30 Қаңтар, 2010

ЖОЛДАУҒА СӘЙКЕС ЖАҢА МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

1268 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Кеше түстен кейін “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партия­сының бюро отырысы болып өтті. Оған ел Президенті, партияның Көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қа­тыс­ты. Бұл отырыста бюро мүшеле­рімен қатар, Президент Әкімшілігінің жауапты қызмет­керлері, Үкімет мүшелері, облыс­тардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері бас қосты. Оның күн тәртібіне Мем­лекет бас­шысының осы күні халыққа жолдаған “Жаңа он жылдық – жаңа эконо­микалық өрлеу, Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жол­дауын жүзеге асыру жөніндегі “Нұр Отан” партиясына жүктелген тап­сыр­маларды талқылау мәселесі енгі­зілді. – Мен бүгін Парламент отырысында халыққа Жолдау жасадым. Бұл – тарихи Жолдау, – деді Елбасы өзінің кіріспе сөзінде. – Бұл құжатта біздің 2020 жылға дейінгі даму жолымыз толық қамтылған. Біз жаңа кезеңнің бастауында тұрмыз. Жолдау бізге ел дамуының алдағы онжыл­дықтағы басым бағыттарын айқындап берді. Ел экономикасының жаңа өрлеуі арқылы Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері ашылады. Жолдауда дағдарыстан кейінгі эко­но­миканы дайындау тетіктері жан-жақты қа­растырылған. Елді индустрияландыру ісін жеделдету арқылы біз жаңа биікке кө­те­рілеміз. Құжатта әлеуметтік ахуалды жақсарту мәселесі де айтылған. Жолдау арқылы халқымыздың береке-бірлігі одан әрі нығая түседі деп сенемін. “Нұр Отан” партиясы – Қазақстан­ның ең ықпалды саяси қозғаушы күші. Партияның саяси бюросы елімізде ма­ңызды шешімдер қабылдайтын ең үлкен жиынның бірі. Сон­дықтан, мен халыққа Жолдауды жария ет­кеннен кейін сіздерге арнайы келіп отырмын. Партияның Саяси бюросының кеңей­тілген мәжілісінде сіздермен Жолдауды іске асырудың тетіктерін тағы бір пысық­тап, талқылап алайық. Бюро отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз сөйледі (Үкімет бас­шысының сөзі жеке беріліп отыр). Мұнан кейінгі сөз кезегін “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин алды. Ол өз сөзінде еліміздің алдағы 10 жылдағы дамуын қам­тамасыз ететін, іргелі істерге жол ашатын биылғы Жолдаудың тарихи маңызы да, қоғамда алатын орны да ерекше екендігін атап көрсетті. Себебі, бұл құжатта дағ­дарыстан кейінгі дамудың нақты жолдары мен басты бағыттары белгіленді. – Ұзақ мерзімге арналған бүгінгі Жол­дау­дың ойдағыдай іске асатынына толық се­неміз. Өйткені, біздің бірлігі мен ынты­мағы жарасқан халқымыз бар. Нұрсұлтан Назар­баевтай әлемге белгілі көшбасшымыз бар. Ел­басының тікелей басшылығының арқа­сында тәуелсіз мем­лекет құру, әсем елорда салу, ұлттық қор жасақтау секілді күрделі де маңызды істер аз жылдың ішінде жүзеге асты. Елба­сымыз көпэтносты Қазақстанның іргесін берік, еңсесін биік етіп, оны бей­біт­шілік пен татулықтың үлгілі мекеніне айнал­дырды. “Нұр Отан” халықтық-демокра­тия­лық партиясының ел арасында үлкен беделге ие болуы да Елбасы еңбегінің жемісі, – дей келе, мұның өзі екінші жақтан алғанда Ел­басына халықтың үлкен сенімін біл­ді­ретіндігін айтып өтті. Со­ны­мен қатар, Мем­лекет басшысының берген тапсырмалары партияның жаңа бағдар­ламасында толық ескерілетіндігін, әрбір нұротандықтың Қа­зақстанның жаңаруына белсене қатысатын­дығын жеткізді. Елбасы