Мазардың кесегін жел мен күн жеп бітірген. Көктен тамшы тамбайтындықтан мұнда жердің таңдайы кеберсіп, сол маңның шөбі шілде түспей-ақ күйіп кетеді. Аспан айналып жерге түсетін ыстықтан су емес, топырақ қайнағандай. Ұстарға бұтасы жоқ сары далада нағыз оазис секілді Ақкөл жатыр айнадай боп. Басын Ұлытаудан алатын Жыланшық өзені тасыған жылдары ол да шалқиды, ал өзеннің арнасы толмаған жылдары көлдің суы да қаймақтанып қала береді.
Ахаңның өміріндей табиғаты аса қиын осы Ақкөлдің төңірегінде Ахметтің түп бабасы болатын Үмбетей батыр ұрпақтарының бірі Ибрагим Ағытаев та туып-өсті. Өзі соғыстың қайнап тұрған кезінде туды. Сәбиі бір айға толмастан анасы колхоздың өгізін бағуға жегіліпті. Ауылда ер-азамат қалмай бара жатыр, майданнан «қара қағаздар» келуді жиілеткен. Қайғы мен ауыр тірліктен шыңы шығып отырған абысынға өзгенің шаранасын бағу оңай ма? Бала жылай бергенде «туа сала бәрін жалмаған жалмауыз-ай!» деп кейіп қояды екен. Ана мен бала байғұс қашанғы жыласын, еңбек армиясына кеткен әкесі қолының жарамсыздығынан босап келіп, даланың аң-құсын атып, одан жылқы бағып, ілеске ілесіп кетеді.
Шынашақтай бала жарбиып әкесі Ағытайдың қасынан қалмайды, төрт жасынан тайға мінеді. Әкесі онсыз да қырыла-қырыла азайған ағайынды бөле-жармай, тапқанын бөлісіпті. Баласына да «ана кемпір-шалға сәлем бер, әкесі соғыста өлген мына баланы жылатпа, ана бала атадан жалғыз еді, қасыңа ертіп ойнат» деп, бәрін бауырына тартып үйретеді. Әке тәрбиесі Ибрагимді көпшіл етті және кішкентайынан ауылдағы қариялардың әңгімесін тыңдап, елгезек, сөз ұққыш болып ер жетті. Сонда әбден зәрезап болған ауылдағы шалдар «қайран, Ахаң, Ахаң» деп күбірлесіп отырар еді, одан қалған сөздерді айтар еді, шежіресін таратар еді.
Ибрагим мектепті бітірген соң, Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсті. Емтихан қабылдап отырған профессор кісі: «Қайдан келдің, балам?» деп сұрайды. «Торғайдан, Ақкөлден келдім» деп тақ ете қалады бұл. Профессор селк ете қалғандай болады, алдындағы абитуриенттен көзін алмай, ойға батқан күйі үнсіз қалып, бірақ ләм демеді. Студент атанған соң әлгі профессордың Әуелбек Қоңыратбаев екенін білді. Ол кезде жастықпен аса мән бермесе де, бір сәттік сурет ғұмыр бойы көз алдында қалған.
– Ұстазымыздың бойын жиып алғандай әрі маған тесіле қарағанының жұмбағын Ахаң 1988 жылы ақталғанда бір-ақ білдім ғой. Әуелбек ағамыздың көз алдында Ахаңның рухани алып тұлғасы мен ол көрген мехнат тұрды ма екен, айтуға тіл жоқ болғандықтан бәрін де ішіне жұтқан бір сәтіне куә болған шығармын деп ойлаймын қазір,–дейді Ибрагим аға. Ақталғанда Ахаңның аруағы тұтас елдің рухын аспанға көтерді. Ол кезде ауылда Ахметтің көзін көрген, Ахаң үшін жазықсыз жазаланғандарды, тіпті сол үшін қаза болғандарды білетін шалдардың көзі тірі болатын. Ибрагим аға Ахметтің шежіресін сонау Үмбетей батырдан қайырып айтатын сол ауыл ақсақалдарының әңгімесіне қанық-ты.
Ахаң Ақкөлінің тұзы сор екен. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы нарық қиындығының құрығы алдымен Ақкөл төңірегіне жеткендей еді. Ұзын сөздің қысқасы – облыс орталығына жақын табиғаты тамылжыған Әулиекөлде тұрып жатқан Ибрагим Ағытайұлы жұрт қалаға қашып жатқанда, азып-тозған ауылына көшіп келді. 1997-1998 жылдары ауылға әкім болып сайланды. Ол кезде Торғайда бір қап ұнның бағасы бір қой боп, жылқыны ұры меншіктеп, ел күйзеліп, жастардың рухы түсіп, ішімдікті айналшықтап қалған болатын. Тығырықтан қалай жол табуға болады? Ол күндіз-түні ойланды, ауыл осылай болып құрдымға кете бере ме? Ойлана келе адамдардың, әсіресе, жастардың рухын көтеру керек деп шешті. Өзі Ахмет Байтұрсыновты берген әулеттің бұрыннан жинап жүрген шежіресін «Бабамыз–бекзат, данышпан» деген атпен кітапша етіп шығарды. Ахмет Байтұрсыновтың шыққан тегін білгісі келетіндерге бұл кітапша тамаша дереккөз болары сөзсіз.
