Келіссөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың тәуелсіздік жылдары стратегиялық жетістіктерге жеткенін атап өтті. «Беларусь тарапынан екі мемлекеттің сауда айналымы мен серіктестігін жоғары деңгейге жеткізу үшін көп жұмыс атқарылды. Біз серіктестіктің ең жоғары деңгейіне жеттік. Мемлекеттеріміздің арасында ешқандай саяси, экономикалық немесе басқа да мәселелер жоқ. Бұл бірге тығыз жұмыс істеуге зор мүмкіндік деп ойлаймын», деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда 6 автокөлік құрастыру зауытының жұмыс істейтінін атап өтті. «Бүгін біз осы күнге дейін орнаған серіктестігімізді одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, ынтымақтастық деңгейін арттыру туралы айтатын боламыз. Ал бизнес-форум аясында қол қойылатын келісімшарттар соған септігін тигізеді деп ойлаймын», деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь тарапының бидай жинауға арналған техникаларды бірлесіп құрастыру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты.
Келіссөз барысында Александр Лукашенко әлеуметтік-экономикалық серіктестіктің 2026 жылға дейінгі бағдарламасы екі мемлекеттің ынтымақтастығын арттыра түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар ол Беларусь елінде 500-ден астам қазақстандық білім алып жатқанын айтты. «Біз мәдениет, білім, ғылым саласында да екіжақты серіктестікті арттыруға дайынбыз», деді Александр Лукашенко. Оның айтуынша, Қазақстан Беларусь мемлекетінің транзит бойынша да маңызды серіктесі болып қала береді. «Екі мемлекет арасында ынтымақтастық бұл салалармен шектелмейді. Мысалы, Қазақстандағы алғашқы бауыр трансплантациясы операциясына Беларусь мамандары қатысты», деді Александр Лукашенко. Оның айтуынша, екі мемлекет арасындағы қазіргі ынтымақтастық деңгейін арттырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе беру керек.
Келіссөздер барысында Александр Лукашенко мәдениет күндерін жиі өткізіп тұруға шақырды. «Бұл Қазақстан мен Беларусь халқына бір-бірінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жақынырақ тануға мүмкіндік береді», деді ол.
Кездесуге Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, бірінші вице-премьер Асқар Мамин, Қазақстан Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжанов, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, қорғаныс және аэроғарыш өндірісі министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшісі Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Темір Жолы» басшысы Қанат Алпысбаев, Президент әкімшілігінің сыртқы саясат орталығы басшысы Әділ Тұрсынов қатысты.
Кеңейтілген келіссөздер аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шарт пен 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасына, ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов пен БР Сыртқы істер министрі В.Макей ҚР мен ҚР Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев пен БР Ақпарат министрі А.Карлюкевич ҚР Үкіметі мен БР Үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық тураллы келісімге, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов пен БР Мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік комитеті төрағасы О.Двигалев ҚР Үкіметі мен БР Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс саласындағы ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациялары туралы келісімге, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен БР Спорт және туризм министрі А.Шамко ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен БР Спорт және туризм министрлігі арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған дене тәрбиесі және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен БР Мәдениет министрі Ю.Бондарь ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен БР Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға, ҚР ҰҒА президеніт М.Жұрынов пен БР ҰҒА төралқасының төрағасы В.Гусаков ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен БР Ұлттық ғылым академиясы арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»
Минск