30 Қаңтар, 2010

ЖОЛДАУҒА ЖЕДЕЛ ҮНҚОСУ

1278 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Орал МҰХАМЕДЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, “Нұр Отан” ХДП фракциясының жетекшісі: — Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назар­баев ха­лық­қа арнаған би­ылғы Жол­дауын­да елімізді индустриялық дамыту жол­дары мен тетіктерін нақты айқын­дап берді. Екіншіден, өмір сүру сапасын арттыру, денсау­лық сақтау мен білім беру салаларын дамыту және құқық қорғау ор­ган­дарын қоғамдық бақы­лау мәселесіне жіті көңіл бөлді. Со­ның ішінде құқық қорғау саласын реформалау керек дегенді ескерте кетті. Бұл мәселелерді бірге шешуіміз керек. Жолдауда сондай-ақ “Нұр Отан” ХДП-ның қоғамдағы рөліне ерекше мән берілді. Менің ойымша, Пре­зи­денттің экономиканы әрі қарай да­мы­ту, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеру және  демо­кратияны жетілдіру бағытын қолдауда барлық саяси күштерді еліміздегі алдыңғы қатарлы пар­тияның айналасына топтас­ты­руға болады. Оның үстіне біздің арамызда еш­қандай түйткілді мәселелер жоқ, біз бір-бірімізді кез кел­ген мәселеде жақсы тү­сі­неміз, сондықтан Пре­зи­дент Жолдауындағы оңтай­лы мәселе­лерде түйісу нүктесін та­буы­мызға мүмкіндік бар. Менің пайы­мым­­ша, кез келген мәселені үстел ба­сын­да отырып-ақ шешіп тастауға болады. Парламенттің ең басты шешетін мәселесі және мүддесі заң шығару болғандықтан Жолдауда көтерілген мәселелерді заңдық негіздеу және құ­қықтық базасын жасау басты мін­детіміз. Жақында фракция жиы­нында мен бұл туралы айтқанмын, Жо­л­даудан кейін бірқатар заң жоба­лары түседі деп. Енді сол заңдық құ­жат­тар­ды жедел әрі сапалы етіп қа­былдау біз­дің басты міндетіміз болып табылады. Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры: — Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Президентінің ха­лыққа Жолдауы қоғамдық үдерістердің, сонымен қатар құқықтық саланың да серпінді дамуын қамтама­сыз ететін маңызды бағ­дар­ламалық құжат болып табылады. Елбасы биылғы Жолдауында әлеу­меттік саладағы азаматтардың құ­қық­тарын қорғау, кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау, тұрғын үй шаруа­шылығын реформалау, халықара­лық ынтымақтастық және басқа­ла­рына ерекше назар аудара отырып, алдағы онжылдыққа арналған нақ­ты мақсаттарды анықтап берді. Мемлекет басшысы еліміздің құ­қық қорғау жүйесін реформалау қажеттілігіне ерекше тоқталды. Осы саладағы кейбір кемшіліктерді айта отырып, алдағы реформаның бір­не­ше жалпы бағыттарын бөліп көр­сет­ті. Ең алдымен, барлық құқық қорғау жүйесінде оңтайлан­дыру жүргізіледі, әрбір мем­лекеттік органның құзыреті бөлініп, нақты анықталады. Және заңдардың сапасын одан әрі жетілдіру, ізгілен­діру қамтамасыз етіледі. Азаматтардың және қоғамның сенімі – құқық қорғау органдары қызметін бағалаудың көрсеткішіне айналатын болады. Жолдаудың маңызды қырлары­ның бірі жоғары халықаралық стандарттарға сай жаңа құқық қорғау жүйесінің қажеттілігі болып табылады. Осыған орай, Президент барлық мүдделі мемлекеттік орган­дарға құқықтық кеңістікті жетілдіру бойынша кешенді жұмысқа кірісуді және осы жылы Парламентке құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша заң жобасын енгізуді тапсырды. Ерлан НЫҒМАТУЛИН, Парламент Мәжілісінің депутаты: — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің биылғы халыққа Жол­дауында еліміздің жаңа кезеңдегі дамуына қатысты соны бағыт-бағ­дарларды айқындап берді. Бұл бірінші кезекте Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Страте­гия­сына байланысты. Яғни, бұл Жол­дауда еліміздің 2020 жылға дейінгі дамып-өркендеуіне ба­ғытталған стратегиялық жоба-жоспарлары белгіленді. Бір атап өтерлігі, Қазақстанның таяу 10 жылдағы жан-жақты дамуы көз­делген бұл стратегияның тәжі­ри­белік сипаты