Әдебиет • 09 Сәуір, 2018

Дәуірмен қанаттас қаламгер Уәлихан Қалижанов

670 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақстан ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Республиканың еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанов есімі ел-жұртымызға Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметінде істейтін қазіргі кезінен әлдеқайда бұрын, «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болған уақытынан танымал. 

Дәуірмен қанаттас қаламгер Уәлихан Қалижанов

Уәлиханның «Егемен Қазақ­станның» бас редакторы кезінде «Мін қайратқа, ауылым...» атты сын мақала ұсындым. Өзімді аға газеттің «Социалистік Қазақ­стан» атал­ған шағынан штаттан тыс авторы санайтын мен, мақаланы ұсынуын ұсынсам да, жарық көретініне онша­ма се­німді болғаным жоқ. Өй­тіп көңіліме дүдәмал кіруінің се­бе­бін айтсам, өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдарының екін­ші жар­тысында, 1995 жылы қабылданған жаңа Конституция бойын­ша жерге жекеменшік те болуы керек деген тәртіп бе­ріл­ді. Колхоз, совхоздар жаппай таратылып, ауыл атаулы, мы­­салы, Шығыс Қазақстан об­лы­сы, Ұлан ауданының көше­леріне асфальт төселген, мәде­ниет үйі, ет комбинаты, су құ­быры, канализация­сы, әр үй са­йын ішінде ваннасы, туалеті бар «Қараөзек» мал бордақылау совхозы әп-сәтте тоз-тоз болды.

«Жекеменшік десе, қазір ішер асы­мызды жерге қоятын­ды шығар­дық. Оның бірде пайдасы тисе, бірде зияны тие­тінін құдай біздің санамызға қон­­дыра алмай-ақ қойды. Біз – Шығыс еліміз. Шығыс тарихында жерге жекеменшік атымен бол­маған...» деген сияқ­ты нарық науытына наразы «Мін қай­ратқа, ауылым» атты мақа­ланың ауылды тығырықтан шы­ғарудың амалы ретінде «Қа­раөзекте» жаңадан құрыл­ған «Бір­лік» кооперациясын қолдап да­мытуға шақырғаны колхоз, сов­хозды қайта жаңғыртпақшы кер­тартпалық саналмақ-ты...

Дейтұрғанмен, аға газетіміз­дің бас редакторы Уәлихан Қа­­ли­­жанов шырылдаған шын­дықты айнаға түсір­гендей ма­қала­ны «Егеменнің» 1997 жыл­ғы үш нөміріне үтіріне дейін өз­гертпей жариялады.

Не пікірдің дұрыс-бұрыс­ты­ғын уақыт көрсетпек. Бас ре­дак­тор ауылдың кесапатқа ұшы­раған тағ­дыры туралы сынға жол беріп ағат­тық жасамағанын өмір­дің өзі растады.

Жұртқа мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жыл­­­­ғы мамырдағы Жар­лығы бо­йын­ша Жер кодексінің жекелеген тар­мақтарына 2021 жылдың желтоқсан айына дейін мораторий енгізілді. Сөйтіп ауыл ша­руа­шы­лығы мақсатындағы жер­­лерді қазақстандықтарға жекеменшікке, шетелдіктерге жал­ға беруге тыйым салынды. Және бір айтарлықтай жаңа­­лық – рес­публикамыз­да ауыл­шаруашылық коопера­тив­терінің құры­ла бастауы.

Шындық, әділеттілік үшін ар­па­лысу журналист, жазушы Уәли­ханға әуелден-ақ бойына сіңісті қасиет. Күн­дердің кү­ні, Уәли­ханның «Ле­нин­шіл жас­тың» бас редакторы кезінде ка­би­нетіне Халық әртісі, даңқ­ты ре­жиссер Асқар Тоқпанов кіреді. Кір­ген бойда:

– Үй, айналайын, оқыдым, ағала­рыңды байқатпай арашалап алып­сыңдар, келші бет­те­ріңнен сүйейін, – деп ақ батасын береді.

