мақсаттары мен міндет­тері де айқындалды. Ұлттық ұйым­ның негізгі миссиясы мем­лекет пен жеке сектор арасындағы ұйым­дастырушылық, үйлестіру және байланыстырушы рөлін орындай отырып, институттық қолдау жүйесін құру болып табылады. Сондай-ақ заң жобасы қолда­нысқа енгізілген жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілері оның нормаларын орындау бойынша шығыстар шығармайды. Осы заң жобасы бойынша құрыл­ған жұмыс тобына Мәжі­лістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Егор Каппель жетекшілік етеді. Заң жобасына байланысты депутаттар Асхат Бекенов, Николай Турецкий, Сауырбай Есжанов, Марал Итеғұлов сұрақ қойып, ұсыныстарын айтты. “Егемен-ақпарат”. ҰЛТТЫҚ БАҒДАРЛАМА ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ немесе арақ атаңнан қалған ас емес Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ, Мәжіліс депутаты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес 8 литрден астам ішімдік пайдалану ұлттық тектік қордың құрып кетуіне әкеліп соқтырады екен. Ал бүгінде Қазақстанда ішімдікті пайдалану мөлшері жан басына шаққанда 12 литрге жетіп отыр. Сондай-ақ, халықтың сыра ішімдігіне әуестігі  де алаңдатар­лық. Статистика агенттігінің 2008 жылғы мәліметтері бойынша, соңғы он жыл ішінде Қазақ­станда сыраны қолдану мөлшері жан басына шаққанда 31 литрді  құрайды. Сыра ішімдігін пайда­лану жөнінен  Қазақстан Герма­ния, Чехия, Словакия, Венгрия сияқты мемлекеттерден кейінгі 8-орынға шықты. Осы заман дертінің салдары­нан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-тәжіри­белік психиатрия, психотерапия және наркология орталығының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта 304 108 ішімдікке құмар адам диспансерлік есепте тіркеу­де тұр екен. Ішкі істер органдарының мә­ліметі бойынша, ішімдікке құмар 126 мыңға жуық адам есепке алын­ған. Тек алдыңғы үш жыл­дың ішінде  ішімдіктің кесірінен 55 962 өрт жағдайы болып, онда 1 138 адам қаза тапқан. Республика  аумағында алты жылда 4 833 жол-көлік апатынан  977 адам қаза болып, 7 027 адам жарақат алған. Сондай-ақ, ішімдіктің рес­пуб­ликадағы демографиялық ахуал мен қоғамның дамуына ти­гізетін зияны мол, мұның ұрпақ тәрбиесінде де кесірі  зор. Цифрлар үрей туғызарлық! Осы мәселені шешу мақсатында елімізде тұрақты түрде араққұ­мар­лықтың алдын алу шаралары жүзеге асырылып отыр: саламат­ты өмір салтының қалыптасуына бағытталған бағдарламалар қар­жыландырылып, осы дертке шалдыққан отбасыларға, соны­­мен қатар, саламатты өмір сал­тын насихаттауда белсенді шара­лар атқарып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетілуде. Бірақ, араққұмарлықпен күрес жүйелі түрде және ұзақ мерзімді негізде ғана тиімді бола алады. Бұл орайда, бір жағынан, шектейтін, екінші жағынан, түсіндірмелік, саламатты өмір салтын насихаттайтын кешенді шаралар керек.  