Қазақстан • 02 Шілде, 2018

Ассамблея жас стартаперлерді марапаттады

531 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен «Жастар синергиясы – бірлік энергиясы» форумы өтті.

Ассамблея жас стартаперлерді марапаттады

Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXVI сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ассам­блеяның «Жаңғыру жолы» атты жаңа жастар қозғалысы жас­тарды жаңғыру аясында біріктіруі керек. Күш-жігерімізді жастардың өзекті стартаптарын қолдауға бағыттау қажет», деген болатын. Осы тапсырманы орындауды көздеген форумда еліміздің әр өңірінен келген жастардың 50-ге тарта стартап жобасы таныстырылды. Оған ҚХА және оған қарасты «Жаңғыру жолы» қозғалысының жас мүшелерінен құралған 200-ге жуық делегат қатысты.

Форумның «Табысты жобалар шеруі» алаңында қазіргі уақытта жобаларымен жұмыс істеп жатқан «Байсерке-Агро» агрохолдингі құрылтайшысының кеңесшісі К.Павлов заманауи ауыл шаруашылығында органикалық өнімдер өнді­руге қолданылып отырған инно­вациялық технологияларын таныстырса, жобаны әзірлеуші Д.Корепанов «Ауыл – мемлекет тірегі» тақырыбындағы таныстырылымын өткізді. «Жаңа шешім» білім қорының бас директоры В.Ким балаларға тіл үйретудің жаңа әдістемелерімен бөліссе, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы М.Бектұрғанов бионикалық про­тез­дердің жасалу тарихы, табысқа жету жолындағы қиындықтары мен жетіс­тіктері жайлы әңгімеледі. «Business camp» алаңында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, кәсіпкер-меценат Исламбек Салжанов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тақырыбында шеберлік сыныбын өткізсе, «Жаңа идеялар синергиясы» алаңында стартап жобалардың көрмесі өтті. Қатысушылар жоба авторларына сұрақтар қойып, тақырыпты кеңінен талқылады.

«Синергия форумы Елба­сының бас­тамасына сәйкес жастардың тың идеясы мен стартаптарын қолдау мақсатында ұйымдастырылуда. Бүгін үздік деп танылған стартап жобалардың авторлары өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысамыз», деді ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко.

«Жаңғыру жолы» респуб­ликалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткайдың айтуынша, бұл форум өткен айда Алматы қаласында басталған екен. «Онда төрт жобаға үш миллион теңге бөлінген болатын. Бүгін біз IT, қолөнер, «жасыл» энергия, білім алу және т.б. бағыттағы 50-ге тарта жобаны таныс­тырып, 6 аталым бойынша марапаттап отырмыз», деді М.Споткай.

Атап айтқанда, «Бизнес және рухани қоғам» номинациясы бойынша «Арман – болашақтың мектебі» жобасы Бауыржан Са­лықов марапатталса, «Maria system Ide» жобасын жасаған Тимур Рысбеков «Болашаққа бағдар» номинациясын жеңіп алды. «Green Startap» номинациясы «СҚО-дағы дәрілік өсімдіктер жиынтығы және Қазақстанның фармацевтикалық компаниялары үшін шикізат түрінде дайындау» атты жобаны әзірлеген Айнұр Әбілтаеваға бұйырса, Диана Аралбаева «Гофрокартон» жобасымен «Ең креативті идея» номинация­сына ие болды. Сондай-ақ «Этно құрылымдаушы» жо­басының авторы Айдар Бек­сұлтанов «Туған жер» номинациясын еншілесе, «Үкілі үміт» номи­нациясы «Бізбен бірге оқимыз» жобасын жасаған Айбек Идаятов пен Самал Мұхтароваға бұйырды. Стартап жеңімпаздары мен қатысушылары дип­ломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Стартап жобалар бойынша жас­тардың арасында өте жаңа, өте қызықты идеяларды көріп отырғаныма өте қуа­ныштымын. Ұсы­нылған барлық жобалар қажетті қолдауларға ие бо­­лып жатыр. Мұны көрген өзге жастардың да талпынары сөзсіз. Біздің Сарапшылар ке­ңесі қоғам қайраткерлері мен кәсіп­керлерден құралғандықтан бүгінгі жеңіс өз қаһармандарын тапты деп сенемін», деді ҚХА Астана қаласы Түркі этно-мә­дени орталығының төрағасы Әскер Пириев.

Форум соңында эстрада жұл­дызда­рының қатысуымен мерекелік концерт қойылды. Сондай-ақ қонақтар «Нұр Әлем» Болашақ музейін, Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығын, «Астана Опера» театрын тамашалап, «Алланың гүлі» атты жаңа мешітте болды.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»