Асекеңнің өйтіп ағынан жары­­луы­ның себебі бар-ды. Қа­­зақ­­стан орталық комсомол ко­­ми­­теті газет­тің бас редакторы­на Жел­тоқсан көте­рілісін ұйым­­­­­дас­тыру­шылардың бі­рі Ас­қар Тоқпановты аяусы­з­ әш­ке­релей­­тін мақала жария­лайсың деп бұйырады. Бұй­рықты жет­кізуші: Күн тәртібінде партбилет тұрғанын ұмытпағың! – деп дікің­дейді.

Асекеңді оққа байлағысы жоқ редакция амалын тауып,­ негізінен Қа­зақ педагогика­ инс­ти­тутының ком­со­мол коми­те­тінің жұмы­сын сынайды да,­ Асқар Тоқпановты елеусіз ке­йіп­кер етеді...

Уәлихан Қалижанов – қа­ла­мы қарымды журналист, әді­лет қа­зы­сы болуымен қатар, дәуі­рімен қанат­тас, ысылған мем­лекет және қо­ғам қайраткері де. 1978-1980 жыл­дары ол, Қа­зақ­стан комсомолы орталық ко­митетінің нұсқаушысы, сек­­тор меңгерушісі, 1995-1996 жыл­­дары Қазақстан Рес­пуб­лика­сы Бас­пасөз және ақпарат құралдары министрінің орынбасары, 1998-1999 жылдары Парламент Сенаты баспа­сөз қызметінің басшысы, Парла­­мент Мәжілісінің ІІ, ІІІ, ІV шақы­ры­лым­дарының депутаты болып, зор жауап­ты қызметтерді абы­рой­мен атқарды.

Мұхтар Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институ­тының директоры қызметіне ауысқанында Уәлихан Қалижа­нов өзінің үлкен мемле­кеттік және­ қоғамдық катего­риялар­мен ойлайтын дарынды қай­рат­­­кер екенін дәлелдей түсіп, ме­ке­­менің ғылыми-зерттеу һәм ғы­­­лы­ми-ұйымдастырушылық жұ­мыстарына ойдағыдай бас­шы­лық етуде. Соңғы жылдары институт әдебиеттанудың ке­лелі проблемаларын көте­ріп, ғы­лыми тексеру-зерт­теу­лерінде айтар­лықтай нәти­же­лерге қол жеткізді.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде «Біз жаң­ғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамы­рымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек... Абай­­дың да­на­­лығы, Әуезовтің ғұла­ма­лығы, Жамбылдың жырла­ры мен Құр­манғазының күйлері, ғасыр­лар қойнауынан жеткен бабалар үнін – рухани мәдениетіміздің осы аса маңызды парасын сақ­тау, да­мыту керек» дегені мәлім.

Институт халқымыздың ер­те заманнан бергі рухани мұ­­ра­сын түгел жинақтап, 100 том­­­дық «Бабалар сөзі» сериясын шығарды. Бұл игі­лік­ті іс Елба­­сының ата мұраны жа­ңа заман ыңғайына лайықтап, жас ұр­пақтың қажетіне жаратуы­мыз керек деген пайымын жүзеге асы­руға Әдебиет институты ұжы­­мы­ның білек сыбанып кіріс­ке­ніне бұл­жымас дәлел.

Іскер басшы Уәлихан Қали­жанов – зергер зерттеуші әрі қа­ламы ұшқыр жазушы да. Жиырмадан астам кітаптың авторы. Мұхтар Әуезов атын­дағы институт босағасына кел­ге­нінен бер­­мен қарай ғана, ай­нал­дырған 6 жыл ішінде «Ойкөз», «Ұлт рухы», «В потоке времени», «Жам­­­был», «Замана сөзі» деген бес кітап туды. «Ойкөз» кітабы (2012): «Репрессияланған эпос­тар», «Ұлт рухы» (2105): «ХV-ХVІІІ ға­сырлар­дағы әдеби мұра және қазақ тарихы», «В потоке времени» (2014): «Испы­тание историей», «Замана сөзі» (2016): «Зар заманнан заңғар заманға» атты мақалалардан бас алады. Аталған мақалалар тақы­рыбының өзінен-ақ, әде­биеті­міз­дің ерте замандар­дағы жай-күйі­нен бастап бү­гінгі заманға дейінгі даму өрі­сі қамтылатыны, автордың ғы­лы­ми-зерттеу диа­по­зонының мей­лінше кең екен­дігі көрінеді.