айрықша. Се­бе­бі, онда еліміздің өз ішіндегі өзек­ті мәселелер ғана емес, әлемдік ауқымдағы мә­се­лелер де ап-айқын көрініс тапқан. Яғни, Президенттің Жолдауындағы жақын 10 жылға жоспарланған стра­те­гияда  дүниежүзілік жә­не өз мемлекетімізде кез­десетін мәселелер жақсы көрсетілді деп айтсақ бо­ла­ды. Сондай-ақ, бұл бағ­дарлама жаңа заманға сай үдемелі, тә­жірибелік сипатқа ие болған­дық­тан, онда көп тармақты, сан-са­ла­лы мәселелерді дамыту белгіленген. Мәселен, онда тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашы­лы­ғын дамытудан бастап, еліміздің сыртқы саясатын нығайтуға қатыс­ты мәселелер бар. Демек, еліміздің 2020 жылға дейінгі даму кезеңдері белгіленген бұл стра­тегияны “Қазақстанның бола­шақ­тағы даму картасы” деп атасақ та болады. Тағы бір атап өтерлігі, Елба­сы­ның биылғы Жолдауында елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуде мем­лекеттің үлкен қолдау көрсе­те­тіндігі де айтылды. Мәселен, осы күнге дейін бюджет саласы қыз­меткерлерінің жалақысын көтеру биылғы жылдың 1 шілдесіне жос­пар­ланып келсе, Мемлекет бас­шы­сы өз Жолдауында бұл шара 1 сәуірде жүзеге асатынын айтты. Бұл Қазақстанның экономикасының тұрақты дамуға бет алғандығын, еліміздің әлемдік экономикалық дағдарыстан тиімді жолмен шығып келе жатқандығын көрсетеді. Ал бұл өз кезегінде әлеуметтік салаға ай­рықша көңіл бөлуге игі  ықпал ететін болады.  Мәселен, Мемлекет бас­шы­сы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына қатысты жақсы ойлар айтты. Бұл – аға буын өкілдеріне, ардагерлерге деген үлкен құрмет. Менің ойымша, бұл Жолдау, онда айтылған ойлар мен көтеріл­ген бастамалар әрбір қазақ­стан­дықтың жүрегіне жетеді деп сене­мін. Себебі, биылғы Жолдау Қа­зақ­станның жақын болашақтағы дамуына жан-жақты бағыт-бағдар береді. Бақыт СҰЛТАНОВ, Экономика және бюджеттік  жоспарлау министрі: – Мемлекет басшысының Жол­дауында ай­тылған мәселе­лер­дің барлығының мемлекет үшін маңызы айрықша. Ал бұл мәсе­лелер тек жұмыла жұмыс атқарған кезде, сондай-ақ жаңа заманға сай қадамдарға барған кезде  ғана өзінің игі нәтижесін береді. Енді біздің алдымызда арнайы эконо­микалық аймақтарға, жаңа индустриялық саясатқа, жаңа инновациялық жүйені бекітуге қатысты бірқатар өзекті мәселе­лерді шешуіміз қажет. Мәселен, Елбасының агро­өнер­кәсіп­тік кешенді, өндірістік еңбекті  дамыту, елдің экспорт­тық әлеуетін арттыру, мемлекет эко­номикасын дағдарыстан кейін­гі кезеңге дайындау, елдегі банк секторларын қайта жандан­дыру секілді мәселелердің әр­қай­сысы Қазақстанды алға сүйреу мақсатында көтеріліп жатқан игі шаралар. Биылғы Жолдауда сон­дай-ақ, индустриялық-иннова­ция­лық даму мәселесіне қатысты айтқан ойлары да көптің көңі­лінен шықты деп ойлаймын. Бұл ретте біз Президент атап көр­сеткен Қа­зақстанның “Индустриялық ірі мемлекетке” айналуы жолында аян­бай қызмет етуіміз қажет. Яғни, әр азаматтың ел эконо­микасын көтеру үшін мемле­кеттік мүддесі болуы керек. Бұл – тек Президенттің ғана емес, әр қазақстандықтың жұмысы. Григорий МАРЧЕНКО, Ұлттық банк төрағасы: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың биылғы Жолдауында еліміздің қаржы секторы мен жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы тұжырымдамалар тетіктері көрініс тапқан. Қаржы саласындағы қазіргі көпшілік назарын аудартып отырған мәселе зейнетақы қорларын­дағы жинақталған қаржы. Оның сақталуына, еселенуіне әрқайсымыз жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазіргі таңда жинақтаушы зейнетақы қорларында шамамен 12,5 миллиард АҚШ долларындай қаржы жинақталыпты. Әрине бұл қаржы көзі еліміздің экономикасына жұмыс істеуі қажет.  Осыған сәйкес барлық тетіктер міндетті түрде жан-жақты талқылаудан өткені жөн. Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте осы мәселелер кеңінен талқыға салынды да. Алайда ешқандай шешім қабылдана қоймағандықтан, әзірге бірдеңе айту қиын. Тек тетіктерін пысықтап алғаннан кейін ғана пікір айтуға болар. Теңгенің айырбас бағамына байланысты алыпсатарлық жағдайлар орын алғаны белгілі. Теңгенің 25 пайызға девальвациялануы, осы мөлшерде тауарлар бағасының өсуіне алып келеді деген жаңсақ пікірлер де айтылмай қалған жоқ. Қазір сол сөздерді таратқандарды табу қиын. Әзірге ешқандай өзгерістер байқалып отырған жоқ. Өткен жылғы теңгенің девальвациясы Ресейдегі (50 пайыз) және Украинадағы (50 пайыз) өндірістік кәсіпорындардың құлдырауына байланысты орын алды. Ал еліміздегі өндірістік кәсіпорындар өнімінің төмендеуі бір ай ішінде 18 пайызға жетті. Долларға телінген ресейлік және украиналық арзан импортпен бәсекелесу үшін осындай қадамға баруымызға тура келді. Сондықтан мұны қабылдамаса болмайтын шара деп қабылдаған жөн. Әділ АХМЕТОВ,  Парламент Сенатының депутаты: – Елбасымыз бұл Жолдауында басқа мәселелермен қатар, білім саласына да қатысты келелі ойлар айтты. Солардың бірі – Астанада ашылатын халықаралық универ­ситетке қойылатын талаптар. Мәселен, Мемлекет басшысы қазіргі кезде елімізде жұмыс істейтін университеттердің заман талабына сай білім беріп жатпағанын баса айтты. Егер еліміздегі университеттер өздерінің жұмысын жақсартпаса, ондай университеттер кімге керек дегенді алға тартты. Менің ойымша, Елбасының Жолдауында білім саласына қатысты үлкен сын айтылды. Мемлекет басшысы Жолдауда, сондай-ақ еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мүдденің аса қажеттігін атады. Президентіміз бұл Жолдауында Қа­зақ­станның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағдарламасын жан-жақты ашып көрсетті. Бағдарлама еліміздің дамуының барлық саласын – білім беру, өндіріс, экономика, денсаулық сақтау, туризм, ішкі және сыртқы саясат, тағы басқа да салаларды қамтыды. Сондықтан да бұл құжат еліміздің бүгінгі және болашақтағы дамуына арналған құжат болып табылады. Мақсұт НӘРІКБАЕВ, “Әділет” партиясының төрағасы: – Биылғы Жолдауда елдегі партиялардың қызметін жетілдіру, ширату жөнінде жақсы ой айтылды. Яғни, Президент партияаралық кеңеске барлық партиялардың тартылуы қажеттігін айрықша атап өтті. Соңғы уақытта біздің партияның көтерген бастамалары жақсы қолдау тауып келе жатқандығын атап айтқым келеді. Мәселен, жақында “Әділет” партиясы өзінің саяси тұғырнамасын жария етті. Әрине, мен біздің көтерген бастамаларымыз бен ұсынған ұсы­ныс­тарымыз тегістей қолдау табуы қажет деген ойдан аулақпын, бірақ олар өз деңгейінде ескерілуімен маңызды. Сол себепті, мен Мемлекет басшысының елдегі барлық саяси партиялар бірігуі керек деген сөзін қолдаймын. Яғни, партия өкілдері бір жерде бас қосып, өз ой-пікірлерін ашық айтуы қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарын қайта реформалау жөнінде айтқан ой-пікірлері де маңызды дер едім. Десек те, менің ойымша, бүгінде тек құқық қорғау органдарына ғана емес, сот жүйесіне де қайта реформа жүргізу қажет секілді. Мұрат ЖҰРЫНОВ,  Қазақстан Республикасы Ұлттық  ғылым академиясының президенті: – Мемлекет басшысының биылғы жылғы Жолдауында еліміздегі жоғары білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Ал бұл мәселелер экономикамен біте қайнаса отырып жандауны қажет. Әрине, білім-ғылымды дамытпай, елді алға сүйреу мүмкін емес деген пікірлер бұрыннан айтылып келеді және ол барлығына белгілі. Бірақ та бұл пікірлер нақтылы бағыттар болмағаннан кейін іс жүзіне аспай қалатын. Ал биылғы Жолдауда аталған саланы дамытудың нақтылы даму жолдары белгіленіп, бағыттары айқындалды. Мәселен, бұл мұнай-химия саласына қатысты дер едік. Егер бұрын біз мұнайдың қызығын тек шикізат түрінде ғана көріп келсек, Мемлекет басшысы бұдан былай мұнайды өңдеп, оны өнім ретінде