Ең маңыздысы, адамдарда саламатты қалыпты өмір сүруге ниет болуы қажет. Елбасының араққұмарлықпен күресу туралы бастамасын қолдай отырып және ішімдік пайдаланудың ұлт денсаулығына қаншалықты зиян тигізетінін ескере келіп, ұзақ мерзімді Саламатты өмір салтын қалып­тастырудың ұлттық бағдарла­масын қабылдау қажет деп есептеймін. МАҢЫЗДЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. “Жер қойнауын дұрыс пайда­лану халықтың тұрмысын, еліміздің экономикасын жақсартады, инвес­тициялық ахуалға әсер етеді, сондықтан бүгін өте маңызды заң жобасын қарамақшымыз”, – деп бастады отырысты комитет төраға­сы Ерлан Нығматулин. Аталған заң жобасы бойынша депутат Валерий Котовичтің жетекшілігімен  жұмыс тобының 41 отырысы өтті. Оған 1700 ұсыныс түсіп, оның 667-сі түзету ретінде енгізілді. Басқосуда  “Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы” Үкімет әзірлеген заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев жасады. Қолданыстағы заң 1996 жылы қабылданған. Содан бері он төрт жылдай өтіп, жағдай өзгерді. Заңға бірсыпыра өзгерістер енгізілгені­мен, жұмыс істеу барысында жаңа заң қажеттілігі алда тұрды. Соған орай аталған заң жобасы жасалды. Сол жобадағы негізгі позициялар жайында министр депутаттарға айтып берді. Заң жобасында Үкіметтің, құзіретті органның, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың функциялары нақтыланған. Сонымен бірге, Мемлекеттің басым құқықтарын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның пайдалы қазбалар қорлары сарапта­малық комиссиясының жер қой­науын пайдалану құқығын берумен байланысты оның қызмет­т­ері толық регламенттеледі. Бұл комис­сия­лар іс жүзінде бар. Алайда қол­да­ныстағы заңда олар жоқ, бұл құ­қықтық қайшылыққа алып келеді. Заң жобасы конкурстық ұсы­ныс­ты екі топқа бөлуді болжайды. Біріншісі – ең аз қажетті талаптар­дың тізбесі. Екіншісі – жеңімпазды анықтау критерийлері. Бастапқыда заң жобасы барлау мен өндіруге арналған бөлек келісім-шарттарды көздеді. Осы мәселеде депутаттар алаңдаушылық білдіріп, болуы мүм­кін бірлескен барлау мен өн­діру туралы норма, операция түрі ретінде қалпына келтірілді. Соны­мен бірге, былтырғы жылдың соңын­д­а Салық кодексіне енгізіл­ген өзгерістердің нәтижесінде бар­лау сатысынан өндіру сатысына көшу кезінде қол қойылатын бонусты (65-бап) төлеуден босату бөлігінде, барлауға келісім-шарт негізінде кен орынын тауып алған және бағалаған тұлғамен өндіруге келісім-шарт жасасқан кезде қаралып отырған заңнамада тиісті норманы түзеу қажет болды. Тартысты өткен комитет отырысында министрге депутаттар К.Сағадиев, А.Самақова, Д.Клеба­нова, М.Итеғұлов, С.Қонақбаев, Б.Қонарбай, В.Киянский, Е.Әпса­ламов, Т.Бердіоңғаров, А.Жарас­паев сұрақ қойды. ФИЛАРМОНИЯҒА КАДР ШАҚ КЕЛМЕЙ ОТЫР Шавхат ӨТЕМІСОВ, Мәжіліс депутаты. Астаналық филармонияның симфониялық оркестріне Ас­тана қаласының әкімдігінің көмек көрсетуі мен демеу­шілі­гінің арқасында қазіргі уақытта жоғары білікті музыканттар ұжымы қалыптасты. Оркестр әр түрлі концерт­терде   біздің елор­­дамыз бен еліміздің атынан лайықты өкілдік етеді, өте жо­ғар­ғы кәсіби деңгейдегі іс-шараларды жүргізуге байла­ныс­ты жауапкершіліктерді  ат­қарады. Әлемге танымал жұл­дыздардың, мысалы, Пла­сидо Домингоның, тағы басқалардың концерттерін сүйемелдеуге жиі қатысады. Алайда, соңғы кездері ор­кес­трде музыкант­тардың еңбек­ақыларының