– Елбасының 2000-шы жылды Мәдениет жылы деп белгілегенін арқа тұттым да, сол жылы ел ағаларынан комиссия құрып, Ақкөлде Ахаң ауылдастарының, Үмбетей ұрпақтарының қауышуын ұйымдастырдым. Оған Қостанай мемлекеттік университетінің сол кездегі ректоры, марқұм Зұлқарнай Алдамжар қатысып, Ахаң ақталғалы оның туған жерінде болған тұңғыш шараға 40 мың теңге шашу шашты, екі студентке шәкіртақы тағайындады. Бұл сол кездегі өлшеммен аз қаржы емес еді. Торғай төңірегінен шыққан ақын-жазушыларды шақырдым. Шарада палуан күрестіріп, ат бәйгесін жібердік. Келген қонақтарға Ахаң әулетінің шежіресі, әлгі «Бабамыз – бекзат данышпан» атты кітапшамды тегін тараттық, – деп еске алады Ибрагим аға. Бәйге мен палуан күрестің жүлдесіне тапқанынша қой, баспақ тіккен болатын, Ибрагим аға қыза-қыза өзінің мініп жүрген ескі машинасын да жүлдеге салып жібереді. Ауылдың еңсесін бір көтеріп тастаған жиынға разылығын білдірген белгілі ақын Серікбай Оспанов сол жерде:
«Ұмтылған елміз ғой күн жарығына,
Таңқалдым таңғажайып танымыңа.
Рахмет, ағатайым Ағытаев,
Нәр бердің ауылыңның тамырына!»
деп табан астында суырып айтып жіберген екен.
Ауыл әкімінің осы еңбегі және ел тұрмысындағы ілгерілеушіліктер үшін облыста екінші болып «А.Байтұрсынов медалімен», облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Ақкөлдіктердің қазір жағдайы қалай?–дейміз оған.
– Сол қиын жылдары ауылдастар малды тауысқан соң, олардың жәрдемақысын қолына бермей, қой, қозы, бұзау алдыратынмын. Оған уақытысында реніш те, арызданып, әкімге барғандар да болды. Қазір сол қозы мен қой әр үйде қоралы уақ мал, үйірлі жылқы, табынды сиыр болған. Ештеңеден кем емес. Баяғыны еске алып, маған рахметін айтады, –дейді ол.
Ел экономикасының өсуіне қарай, алыстағы ауылда да жұрттың тұрмыс жағдайы жақсарды. Қайсы жылы Ибрагим ағаның ауылдың оншақты баласын ертіп алып, Семейге қарай, Абай, Шәкәрім жатқан Жидебайға жол тартқаны да қызық. Балалар жазғы каникулға шығысымен олардың ата-анасымен сөйлесті, жол қаражатын алды. Жидебайдағы ұлылардың рухына тәу етті, Абайдың музейін тамашалатты, жолай Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музейіне соқты. Ауыл балалары рухани теңізді кешкендей әсермен қайтты.
– Балаға халқының тарихы, туған жерден кімдердің өткені, ата-бабасы туралы айтып отырмасаң, көкірек көзін ашпасаң зиялылық қайдан келсін? Бала тәрбиесін тек мектепке артып қоюға болмайды, – дейді ол сөз арасында. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылатын ұлттық код үшін аға ұрпақтың жауапкершілігі болуы тиіс деп санайды кейіпкеріміз. Оны осындай ісімен дәлелдеп те жүр.
Ибрагим Ағытайұлы Ахмет Байтұрсыновтың өмірін танымдық зерттеуді жалғастырып келеді. Ахаңның жұбайы Бәдрисафаның тағдыры туралы мәліметтер жинау үшін «Бәдрисафа» тарихи-танымдық экспедициясының белсенді мүшесі ретінде Әулиекөл, Қарқаралы мен Семей, Орынбор, Том, Омбы қалаларына сапарлады. Өзі бастама көтеріп, ауылдастарын асарлатып, Ахаңның бала кезде тұрған үйін қалпына келтірді. Ибрагим ағаның ұйымдастыруымен Меңдіқара ауданында Бәдрисафаға белгі, Әулиекөлде Ахмет Байтұрсыновқа ескерткіш-мүсін қойылып, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қолдауымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. А.Байтұрсыновтың туған күнін нақтылау туралы оның ұсыныстары, зерттеулері де айта қаларлықтай. Журналистиканың ауылынан да хабары бар Ибрагим ағаның А.Байтұрсынов туралы «Аңсатқан Ахаң елі», «Ақ жолмен жүрген асылдар», «Ахаң – ұлттық руханияттың ұлы тіні», «Ахаңды қудалау бабасынан басталған», тағы басқа мақалалары танымдығымен бағалы.
Ибрагим Ағытайұлы – құтты шаңырақтың бас иесі. Елу жеті жыл отасып келе жатқан жұбайы Зәуре апай екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді, бәйтеректей бұтақ жайған үлкен әулет болды.
– Үмбетей батырдың 26 баласы болған. Оның төртеуін жаугершілікте асырап алған екен. Алты әйелінің бесеуі қалмақтан олжалаған қыздар болыпты. Ахаң Үмбетей бабамыздың қазақ анамыздан, біз қалмақ анамыздан тараған ұрпағымыз. Менің кішкентай, қысық көз, қиғаш қас болып қалғаным содан болар, – деп әзіл де айтып қояды Ибрагим аға. Ал адамның ірілігі ісінде болса керек. Ата-баба мен бүгінгі ұрпақ арасындағы рухани тін үзілмеуін ойлап, үндемей жүріп-ақ үлкен істер бітіретін Ибрагим ағаны ірі емес деп кім айтар?
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