пайдалану жағына айрықша маңыз беру қажеттігін атап өтті. Себебі, бұл мұнайдың құнын екі есе арттырып қана қоймай, экспорт әлеуетінің күшеюіне, сол арқылы мемлекет бюджетіне түсетін қаржының еселенуіне ықпал ететін болады. Сондай-ақ, Жолдауда айтылған металлургия, ауыл ша­руашылығы салаларын дамытуға байланысты ойларды да айрықша атап өтуге болады. Себебі, Қазақстан – үлкен тер­риторияны алып жатқан ел. Бұл ретте, ауыл ша­руашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы салалары да жа­ңа ғылыми жетістіктер негізінде жедел дамып отыруы қа­жет. Жолдаудағы жаңа ақпараттық технологияларды да­мыту жөніндегі пікірлер де көңілімнен шықты. Себебі, жа­ңа заманға сай ақпараттық технология қоғамның дамуына сеп болады деп ойлаймын. Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Павлодар облысының әкімі: – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының бүкіл қазақстандықтар үшін зор маңызы бар. Әсіресе, өндірісі мен өнеркәсібі дамыған Павлодар облысы үшін ерекше маңызды. Жолдауда аталған “ГРЭС-2-нің” үшінші блогы жобасының құны 800 миллион доллар тұрады. Бұл жоба тек Павлодар облысы ғана емес, бүкіл еліміз үшін мәні зор жоба болып табылады. Өйткені, келешекте өндіріс орындары көптеп ашылып, электр энергиясына деген сұраныс еселеп артатыны белгілі. Биыл үшінші блоктың құрылысы басталады. Сонымен бірге, осы жылы “Қазақмыс” корпорациясы тағы бір кен орнын ашқалы отыр. Оның құны 2 миллиард доллардан асады. Сонда бір жылдың ішінде біздің облыс, басқаларды қоспағанда, осы екі жоба бойынша 3 миллиард доллардың инвестициясын тартады. Мемлекет басшысы Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Соған байланысты 2020 жылға дейінгі “Жол картасы” бағдарламасын екшеп берді. Менің ойымша, өткен жылдардағы әлеуметтік мәселелерге арналған “Жол картасы” қандай қуат берсе, бизнесті дамытуға бағытталған осы “Жол картасы” да сондай деңгейде жүзеге асатын болады. Облыстар мен қала басшыларына Елбасы нақты тапсырмалар берді. Оны орындауға тиіспіз. Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы: – Жолдауда саяси мәселелер көтерілген жоқ деген пікірмен мен өзім келіспеймін. Ондағы көтерілген мәселелердің барлығы да саясатпен тығыз байланысты. Экономикалық саясат жүргізу, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру, елдің құқықтық қоғамда өмір сүруі мен еркінің қорғалуы барлығы да саясатқа барып тіреледі. Осының барлығы қалай жүзеге асырылары Жолдауда мейлінше нақты әрі бағдарлы көрсетіліп отыр. Саясат дегеніміз қаржыға және нақты мемлекеттік бағдарламаға негізделіп мемлекет тарапынан жасалатын шаралар. Осы шаралардың барлығы да Жолдауда нақты айтылды. Халықаралық мәселеге тоқтар болсам, биылға жоспарланып отырған мемлекет басшыларының саммитін өткізу еліміз үшін үлкен абыройлы іс болмақ. Он жылдан бері қарай ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кездескен жоқ. Аталған Ұйым кеңістігінде немесе өзге де аймақтарда орын алған проблемалар көптен бері жіті талқыланбағаны белгілі. Қазақстан енді осы саммитті өткізу туралы бастамашы болып отыр. Құқық қорғау органдарын реформалау деген мәселенің айтылуы мен үшін үлкен жаңалық болды. Сондай-ақ жоғары білімге жоғары сапа берудің көтерілуі де өзіндік маңызы бар мәселе екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Соның бедерінде үлкен университеттер ашу деген сөз көңіл қуантады. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақты ел тіршілігіне қатынастыру да аса маңызды іс. Міне, Жолдаудың басты маңызы да осында жатыр. Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Елбасының жыл сайынғы Жолдауын бүкіл Қазақстан халқының күткені шындық. Неге десеңіз, ол елдің бүгінгі даму барысын байыптап, ертеңгі болашағына бағдар береді. Биылғы Жолдаудан алған әсерім – ол өте мағыналы болды. Мысалы, бизнесті көтеруге бағытталған “Жол картасын” қолға алу жөнінде Үкіметке тапсырма берілгенін осы құжат арқылы бүкіл халықтың білуі өте маңызды. Өйткені, отандастарымыз былтырғы “Жол картасы” арқылы қаншама жұмыс атқарылғанын көзімен көрді. Оның игілігін сезіп те жатыр. Мәселен, көп жұрт осы бағдарлама аясында жұмыс тапты. Республикадағы біраз нысанның пайдалануға берілгенінің куәсі болды. Сол себептен де қалың көпшілік қарапайым адамның көңілін дөп басқан бағдарламаның аясына ұйысты. Елбасының биылғы Жолдауда айтқан жаңа “Жол картасына” да жұрттың солай қарап, жүкті жұмыла көтеретініне сенемін. Тағы бір көпшілік көкейінде жүрген проблема – ол мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне арналған мекемелердің аздығы болатын. Жолдауда осы мәселеге ерекше мән беріліп, арнайы “Балапан” бағдарламасы қолға алынатындығы айтылды. Бұл – тың үрдіс. Сосын осы жолғы құжатта бюджетке қарасты мекемелерде жұмыс істейтін адамдардың жалақыларының 25 пайызға көтерілетіні және оның бұрынғыдай жылдың екінші жартысында емес, сәуір айында-ақ жүзеге асатыны өте қуанышты жәйт. Сатыбалды ИБРАГИМОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Жолдау көпшілік көкейіндегі көп мәселені қозғады. Маған, әсіресе, Елба­сының білім беру саласына байланысты  айтқандары өте ұнады. Мектеп бітірушілер мен жоғары оқу орындарын аяқтаған жастардың барлығы бірдей саналы, салиқалы ма? Жоқ, олай деп айта алмаймыз. Сондықтан, бұл салаға енгізілетін өзгерістер біздің заман көшінен артта қалып қоймауымыз үшін аса қажет. Жаңа технологияларға негізделген заманауи даму үлгілерінен Қазақстан жастары қалыс қалмауы тиіс. Қалмау үшін білім керек. Ал оған қол жеткізу үшін осы салаға жасалатын реформаны кешіктірмеуміз қажет. Жолдауда жергілікті жердегі билікке, әкімдерге зор міндеттер жүктелді. Қазір біз Кедендік одаққа кірдік. Ресейді айтпай-ақ қояйық, Белоруссияда жеңіл және тамақ өнеркәсібі жақсы дамыған. Оларға біздің тауарларымыз бәсекелесе ала ма? Әсіресе, бұл – шекаралық аймақтарда жатқан облыстар үшін өте маңызды. Ал бәсекеде артта қалып жатса, ол тұтас елдің экономикасына кері әсер етпек. Бұл жерде жатпай-тұрмай еңбек ету керек. Біздің ұтылып қалмаудың қамын қарасты­руымыз ауадай қажет дүние. Болат ЖӘМІШЕВ, Қаржы министрі: – Қазақстан халқына Жолдауында Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев алдағы он жылға арналған міндеттерді айқындап берді. Менің пайымымша, ол міндеттер жүзеге асып, Қазақстанның жаңа деңгейдегі дамуына жол салады. Өз тарапымнан айтарым, Жолдауды мен мұқият саралап шықтым десем де болады. Ондағы көтерілген мәселелердің барлық қырлары маған түсінікті, өйткені олардың дені Үкіметте пысықталып, еліміздің жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, сондай-ақ Ұлттық қордың жаңа тұжырымдамасына байланыстырып жасалынған. Осыған орай алда тұрған міндеттер де қомақты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ерекше пәрмен беріліп отыр. Өйткені заң бойынша аталған банк бүгінгі таңда өз клиенттері атынан ипотекалық  рынокта белсенді әрекет ете алмай отыр. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының салынуына байланысты мәселе де айтылмай қалған жоқ. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттырары сөзсіз. Ол үшін еліміз заңнамаларын жетілдіру қажет, өйткені аталған жобадағы көптеген учаскелер бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан жоқ. Осы ретте бизнеске түсетін салмақтардың азаюын да ерекше атап өткім келеді. Олар міндетті түрде орындалады деп сенемін. Оразалы СӘБДЕН, Экономика институтының  директоры: – Биылғы Жолдауда Президент Нұрсұлтан Әбішұлының айқындап берген міндеттері экономикалық өсуге бағышталып отыр. Экономикамыз өсіп, табысымыз күшейсе, онда халықтың тұрмысы жақсарып, еліміздің әлеуеті артары белгілі. Осыдан алдымызда тұрған онжылдықта үлкен жоспар жасалып қойылғанын көруге болады. Одан кейін айтайын дегенім, біреу байқап, біреуі байқамауы мүмкін, негізгі басымдық өңірлерге берілді. Егер өңірлерді көтеретін болсақ,  онда экономикамыз айтарлықтай ілгері басады. Аймақ дегенде ең алдымен ауыл есімізге оралады. Ауыл – қаракөздеріміздің көптеп шоғырланған алтын бесігі. Міне, әңгіменің барлығы да ауыл айналасында болуы керек деп ойлаймын.  