– Жақын арада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы 195 отбасына жаңа пәтер беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда азаматтардың төлем қабілеті бойынша тізім жасақталуда. Биылғы жылдың соңына дейін осы шағын ауданда қосымша 9 үйді пайдалануға беру жоспарланған, дейді тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.
– Мен «аз қамтылған отбасы» категориясы бойынша кезекте тұрмын. Біраз уақыт отбасыммен ескі пәтерде тұрдық, кейін бірнеше жыл пәтер жалдауға тура келді. Бүгін бізге өз үйіміздің кілті берілді, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Салауат Мүтәлиев.
Айта кетейік, жақын арада «Береке» шағын ауданы кеңейтіледі. Болашақта бұл жерде
40 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланған. Биылғы жылы «Берекеде» 1200 орындық мектеп пен 290 орындық 2 балабақшаның құрылысы басталады.
– Қазіргі уақытта «Нұрсая» шағын ауданында 105 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беруге дайын. Бұл көп-қабатты тұрғын үйлер «ТҚЖБ» салымшыларына беріледі, – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Р. Жолдиев.
Атырау қалалық әкімдігі берген ақпарат бойынша, қазіргі таңда 20 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр, өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