осы тұста бағдарламаның бас­ты мақ­саты мен мәні – елімізді индус­трия­ландыру екендігін еске салды. Мұның сал­мағы бірінші кезекте өңірлерге түсетін болады. Өйткені, Жолдаудың өзі жалпы екі бағыттан тұрады. Оның біріншісі – еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуы болса, екіншісі – аумақтық даму мәселесі. Демек, алдағы уақытта ел өңірлерінің ір­гелі даму нүктелерін қалыптастыру қажет. Мәселен, оңтүстікте адам ресурстары көбірек шоғырланған болса, батыс өлкесі материалдық шикізат ресурс­тарына бай. Осы мәселе ескерілуі керек. Осы­ған орай сөз Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевке берілді. Министр индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының 5 жыл ішінде еліміздің ішкі жалпы өнім көлемін 50 пайызға арттыруды көздейтіндігін айтып өтті. Ол үшін экспорттық әлеуетті нығай­ту, басымдық берілетін салаларды дамыту, шет елдерден тікелей инвестициялар тарту ісін жақсарту мақсаты алға қойылады. Жалпы, 300 жоба қарастырылса, соның 162-сі жүзеге асырылу үстінде. 146 жоба үстіміздегі жылы іске қосылады. Олардың орындалуына тиісті жауапты топтар белгіленген. Парламент депутаты, Азаматтық аль­янс жетекшілерінің бірі Айгүл Соловьева өз сөзінде осындай асқаралы міндеттерді белгілеу жөнінде батыл шешім қабыл­дағаны үшін Елбасына алғысын білдірді. Жолдаудың кең тыныстылығын, талдау тереңділігімен ерекшеленетіндігін айтып, азаматтық сек­тордың бұл Жолдауға өз үнін қосатындығын жеткізді. Міне, осын­дай тұста елімізге басты қажеттіліктердің бірі беделді де мығым көшбасшы болып табылатындығын, ал ондай көшбасшы­ның бар екендігін айтты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бер­дібек Сапарбаев Елбасының қамқор­лығының нәтижесінде “Жол картасының” өткен жылы сәтті жүзеге асқандығын, осы­ның арқасында елімізде көптеген мектептер мен ауыл жол­дарының, басқа да мәдени-әлеуметтік мәні бар нысан­дардың жөндеуден өткізілгендігін жет­кізді. Елбасы халықтың жағдайын үнемі қамқорлықпен ойлап отыратындығына, соның бірі инфляцияны тежеу жөніндегі міндеттің де жүзеге асқандығына тоқ­талды. – Біздің облыста индустриялық-инновациялық бағытта 30 жоба енгізілген. Оны орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бүгінгі күні біз Сізге осынау дағдарыс тұсында халық жағдайының төмендеуіне жол бермегендігіміз үшін сол халықтың өзі алғыс білдіретіндігін жеткіз­бекпін. 50-60 жыл бойы жөндеу көрмеген мектептер мен жолдардың қайта жаңғыр­ғандығы үшін халық Сізге алғысын біл­діріп жатыр, – деді әкім Елбасына қарата. “Атамекен” кәсіпкерлер одағы ұлттық палатасының басшысы Азат Перуашев өткен жылы жүзеге асқан “Жол картасы” бағдар­ламасының енді еліміздің 2020 жыл­ға дейінгі даму стратегиясының ая­сында тұрақты үрдіске айналғандығын кә­сіпкерлердің қуанышпен қабылдай­тын­дығын айтты. Жиынды Елбасы қорытындылады. – Осы отырыста айтылған пікірлер мен ескертпелерді есепке ала отырып, Прем­ьер-Министрге ертең Үкімет отырысында Жол­дауды жүзеге асырудың Жалпыұлттық жос­парын қарап, еліміздің дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру шара­ла­рын бекітуді тапсырамын, деді Елбасы өз сөзінде. Онжылдыққа алға қойылған тапсыр­ма­ны тиімді жүзеге асыру үшін кезекті­лікті, нақты бағыттар мен аралық көр­сеткіштерді айқындау қажет. Осыған орай барлық бағдарламалық құжаттар мен нормативтік актілерді біріз­дендіру