Менің осы мәселеде көңілім толғандығын айта кеткен жөн. Бюджеттік салада осы көктемнен бастап жалақы 25 пайыз көбейетін болды. Бұл өте құптарлық жаңалық. Тағы бір қуанышты жәйт, “Балапан” бағдарламасының жүзеге асуы. Онда мектепке дейінгі мекемелер мен оқыту, балабақша мәселелері түгелімен шешімін табуы тиіс делінді. Бөлінген қаржыға бақылау мен талап болуы керек.  Міне, осындай қадау-қадау мәселелер жария етілді. Нұрлығайым ЖОЛДАСБАЕВА, Парламент Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат  комитетінің  төрайымы: – Президенттің жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларының қай-қайсын алсаңыз да олар уақыт талабымен үндесіп жатады. Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі, оның алдағы онжылдық жоспарды айқындап беруінде. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стра­тегиясының онжылдығын қорытындылай отырып, Елбасы алдағы онжылдық ішіндегі міндеттерге де кеңінен тоқталып өтті. Егер өткен жылғы Жолдауға көз салатын болсақ, онда Президент әлемдік қаржы дағдарысынан шығатынымыз туралы нық сенім білдірді. Ал қазіргісінде қол жеткізген табыстарымызды еселеу міндеттері қойылып отырғандығын көреміз. Сондықтан біз жаңарған экономиканы, яғни Қазақстанның экономикалық өсімін көтеруге тиістіміз. Өзге өркениетті елдермен салыстырғанда елімізде еңбек өнімділігі өте төмен екендігіне көз жеткізуге болады. Олай болса еңбек өнімділігін арттыру инновациялар арқасында жүзеге асырылуы уақыт талабына сай. Осыған орай Үкімет елді индустрияландыру картасын жасаса, ол картада жаңа нысандардың орналасу тәртібі бекітіліп қойылған. Мәселен, биылға осындай 162 нысанның орналасу орны белгіленген.  Жалпы, еліміздің бесжылдық индустриялық даму бағдарламасы жасалып қойғаны белгілі. Осы бағдарламаға сәйкес алдағы бес жылда  жаңа мүмкіндіктерді екшеп, Жолдауды басшылыққа алып, экономиканы дамыта береміз. Азат Перуашев: “Атамекен” Одағының төрағасы: – Елбасы шағын және орта бизнесті қолдау, оның жұмыстарын жандандыратын орталықтар ашу жайына да біраз тоқталды. Бұған дейін ӘКК-лер аймақтық болып келсе, енді олардың нақты облыстарда жұмыс жасайтындығын айтты. Бұл кәсіпкерлік үшін өте маңызды қадам және осы бағытта бизнес өкілдері аянып қалмайтынына сенімдімін. Өз пайымым бойынша, биылғы Жолдау – шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіншіліктер ашатын, олардың әлеуетін көтеретін, жол көрсететін құжат. Ал өз кезегінде бизнес те мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті, қамқорлықты жете ұғынады, сондықтан кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі “Жол картасында” белгіленетін шараларды байсал­дылықпен атқарып, сенімді ақтайды деп ойлаймын. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды бағыт – өз өнім­дерімізді бәсекеге қабілетті етіп, шетелге экспортқа шығару. Қазір қай дүкенге кірсеңіз де ондағы сөрелер шетелдік өнімдерге сықап тұр. Тіпті азық-түлік сататын нүктелердегі тауарлардың 70 пайызынан астамы сырттан әкелінгендер. Ал біздің мақсатымыз – біріншіден, өзіміздің сапалы өнімдерімізбен азаматтарымызды қамтамасыз ету, екіншіден, тауарларымызды бәсекелестікке төтеп беретіндей етіп экспортқа шығару. Бұл істе оң нәтижеге жету экономикалық жетістігіміздің жақсы бір көрсеткіші болар еді. Және