Баспа аңғартпасында «Жам­был» кітабы – ұлы ақын­ның «ғұмыр­намалық және шығар­маларының әдеби-көркемдік әлемі туралы зерттеу» делінген. Автор шығармасының «Ақын деген бір бұлақ» атты бөлі­мінің жанрын «Эсселер» деп анық­тапты. Ол эсселерінің ұзын саны жүз отыздан асып жығылады. Белгілі бір мезетте сан сапаға айналып кете­тін диалектика заңына сәйкес, Жам­­былдың балалық, естияр,­­ есею шақ­тарын, қайтпас, қай­сар күрескер харак­терін, жер жүзіне әйгілі ақын биігіне көтерілуін бейнелеген бөлі­мі­нің жанрын, біздіңше, – қазақ халық поэзиясының алыбы, қазақ ауыз әдебиетінің көсемі Жамбыл Жа­баев туралы роман-эссе сана­ған дұры­сырақ.

Шығарма Жамбылдың әкесі Жапа­ның, ұстазы, пірі Сүйін­байдың, Жәкеңнің атақты ақын, сазгер замандастары – Кенен­нің, Шашубай мен Балуан Шо­лақтың, қазақтың басқа да өр­кешті өнерпаздарының образын беллетристикалық мәнерде, нақ­тылы да нақышты суреттейді. Ком­позициясы шымыр, жинақы, туған халқының ғасырдан астам арғы-бергі тарихын қамтитын, Жетісу өңірінен, Қазақтың ұлан-ғайыр даласынан бастап сонау Мәскеу, Ленинград, Кав­казға дейінгі өңірлерге эпикалық құла­шын жай­ған, нәзік махаббатты лирикамен көм­керіл­ген туынды, айт-айтпа, – нағыз роман-эссе.

Шығарманың: «Сүйінбайдан Жам­был қалай бата алды?», «Жұл­­дыз қалай жанады», «Өз құ­нын өзі алып кеткен», «Жамбыл қалай Жетісу­дың бірінші ақыны атанды?», «Мадақ­тан шыққан шатақ сөз», «Май­көт қалай ығыс­­ты?», «Үзеңгі жолдас», «Же­ңіл­­­ген Сарыбас жері осы», т.б. эсселерінен өлең сөздің Жам­­­былға ажырамас бақ болып қо­нуы­­ның, айтыс ақын өнерінің қа­лып­тасу, шыңдалу, бәйге бермес ша­бан­дозы аталуының қыр-сы­ры­на қанығамыз.

Роман-эссе Жамбылды Жам­­был еткен, ХХ ғасыр­дың Гоме­рі атандырған қасие­ті­нің қыр-сыр­ларына қанық­тырады. Жамбыл­дың ұстазы Сүйінбайдың, дос, жолдас інісі Кененнің, сондай-ақ Жам­был­мен айтыс бәсекесіне түскен Құлмамбет, Майкөт, Сарыбас, т.б. ақындардың бей­нелері және Жам­былдың Өтеген, Саурық, Сұраншы батыр­ларға арнаған жыр-поэмалары бір бөлек, Кеңес кезінде туған жыр, поэмалары бір бөлек сөз етіледі.

Жамбылдың мінез-бітімі, ой-сезім ерек­шеліктері – қайтпас қайсар жаужүректілігі, «алмас қылыш» харак­тері айтыстарда шыңдалады. «Ауыз­дығымен алыс­қан кемел шақ­қа жеткен», «орда бұзған отызды» артқа» тастаған Жамбылдың Құла­наян Құл­мамбетпен айтысы айтыл­ғанға айқын дәлел.

Адамдықты айт, ерлікті айт,

Ел бірлігін сақтаған батыр­лық­ты айт.

