Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Елбасы: Қазақстан мен Беларусь Республикасының стратегиялық қарым-қатынасы өте жоғары

1085 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасындағы ресми сапары аясында Минскіде Александр Лукашенкомен кездесті. 

Елбасы: Қазақстан мен Беларусь Республикасының стратегиялық қарым-қатынасы өте жоғары

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасы Президентіне ресми сапармен шақырғанына алғысын білдірді. «Бұл кездесуіміз екі мемлекеттің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған айтулы датамен тұспа-тұс келіпті. Осы жылдар аралығында Қазақстан мен Беларусь Республикасы мықты экономикалық және саяси базасы бар қарым-қатынас орнатқанын айта кету керек», дей келе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенконың еңбегін жоғары бағалады. «Мемлекетіңіз үшін сіздің атқарған еңбегіңіз зор. Беларусь елінің ауыл шаруашылығы өнімдері мен машина құрастыру саласындағы жетістіктері әлемге кеңінен танылып үлгерді», деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанда 260 беларусь кәсіпорыны жұмыс істейді.

«Қазақстан беларусь жерінен ауыл шаруашылығы және жиһаз өнімдерін импорттайды. Осы кездесу барысында Қазақстанға БелАЗ өнімдерін тасымалдау туралы келісім шарт жасалмақ. Кездесу нәтижесінде жаңа техника жеткізу, тасымал сапасын арттыру да дами түседі деп ойлаймын», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасындағы достық қарым-қатынасты жоғары бағалады. «Екі мемлекет арасындағы стратегиялық қарым-қатынас өте жоғары деңгейге жетті. Мемлекеттеріміздің арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнаған», дей келе Президент Беларусь Республикасына өткен жолы келгенде мемлекеттің батысында болғанын есіне алды.

«Бүгін инновациялық жетістіктеріңізді арнайы көрме барысында таныстырады екенсіздер. Қазақстан да барынша инновациялық дамуға ерекше көңіл бөліп келеді. Яғни, бізде ортақ тақырып көп. Әрине, екі мемлекет арасындағы тауар айналымының деңгейі төмендеп кеткен кездер болды. Бірақ биылғы жылда бұл көрсеткіш бірден 60 пайызға артты», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттің айтуынша, мемлекеттер арасында кедендік кедергілердің болмауы сауда айналымын бұл деңгейден де арттыра түсуге септігін тигізе алады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мультимодельді көлік дәлізіне айналғанын атап өтті. «Бүгінде Қазақстан арқылы Беларусь Республикасы мен Еуропа елдеріне жыл сайын 136 мың тауар контейнері өтеді. Бұл біздің мемлекетіміздегі көлік саласына көп пайда әкеліп отыр. Сондықтан бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын», деді Президент.

Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың беларусь халқына деген жылы лебізін білдіріп жүретінін айтып, өз елінің де қазақстандықтарға деген ықыласы ерекше екенін айтты. «Беларусь Республикасының Қазақстанға деген сыйластығы ерекше. Біз Қазақстанның күннен-күнге дамып жатқанына куәміз», деген Александр Лукашенко беларусь халқының көбі Қазақстанда болып көргенін жеткізді.

«Астана – өте керемет қала. Менің ойымша, сіздің қазіргі жұмысыңыз ғасырларға қаланатын, ұрпаққа қалатын ескерткіш. Беларусь мемлекеті Қазақстаннан көп нәрсе үйреніп жатыр. Астананың кейбір құрылыс элементтерін елімізге көшіріп жатқанымызды да айта кеткім келеді», деді Александр Лукашенко.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Беларусь еліне 2012 жылдың мамыр айында ресми сапармен барған еді. Ал Александр Лукашенко Қазақстанға ресми сапармен 2013 жылы келді. Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен осы жылдың 8 маусымында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі аясында кездесіп, екіжақты серіктестіктің маңызды мәселелерін талқылаған болатын.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»

Минск