Әлем • 01 Қаңтар, 2018

Ирандағы наразылық шерулері төртінші күнге ұласты

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бағаның өсуі мен тұрмыс деңгейінің төмендеуіне наразы болған ирандықтар 28 желтоқсан күні шеруге шықты. Наразы халық сондай-ақ Иранның халықаралық жанжалдарға қатысуына қарсы екенін білдіріп, елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиге қарсы ұрандарды айтуда. Шеруге шығушылар полиция қызметкерлерімен қақтығыcып жатыр. Наразылық шерулері кезінде екі адам қайтыс болды деп хабарланды. Әлеуметтік желі белсенділері олар полиция қолынан қаза тапты десе, билік жауапкершілікті «сыртқы күштерге» артты. 

Ирандағы наразылық шерулері төртінші күнге ұласты

Cурет: Business Insider

Наразылық шеруі өткен бейсенбіде Иранның солтүстік шығысындағы Мешхед қаласында басталып, жұма күні басқа қалаларға тарады. Сенбі күні ел астанасы Тегеранда шағын шеру болып, оған шыққан студенттер полициямен қақтығысты.

BBC хабарлағандай, Мешхедте бірнеше белсенді «Менің өмірім Газа үшін емес, Ливан үшін емес, Иран үшін» деп айқайлаған. Осы арқылы ирандықтар ел үкіметінің сыртқы саясатпен тым қатты әуестеніп, елдің ішіндегі жағдайға аз көңіл бөлетінін жеткізіп отыр. Иран – Сириядағы Башар Асадтың үкіметіне әскери қолдау білдіріп отырған негізгі елдердің бірі. Сондай-ақ, Иран Йемендегі Сауд Арабиясы жетекшілігіндегі коалицияға қарсы күресетін хусит көтерілісшілеріне қолдау көрсетіп отыр деп айыпталады. Сонымен қатар, Иранның Ливандағы Хезболла тобының жақын одақтасы екені белгілі дейді BBC.

Ал Иран үкіметі болса, қарсылықтың белең алуына «сыртқы агенттерді» және анти-революцияшылдарды айыптап, Инстаграм және Телеграм әлеуметтік желілерін бұғаттап қойды. Жексенбі кешке ел президенті Хасан Роухани мемлекеттік арналардың бірінен халыққа бейне хабарлама таратып, «Біз еркін ұлтпыз және конституция мен адам құқықтарына сәйкес халық сыни пікірді еркін білдіре алады, тіпті шеруге де шыға алады, алайда сынды білдіру зорлық-зомбылықпен қатар жүрмеуі тиіс», деп мәлімдеді.