Қарымбайдай сараңдар толып жатыр,

Оны мақтап, әуре болмай, жөніңе қайт!

Роман-эссе суретінің бояу­ла­ры қанық, тартымды, жыл­ты­ра­уық, жарқырауық емес. «Жам­был бірден ат ойнатып, жа­ңа заманның жыршысы болды десек, тарихқа да, Жәкең рухына да қиянат болар еді» деп ескертеді автор. Роман-эссе жаңа заман­ның жақсылықтарын асыр­майды, жаман­дықтарын жасырмайды. 1929 жылы Жамбыл жиырмаға тарта жылқысын қо­сып колхозға мүшелікке өт­кені­мен, отызыншы жылдың бас шенінде Қырғызстанға көшуге мәжбүр болады. 1932 жылғы аштық­та өзіне тарт­қан ақын, талант­ты перзенті Қожаш опат болады («Қырғыз асқан екі жыл» атты эссе).

Жамбылдың бақытына қа­рай, көп ұзамай басына түскен қайғы­ның қара бұлты сейіле бастады. Бұл жайт­тарды, Жам­былдың жаңа өкімет­пен қалай тіл табысқанын роман-эссе қыс­­қа да ұтымды жеткі­зеді. Кер­­нейлетіп, сырнайлатпайды. Ел жақтан Жамбыл: «Ке­ңес өкі­меті кең екен». «Жаңа өкі­мет бәрін те­ңестірді. Ен­ді бай да, кедей де жоқ оты­рық­шы кәсіпке үй­ретеді» деген жү­рек жылытар хабар ести­ді. «Шал­қардың шалқып жүр­ген мен аққуы, Келмеді сасық шалшық жерде қалғым» деп шалқыта бас­тағаны дәп сол кездер. Жамбыл 1934 жылы Алматыда ақындар мен ән­шілердің, өнерпаздардың рес­публикалық жиынына қа­ты­сып, «Алматыға көк есекпен келіп, даңқ пырағына мініп қай­­тады».

1936 жылдың көктемі. Жам­был қазақ әдебиеті мен өнері­нің онкүндігіне қатысу­шылар­мен бірге Мәскеуге барады.

«Мәскеу Жамбылға қатты ұна­ды. Аты жер жарған қаланы кө­рем деп ойлап па екен, Жамбыл жаңарған елді көрді жол бойы...Жамбылдың бойы­на ерекше қуат құйылды... Көрген көз, есті­ген құлақ, сезінген жүрек бар. Мұны қалай жырламасқа? Осы жыр Мәскеуде шарықтады. Бұл Жамбылдың жаңа заманға деген ризашылығы еді».

Роман-эсседегі, «Жамбыл» кі­та­бының басқа да туын­ды­ларындағы, мысалға, «Жам­был поэзиясының тари­хи­ не­гіздері», «Жамбыл поэ­зия­сы­ның поэ­тикасы» атты ғы­лы­ми-зерттеу мақалал­арын­дағы ав­торлық позицияның субъек­тив­тілігінен гөрі, объективтік жағы басым.

«Күнсіздерге күн болған» – тың метафора, қазақ халқы өмі­рінің Қазан революция­сынан кейінгі асқан қуа­нышы бейнеленген нағыз объек­тивтік құбылыс. Әлбетте, Қазақ елі­не тіке қатысты. Николай ІІ пат­ша жағрафия картасы­нан «қазақ» сөзін өшіріп, өл­ке-өлке­лерімізді Батыс Сібір, Шы­ғыс Сібір, пәленбай, түген­­бай губер­нияларға бөлшектеп, ту-талақай етіп жіберді. Нико­лай патша тақтан түскен соң Алаш­орда қозғалысы Қазақ ав­то­номиясын құруды, Қазақ же­рін тұтасымен қайтаруды Ресейдің Керенский бастаған Уа­­қытша үкіметінен, сонсоң ад­мирал Колчактан, Сібір үкі­меті дейтіннен сұранды. Бірақ бұл шіркіндердің бірінен қайыр болмады. Ел тілегіне тек Владимир Ильич Ленин құлақ асты. 1919 жыл­ғы 10 июльде В.И.Ле­нин «Қырғыз (Қазақ) өлке­сін басқару жөніндегі Рево­­люциялық комитет құру туралы Декретке, 1920 жылғы 26 авгус­та Қырғыз (Қазақ) Авто­номия­лы Социалистік Совет Респуб­лика­сын құру туралы Декрет­ке қол қойды. 1936 жылы мартта Қазақ елі Сталиндік Конс­титуция бойынша Одақтан бөлінуге дейін құқылы Қазақ Совет Республикасы атанды...