керек. Әрбір министрліктің, агент­тіктің, әрбір әкімдіктің, ұлттық холдингтер мен ком­па­ниялардың сәйкес жобалары болғаны жөн. Бүтіндей алғанда Үкімет барлық жүзе­ге асырылатын жобаларды үйлестіре оты­рып, жағымды макроэкономикалық ахуал­ды қамтамасыз етуі, жүйелілік мә­селелерді шешуі тиіс. Бұл ретте қажетті заң жобаларын қабылдау мен қамтамасыз етуге басымдықтар берілгені дұрыс. Сөйтіп, Үкімет 2020 жылға дейінгі стра­тегиялық жоспарды жүзеге асыру жөнінде бірыңғай басқару орталығына (штабына) айналуы тиіс. Елбасы әкімдіктерге де тиісті тапсыр­малар берді. Олар өз кезегінде стратегия­ны жүзеге асырудың өңірлік орталық­тарын басқаруы керек. Осыған орай әрбір өңір, қала мен аудан бойынша страте­гияны жүзеге асырудың нақты жоспар­ла­рын әзірлеп, бекіту міндеті алға қойылады. Ендігі кезекте әкімдердің жұмыс көр­сет­кіштерін бағалауда еңбек өнімділігінің артуы мен тартылатын тікелей инвес­ти­ция­­лардың көлемі, шикізаттың емес, экс­порт көлемінің артуы мен инновациялық белсенді кәсіп­орындар үлесінің көбеюі, жоғары өнімді жаңа жұмыс орындары санының артуы есепке алынатын болады. Елбасы осылай дей келе, “Нұр Отан” пар­тиясы алдында тұрған Жолдауға қатысты қазіргі таңдағы басты міндеттерді айқындады. Бірінші міндет – Жолдау мен 2020 стра­те­гиясы жөніндегі ақпараттық-на­си­хат­тық жұмыстарды басқару, Жолдаудың негізгі басымдықтарын әрбір қазақстан­дыққа жеткізу. Екінші. Стратегияны жүзеге асыру жо­лында халықтың барлық топтарын жұмыл­дыру. Өйткені, жалпы табыс – бұл әрбір азаматтың ортақ іске қосатын үлесі. Үшінші. Барлық саяси партиялармен, үкі­меттік емес ұйымдармен, бұқаралық ақ­парат құралдарымен бірлесе отырып, жұмыс жүр­гізудің, қоғамды ортақ мақ­сатқа жұмылды­рудың жолдарын қарас­тыру керек. Еліміз дамуының тиімді жол­дарын бірлесіп іздестіру мен ұлттық бірлік – бұл ортақ табыстың кепілі. Төртінші. Парламентте стратегияны даму тұрғысындағы маңызды заң жоба­ларын қарауды белсенді ету жөнінде атқаратын іс­тер­ді, әсіресе, оған тапсы­рылатын құжат­тардың сапалы болу мәселесін ойластыратын уақыт келді. Бесінші. Парламенттегі “Нұр Отан” фракциясымен, мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, бөлінген қаржылардың жұмсалуына, берілген тапсырмалардың орындалуына партиялық бақылауды жолға қою керек. Алтыншы. Партияның бастауыш ұй­ымдарындағы жұмыс тиімділігін арттыру керек. Партия еліміздегі, әр өңірдегі жұмыстардың барысы туралы шынайы ақпараттың көзіне айналуы тиіс. Жетінші. “Жас Отан” жастар қанаты­мен жұмысты күшейту керек. Мемлекет­тік қызметке және шаруашылық жұмыс­тардың басшылығына жоғарылату үшін олардың арасында неғұрлым белсенді мүшелерден партияның әрекет үстіндегі резервін қалыптастырған жөн. Елбасы осылай дей келе, қойылып отырған тапсырмалардың маңыздылығын ескере отырып, партияның алдына алдағы он жылдыққа арналған жаңа бағдар­ла­масы қажет болатынын ескертті. – Біздің бағдарымыз белгілі. Алды­мызға онжылдық дамудың бағдарламасы мен оның нақты бағыттары қойылған. Осыған байланысты біз қай істің қашан, қай жерде және қалай атқары­латынын толық білеміз. Ең бастысы, біз атқаратын әрбір шара қаржылай қамтамасыз етіледі. Сондықтан, енді біздің бар күш-жі­геріміз осы бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталуы керек. Бұл істе “Нұр Отан” партиясы аса бел­сенділік танытуы қажет. Еліміздің же­текші саяси партиясы бүкіл партия мүше­лерін жұмылдырып, Жолдаудың мәні мен маңы­зын қоғамға жеткізуі тиіс. Халыққа түсіндіру ісіне жергілікті мәслихаттарды да кеңінен тарт­қан жөн. Сонымен қатар партия Жол­даудың орындалу барысын да қадағалап, оны қатаң бақылауға алуы тиіс. Осы міндеттерді жүзеге асыруда сіз­дерге табыс тілеймін, деп аяқтады Елбасы өзінің сөзін. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. ҚАЗАҚСТАН – 2020. БОЛАШАҚҚА БІРГЕ БАРАМЫЗ Кәрім МӘСІМОВ, Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі. Елбасының Қазақстан халқына өзінің жыл сайынғы Жолдауын ар­найтын күн әрқашан да еліміздің қо­ғамдық өмірінде басты оқиға бо­лып табылады. Бұл – жаңа кезең бас­тауы. Бұл – жаңа жоспарлар. Бұл – жаңа міндеттер. Бұл – жаңа үміт­тер. Бұл – жаңа жетістіктерге ұмтылыс. Бүгінгі Жолдаудың маңызы ер­ек­ше. Олай дейтініміз, Елбасымыз бізге жаһандық эконо­ми­калық және саяси ықпалдардың қайта бөлісі мен та­рихи кезеңдер алмасуының күрделі бір сәтінде Қа­зақстанның 10 жыл­дық даму бағдарламасын ұсынды. Ол бізге экономикалық және өр­кениеттік қиындықтарға төтеп беретін, нақты қадаммен алға апаратын ба­ғытты белгілеп берді. Тек үдемелі индустрияландыру мен инновация, еңбек өнімділігінің еселене өсуі ғана Қазақстанның дағдарыстан кейінгі жаңа әлемде ұтымды әрі берік позицияны ием­денуге мүмкіндік беретінін Елба­сы­мыз дәлелді түрде айқындап берді. Бұл – жеңіс стратегиясы! Баршамыздың Елбасы Жол­дауы­ның әсерінде отырғанымыз хақ. Жолдаудағы әрбір сөйлем мен ондағы әрбір тапсырманы Үкімет пен “Нұр Отан” партиясы бас­шы­лыққа ала отырып, жүзеге асырады. Өйткені, президенттік 2020 бағдар­ламасы – бұл болашақ Қазақстан. Біздің ортақ келешегіміз – қуатты мемлекет, орнықты және дамыған экономика, молшылық, саяси тұрақтылық пен келісім. Жаһандық экономикалық дағ­дарыс әкелген қатерлер мен сын-тегеуріндер ел экономикасын ре­фор­малауды, ұлттық қауіпсіздікті және мемлекеттің тұрақтылығын ны­ғайту жолындағы жедел шара­лар­ды талап етті. Дәл осы шаралар­ды бізге бүгін Елбасымыз да ұсынды. Бүгінгі Жолдаудан әрбір қазақ­стандық тек өзіне ғана бағышталған әкелік қолдау мен қамқорлық сөздерді естіді деп ойлаймын. Әрбір қазақстандық елдің дағ­дарыстан кейін нәтижелі қалпына келетініне және өзінің жеке әл-ауқаты мен игілігінің өсе­тініне се­німді, өйткені, біздің Президентіміз – сөз бен істің бірлігінің адамы. Сондықтан біз бүгін ел эконо­микасы үшін өте қиын жағдайдың өзіне қармастан, “Дағдарыспен күрес стратегиясының”, “Жол кар­та­сының”, “100 мектеп, 100 ауру­хана” бағдарламаларының нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Мұның өзі Президенттің әр­дайым ха­лықпен бірге екенін, халыққа және әрбірімізге деген үлкен қамқорлығын көрсетеді. Бүгінгі Жолдау – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл ха­лықтың, әрбір отбасының, әрбір адам­ның әл-ауқатын одан әрі кө­те­руге бағытталған сарабдал жоспары. Қазіргі таңда Қазақстан сенімді нық қадаммен, елеулі даму әле­уетімен жаңа онжылдыққа, жаңа болашаққа бет алды. Бұл – қазақстандық көшбасшы­лыққа қадам басу. Тәуелсіздік алған 18 жылдың ішінде елі­міз экономика мен мем­лекеттік құрылыста әлем таңға­латындай нәтижелерге қол жеткізді. Табысты барыстың қуатты серпілісімен салыс­тыра отырып, бүкіл әлем “қазақ­стан­дық ғажайып” туралы тамсана айта бастады. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевсыз осынау “қа­зақстандық ғажай­ып­қа” қол жеткізу мүмкін еместігін мойындау қажет. Біздің Елбасымыз тарихи қысқа мерзім ішінде күрделі экономи­калық және ішкі саяси жағдайда қираған империя сынық­тарынан қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырып, тәуелсіз әрі қуатты мемлекет құрды. Ол өзінің айналасына Қазақ­стан халқын біріктіре отырып, оның еркін демокра­тиялық елдер­де­гідей гүлден­ген болашаққа деген сенімін арт­тырды. Ол әлемде “Назарбаев моделі” ретінде танымал бірегей әлеуметтік-экономикалық модель құрып, жүзеге асырды. Міне, дәл осы модель Қазақстанның үдемелі дамуының локомотиві болды. “Назарбаев моделінің” арқа­сын­да Қазақстан әлемдік дағдарыс­тың соққысына төтеп беріп қана қоймай, экономикалық өсуді сақтап қалған әлемдегі аз ғана мемлекет­тердің қатарында. Жаһандық және өңірлік гео­саяси сын-тегеу­ріндермен бірге жү­ретін қаржы-экономикалық дағда­рыс әлемде қайта құру үдерісін іске қосты. Бұл қа­терлер мен сын-тегеуріндер еліміздің эконо­ми­касын ре­формалауға, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен тұ­рақтылығын нығайтуға бағытталған жедел әрі шешуші шараларды талап етеді. Бүгінгі таңда бүкіл әлем дамудың жаңа басымдықтары мен мақсат­тарын іздеу үстінде. Өзгеріп отырған әлеммен бірге Қазақстан да өзге­ретін болады. Ең бастысы, біз бұған дайынбыз. Әлем­нің бүкіл елі төзім­ділікке сыналып жатқан уа­қытта, ал әлемдік қоғамдастық жаңа жа­һандық про­блемаларды шешу ал­дында тұрған кезде көшбас­шылары ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, тиімді экономикалық шешім таба алған, әлемдік державалардың жаһан­дық бәсеке­лестігінде өз хал­қының мүддесін қорғай білген елдер ғана дағдарыстан қуатты болып шығады. Әлем тарихи парадоксты бай­қауда – жаһандану кезеңінде мем­лекет дамуында көрнекті көшбас­шы­ның рөлі тұрақты өседі. Және ұлттық көшбас­шы­ның бо­луы кө­бі­несе мемлекеттің табысты болуы­ның шешуші шартына айналады. Бізде мұндай көшбасшымыз бар, олай болса, біздің болашағымыз айқын. Жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа тари­хы Тұң­ғыш Президен­ті­міз­бен тығыз бай­ланысты. Көп­этносты Қазақстан халқы елдің бар­лық жеңістері мен жетістік­те­ріне Нұр­сұлтан Назарбаевтың арқасында жеткенін бірауыздан мойындайды әрі өз Прези­дентіне кәміл сенеді. Экономикамыз тұралап қалған ең қиын уақытта да Нұрсұлтан Әбішұлы күрделі міндеттерді қолына алып, халыққа берген уәдесін әрдайым орындап келеді. Сөздері мен ісінде ешқашан алшақтық болған емес. Халықтың мұң-мұқтажын түсі­ніп, ел басқаруда оған сенген адам­дарға әрдайым қамқорлықпен қарайды. Әрбір президенттік сайлау Қа­зақстан халқының өз көшбас­шысына деген жоғарғы сенімінің айқын айғағы болды. Себебі, біздің әрбір қол жет­кізген табысымыз, әл-ауқа­тымыздың артуы мен көркею жолындағы әрбір қадамымыз – бұл біздің Президен­тіміздің кемеңгер саясатының, қажымас еңбегі мен халық мүддесіне берілгендігінің нәтижесі. Ұлт пен Көшбасшының мұндай бірлігі – тарих беттерінде әлі талай беделді орын алатыны сөзсіз. Бүгінгі Жолдау жетістігімізді сақтап, оны одан әрі нығайтуға, келе­шек ұрпаққа ұлы әрі қуатты мемлекет қалдыруға мүмкінді­гіміздің бар екенін тағы да дәлелдеп берді. Бұл – аса үлкен міндет. Бұл міндетті тек Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың шеше алатындығын білемін.