төмен болуына байланысты маңызды қиыншы­лықтар туындап отыр. Бүгінгі күні, штаттық кестеге сәйкес, 14 жылға дейін стажы бар жоға­ры деңгейдегі білік­тілікке (G-10 санаты) жататын астана­лық филармония әртісі еңбекақысы­ның мөлшері 27 225 теңге. Со­ны­мен қатар, сол деңгейдегі өнерге ие оның алматылық фи­лармониядағы әріптесінің ең­бекақысы 46 827 теңге. Мұндай айырмашылық соңғысына 1,72-ні құрайтын  жоғарылату коэф­фициентінің мөлшерін пайда­лану себебінен туындап  отыр. Алдағы уақытта еңбекақы­ның 25%-ға өсуі алшақтықтың ұлғаюына әкеледі. Еңбекақыға қолданылатын жоғарылату коэффициентін опера театрлары, басқа да оркес­трлер мен Мемлекеттік симфониялық оркестр ұжым­дары пайдаланады. Осының салдары­нан астаналық фи­лармония жа­лақының төмен­дігіне байла­ныс­ты республика музыкантта­ры­ның арасында ең беделі тө­мен жұмыс орны болып сана­лады. Аталған жағдайда кадр­лардың тұ­рақ­сыздығы байқала­ды. Өткен жылдың қыркүйек айының өзінде оркестрден 5 музыкант қызмет­тен кетті. Бұл өз кезегінде ұжым­ның шы­ғармашылық дамуына теріс ықпалын тигізіп, жоғары білікті музыканттарды жұмысқа  тартуға мүмкіндік бермейді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкімет Астана қаласы­ның мемлекеттік филармония­сын өзінің №41 қаулысының негізінде 1,72 жоғары коэффи­циен­тін қолдануымен қаржы­ландырылатын кәсіп­орындар­дың тізіміне қосу мәселесін қарастырса, ұтымды болар еді. ҚАРЖЫ ҚАРАСТЫРЫЛСА, ҚАРҚЫН ТӨМЕНДЕМЕЙДІ Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Мәжіліс депутаты. Қазақстанда ұлтымыздың рухани байлығы болып табы­латын көне ескерткіштер өте көп. Солардың бірі – қоғамдық маңызы жоғары, ұлтымыз үшін киелі орын болып есептелетін Маңғыстау облысындағы Оғы­ланды тауында орналасқан Бекет ата жер асты мешіті. Бұл мешіт орналасқан жер бүгінде жыл он екі ай халқымыз тәу ететін киелі, шетелдік туристер үзбей келетін бұқаралық орынға айналды. Келушілердің өте көптігіне байланысты, бұл жермен қа­лыпты автомобиль қарым-қатынасын жақсарту мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізуде. Бұл мақсатқа респуб­ли­ка­лық бюджеттен бөлінген трансферттік қаражат игерілу үстінде. Атап айтқанда, жалпы құны 2,7 млрд. теңге құрайтын, іске асыру мерзімі 5 жылға жоспар­ланған “Қызыл сай-Шопан ата-Оғыланды” автожолын салу жұ­мыстары қарқынды жүргізілуде. 2009 жылға жоспарланған 690 млн. теңге қаражат толығымен игеріліп, 2010 жылға қарасты­рылған 266,1 млн. теңгеге артық құрылыс жұмыстары мердігер кәсіпорын қаражаты есебінен жүргізілді. Құрылыс салу мерзі­мін 3 жылда аяқтау жоспар­ланып отыр. Жоғарыда айтылғандар не­гізінде Үкімет “Каспий энерге­тикалық хабының” сыртқы инфрақұрылымдық құрылысы аясында автокөлік жолдары құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін бө­лінген қаржыдан үнемделген 35,0 млн. теңге қаржыны қоса есептегенде, тағы да 300,0 млн. теңге қаражат бөлуге немесе басқа да көздерден қаржыландыруға ықпал жасаса, аталған бағыттағы автожол құрылысын белгіленген мерзімінде аяқтауға мүмкіндік ашылар еді. Қысқасы, аталған мәселе тікелей қаржымен қамтамасыз етуге тіреліп тұр.