Жамбыл осы ұлы өзгеріс­тер­дің бәрін көріп, бі­ліп­ отырды. Ұлты­мыздың ұлы­ қуа­ны­шын халық атынан жыр­лады. Роман-эссе сол бұл­­­жы­мас шын­дықты, айдай ақи­қат­­ты қаз-қал­пында суреттесе, несі айып... Жамбыл өлең-жыр­ла­рын дат­таушылық автор көз­қарасына, дүниетанымына кө­леңкесін түсір­меді ме екен? – деген көңі­ліңде туған сауалға роман-эсседен «алайда, бұлайдаға» салынбайтын, айқын да ашық жауап табасың.

Роман-эссе Жамбылдың Ле­нин­­град көшелеріне плакат болып ілінген өлеңін шын жүрек­тен сүйіне, сүйсіне толғайды: «...Жақ­­­сылық еш­қашан ұмытыл­май­ды. Бүгінде Егемен елдің Жамбыл ақыны Петербург тө­рінде тұр... «Ле­нин­градцы, дети мои, Ленин­градцы, гордость моя!» деп бас­талатын өлең мыс­тан құйылып жазылған».

Академик Уәлихан Қалижа­нов ғылы­ми еңбектерінде Жам­был Жабаев шығар­маларына қа­тыс­ты өз еліміздің және шетел оқымыс­тыларының, қаламгер­лері­нің зерттеулерін, ұлы ақын тура­лы көптеген еңбектерін шолып талқы­лайды. Жамбылды «восточная шарманка» деп жазып, тіпті фольклор мен ауыз әдебиеті екі бөлек ғылы­ми ұғым екендігіне қонақ бермеген шет ел зерттеушілерінің осы секілді алыпқашты тұжырымдарын Уәлихан Қалижанов сын тезіне салады: «...Всегда ли здравый смысл присутствует в предлагаемых вниманию читателей статьях?».

Үлкен қаламгер, ғалым, сын­шы, жазушы Уәлихан Қали­жанов­­тың мазмұны терең, тілі шұрайлы, оқы­луы тартым­ды еңбектері оның қазақ әдебиетін­дегі биік орнын көрсетеді.

* * *

Өмір дегенің Алла тағаланың күні сияқты. Бірде жаз. Жаз болып жадыратады. Бірде қыс. Қыс болып қысады.

 Уәлихан бауырым! Күні ке­ше қаралы жиында: «Үмітжан жарым­ның тәнін ел-жұрты жер қойнауына жерлесе, мен Үміт­жа­ным­ның жанын жүрегіме жер­ледім» деп едің.

Қайтерсің, тағдыр не салса да көнесің...

Менің байқауымда, Уәкеңді ауыр қайғы жасыта алған жоқ. Жет­­­піс жасында Қытайда бір әйел жоғары білім алғанын куә­лан­ды­­ратын диплом алғанына, ал, До­нальд Трамп жетпісінде АҚШ сияқты жер жүзіндегі ең алып мемлекеттің тізгінін ұс­тау мәртебесіне ие болғанына қара­ғанда, бұл жас – адамның жетіп-піскен уақыты. Бүгінгі мерейтой иесі Уәлихан Қалижанов жетпісінің желкесіне мінген шағында, ұлы Абай айтпақшы, «Ғылымды іздеп, Дүниені көз­деп», өзі сүйіп қалаған салада, рухани қазынамызды байыту жолында тас түйін, жігер-қайратпен еңбектенуде.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты