Тарих • 07 Тамыз, 2018

Мамонттар мекені

1467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ «зіл» деп атап кеткен мамонт жануарының тұтас қаңқасы облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Мамонттар мекені

Алып жануардың бұл сүйектері Қызылжар өңірінде 1923 жылы табылып, әлем бойынша құнды экспонаттардың біріне жатқызылған. Оны ғалым Н.Кузнецов жетекшілік еткен экспедиция мүшелері Есіл өзенінің су шайып кеткен жағалауынан кезіктіріпті. Азу тістерінің ұзындығы 4,5 метрге дейін жетсе, салмағы 100 кило тартқан.

Жуырда Петропавл қала­сының тұрғыны Александр Ремшов сылдырай ағып жат­қан Есіл өзеніне балық аулау­ға барғанда су арнасынан тө­менірек жерде таңғажайып олжаға кенелген. Аяғы қат­ты зат­қа тиіп, топырақты қазып қараса, ірі сүйектердің көміл­генін байқаған. Оны ұқыптап жи­настырып, тарихи-өлкетану музейіне тапсырған. Ондағылар ежелгі дәуірде тіршілік еткен алып жануардың ортан жілігі мен мойын омыртқасы деген болжам жасап отыр. Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Анатолий Плещаков піл тұқымдас жабайы жануарлар өңірде осыдан 11 мың жыл бұрын өмір сүргенін, мына мол қазына да ғылым үшін таптырмас мағлұмат көзі саналатынын алға тарта отырып, қазіргі Долматово елді мекені маңайынан бірнеше мәрте мамонттың қаңқа бөлшектері шыққанын жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын Тайынша ауданына қарасты Зеленый Гай ауылының тұрғыны Әнуар Қабылжапаров мал бағып жүріп тереңдігі 12 метр сайдан жердің бетіне шығып қалған сүйектерді көрген. Осыдан 30-35 мың жыл бұрын жойылып кеткен мамонттың омыртқасы, қабырғалары, азу тісі және жілігі екені жорамалданған. 1951 жылы Петропавл қаласы маңынан көне заманғы піл тектес – мастодонттың қаңқалары қазып алынған. Ол мамонттан да ірі болған, осыдан екі миллион жыл бұрын өмір сүрген деседі. Бұған Явленка, тағы басқа өңірлерден табылған мамонт сүйектерін қоссақ, ежелгі дәуір олжаларының бәрі тарихи тұрғыдан баға жетпес өте құнды жәдігерлер екені талассыз.

Арнайы зерттеу орындары болмағандықтан облыс­тық му­зейдің ғылыми қызмет­керлері петропавлдық тұрғын тап­қан соңғы олжаға жалпылама сипаттама берумен шек­теліп отырған жайлары бар. Жо­ғарыдағылардың көмегіне жүгінейін десе, тағы да қолды болып кете ме деген қауіп жоқ емес. Әйтпесе, өңірде мамонт іздері сайрап жатқанын архео­логиялық қазбалар талай рет дәлелдеген.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»