елімізді табысқа әкелудің де бір жолы осы деп ұғамын. Марат БӘШІМОВ, сарапшы, заң ғылымдарының докторы: – Қазір құқық қорғау органдарының алдында азамат жолдан тайса бір ғана мақсат – ол адамды түрмеге отырғызу тұрған тәрізді. Қылмыстық кодексте адамды темір торға тықпай-ақ жазалаудың баптары бар ғой. Бірақ олар қолданылмайды. Неге, мәселен, кінә­лілерді қоғамдық пайдалы еңбекке жұмыл­дырмасқа?! Өте ауыр қылмыстар болмаса, бұзақылық сияқты баппен сотталғандарды жазалаудың басқа бір балама жолдарын қарастыру керек. Мысалы, баласы бар әйелдерді түрмеге отырғызғаннан қоғам ұта ма? Анасыз қалған сәбилердің тәрбиесіне кім қарайды? Сарапшылар Жолдауда айтылған осы пікірді қолдайды. Мемлекет басшысының осы жүйе жұмысына қоғамдық бақылау жасау қажет деген ойы қолдауға тұратын өте жақсы мәселе. Президент Конституция бойынша азаматтардың құқығы тапталмауына кепілдік беріп, оның маңыздылығына шек келтіруге болмайтынын Жолдауда қозғағанына мен өте разымын. Бұл – адам құқығының тапталмауы үшін қажет реформа. Қазір қарасаңыз, түрлі қоғамдық бақылау ұйымдары бар, бірақ олардың жұмыстары ашық емес. Біз осыған қол жеткізуіміз керек. Қоғам мүшелері прокуратура, сот жүйесі, құқық қорғау саласына сын айтуға қорқады, сарапшылардың өзі жасқанады. Ал Елбасы айтқан реформа осындай көлеңкелі көріністердің орын алмауы үшін өте қажет. Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Мемлекет басшысының биылғы Жол­дау­ында елдің таяу болашақтағы даму бағыт­тарын айқындайтын басты-басты міндеттер белгі­лен­ген. Әсіресе, қазіргідей бәсекелестік за­ма­нын­да елді қарқынды индустрияландыру ісінің ма­ңызы өте зор. Өз өндірісі жоқ, тек шикі­зат­қа ғана қарап отырған мемлекеттердің көш соңында қалатынын уақыт әлдеқашан-ақ дәлелдеп берген. Сондықтан да әркез әріден ойлап, кең пішетін Елбасымыз Қазақстанды алға бастырудың айқын жолдарын дәп басып көрсетіп беріп отыр. Жолдауда әлеуметтік салаға да елеулі маңыз берілген. Орын алған қаржы дағдарысының салдарларына қарамастан зей­нетақылардың, жәрдемақылар мен еңбекақылардың өсетіндігі осы айтқанымызға дәлел. Сол сияқты банк секторы, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық салаларында да үлкен-үлкен жұмыстар жүзеге асырылмақшы. Бұрын облыс басқарған мені өңірлерді дамыту ісінің одан әрі жалғасатыны қуантады. Бұл жөнінде өңірлердің дамуы—елдің дамуы деп Елбасы өте орынды атап көрсетті. Ең бастысы, құнды құжатта көрсетілген міндеттер барша­мыз­дың алдымызға зор жауапкершіліктер жүктейді. Күш-жіге­рімізді аямай, жұмыла еңбек еткенде ғана тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қоса аламыз. Барша қазақстандықтар да осыны дұрыс ұғынуға тиіс. Тұрарбек АСАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” ХДП фракциясының мүшесі: – Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев “Жаңа  онжылдық –  жаңа эко­но­микалық өрлеу, Қазақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” атты Қазақстан халқына Жол­дауын  жария етті. Мемлекет басшысы еліміздің эконо­ми­ка­лық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету үшін Үкіметтің алдына көптеген міндеттер қойды. Ел экономикасын дамытудағы негізгі үш міндетті шешу керектігін айқындап берді. Біріншіден, кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың таза еңбек етуіне толық жағдай жасауды, екіншіден, қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керектігін айтса, үшіншіден, халықтың сенімін орнықтыратын құқықтық ортаны қалыптастыру қажет екенін мәлім етті. Осыған орай Елбасы Үкіметке 2011 жылы кәсіпкерлікті тіркеп, жүргізуге байланысты операциялық шығындарды 30 пайызға дейін қысқартуға, ал 2015 жылға қарай мұны тағы да 30 пайызға төмендетуді жүктей келіп, әрбір онжылдықта елдің ішкі жалпы өніміне шаққандағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 40 пайызға дейін арттыру қажеттігін айтты. Көптеген дамыған мемлекеттерде шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының негізгі үлесін құрайтыны анық. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан әлем елдері ішінде азаматтарымыздың кәсіпкерлікпен айналысуына ең қолайлы жағдай жасаған, заңдары ашық та өміршең 50 елдің қатарына енуі керектігін баса айтты. Тіпті осындай мүмкіндігі бар 30 елдің арасынан көріну міндетін қоюға да болатынын жасырмады. Бұл еліміздің алдағы он жылдағы межелі биіктерінің бірі болады деп есептеймін. Сонымен қатар, қоғамды жедел дамытуға құқықтық негіз жасайтын заңдар қабылдануы керек. Осы орайда Парламенттің алдына жедел қабылдануға тиісті заңдардың негізгі бағыттарын атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық аренада кеңінен танымал болып отыр. Биыл еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету миссиясын бастады. Бүгінгі Жолдауында Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ға төраға болуымыз біз үшін үлкен құрмет және адам тарихының ең қиын кезеңінде үлкен жауапкершілік жүктейтінін ерекше айтты. Қазір Қазақстанның осы төрағалық міндетіндегі “Сенімділік, дәстүр, ашықтық және төзімділік” ұраны әлем елдерінің саясаткерлері мен сарапшылары тарапынан жоғары бағасын алуда. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің түгелге жуығы Қазақстанның жоспарлары мен үстіміздегі жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу бастамасын қолдап отыр. Жас тәуелсіз еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін арттыру – барлық Қазақстан азаматтарының парызы. Ол үшін ел ішінде бірлікті сақтау, шетелге шыққанда мемлекетімізге кір келтірмеуіміз қажет. Елбасы өз сөзінде осындай ойларды да ортаға салды. Әлихан БАЙМЕНОВ, “Ақ жол” демократиялық партия­сының төрағасы: – Мемлекеттің ілгері қарай дамуы үшін біздің ішкі саясатымызда да сенім мен төзімділік және жариялылық қағидаттары жүзеге асырылуы керек. Биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қызметін бастады. Бұл Ұйымға төраға болған мемлекет өзге елдерге жақсы құндылықтарды насихаттау барысында өз елінің ішкі үрдістерін де ұмытпауы тиіс. Жалпылай алғанда, Мемлекет басшысының Жолдауынан үш мәселені бөле-жара атауға болады. Олар “Балапан” бағдарламасы, 2020 жылға дейінгі бизнесті дамытудың “Жол картасы”, үшіншісі – құқықтық реформа. Ал құқықтық реформада басты басымдық азаматтардың бостандығы мен еркіндігіне берілуі қажет. Яғни, мемлекеттің құқық қорғау жүйесі азаматтарды жазалау жүйесіне емес, оларды қорғайтын әділ сот жүйесіне айналуы керек. Жармахан ТҰЯҚБАЙ, “Азат” біріккен социал-демократиялық партиясының төрағасы: – Барлығымыз да ел үшін, мемлекет үшін, оның экономикалық, әлеуметтік жағынан өркендеуі үшін,  Мемлекет басшысы атап айтқан құндылық – Тәуелсіздік үшін қызмет етуіміз қажет. Яғни, бұл нені білдіреді? Бұл бейтарап алаңда барлық жақ тең, бірдей, жария түрде халық алдында өз есептерін беруі керек дегенді білдіреді. Мәселен, қазір саяси партиялар арасында белгілі бір деңгейде диалог жоқ. Бұл ретте біз өз тарапымыздан ұсыныстар жасағанбыз. Ал егер елдегі партиялар төрағалары, я болмаса, орынбасарлары жиналып, жоғары деңгейде диалог құрамыз десе, оған да біз қарсы емеспіз. Жолдауда ел Тәуелсіздігін нығайту жолында барлы­ғы­мыз табанды қызмет етуміз қажет деген жақсы ойлар ай­тыл­ды. Бұған ешкім қарсы емес. Егер, ел ішіндегі қандай да бір оппозиция билік тарапына қандай да бір көңілі тол­майтындығын жеткізсе, бұл мемлекет тәуелсіздігінің шай­қа­луы дегенді білдірмеуі керек. Ал тұтастай алғанда ел, мем­лекет жолында білек сыбанып, шынайы еңбек етуіміз ке­рек. Биылғы Жолдаудағы құқық қорғау органдарын қай­та реформалау қажет деген ұстанымды тек қолдаған жөн.