Аймақтар • 09 Тамыз, 2018

Екібастұздағы ГРЭС жанына гүл мен қызанақ өсіріледі

1038 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы еліміздегі ірі кәсіпорындардың жанынан қосымша өндіріс орындарын ашу туралы тапсырма бергені белгілі. Бұл бастамаға Екібастұздағы Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 стансасы алғашқылардың бірі болып үн қосып отыр. Бүгінде «Самұрық-Энерго» АҚ-қа қарайтын ГРЭС-1 стансасында инвестициялық бағдарламалардың нәтижесінде №8 энергоблок күрделі жөндеуден өткізіліп, №6 энергоблок автоматты жүйеге көшкен. Жобаларды жүзеге асырудағы басты мақсат – жұмысшыларды қысқартпау, өнімділікті төмендетпеу.

Екібастұздағы ГРЭС жанына гүл мен қызанақ өсіріледі

Одан бөлек, кәсіпорын жанынан ашылған «Greenhouse KZ» ЖШС жылыжай кешенінде 2015 жылы раушан гүлін өсіру қолға алынса, өткен жылы қызанақ өсіруге тың серпін беріле бастады. Бүгінде кәсіпорында 175 жұмысшы еңбек етеді. Жылыжай құрылысын гүл өсіруде өркениетті тәжірибесі бар голландиялық «VAN DER HOEVEN» компаниясы жүргізді. Жылыжай шыныдан тұрғызылған. Голландиялық инвесторларға тиесілі жобаға 3 млрд теңгеден астам қаржы салынды. Серіктестік басшысы Ерлан Мамытовтың айтуынша, жылыжайда Голландияның жергілікті климаттық жағдайға бейімделген озық технологиясы қолданылады. Аумағы 10 гектар нысанда қазір голландиялық раушан гүлдің үш түрі өсіріледі, қызанақтардың алты түрлі сұрпы «QazTomat» маркасымен шығарылуда.

 – Бір тәулікте 30 мың раушан гүлі, 10 тонна қызанақ жиналады. Біздің қызанақ облыс орталығындағы «Метро» және «Greenwich» гипермаркеттерінде, Екібастұзда саудаланады. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімі жеткілікті екені белгілі, сондықтан негізгі өнімнің 80 проценті ресейлік нарыққа жіберіледі. Қыс кезінде қызанақтың 60 проценті өзіміздің тұтынушыларға қалады, – дейді агроном Әсел Садықова.

Облыс орталығында жақында ғана өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2018» көрмесіне жылыжай қызанақтың қызғылт, фортецея мен черри коктейлі түрлерін әкелді. Әселдің айтуынша, қазір жылыжайда солорино деген атауы бар қызанақтың жаңа түрі өсірілуде. Бұл күніне 200 кило өнім береді.

 Әрине қызанақты жылыжайда өсіру үшін аса қымбат жабдықтар, жылу және электр энергиясы қажет екені белгілі. Оның бағасы да саяжайда өсірілген өнімге қарағанда қымбатырақ болатыны түсінікті. Бірақ шетелден әкелінетін өнімдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Өйткені серіктестік «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен арада қызанақты облыстағы сауда орындарына жеткізу бойынша келісімшарт жасаған.

Кәсіпорында қазір голландиялық 2 мың тал раушан гүлі өсірілуде.

– Гүлдерді ұзақ сақтау үшін са­бақ­тарын бір сантиметр кесу керек. Суға аспирин қосып, құмыраға салып қойған жөн, – дейді Әсел.

Біз де стансаның биік құбырларының түбінде орналасқан жылыжайды аралап көрдік. Құлпырған түрлі-түсті раушан гүлдердің ортасында қалдық. Гүл өсірушілердің айтуынша, биологиялық қорғау әдістерін тиімді, дұрыс қолданса, Голландиядағы сияқты биік болып өседі екен.

– Жабық алаңда өсетіндіктен жарық пен жылуды ерекше қажет етеді. Сұра­нысқа ие «Red Naomi» деген сорты өсі­ріледі. Сабағы 90 сантиметрге жете­ді. Кесіп, жинап алған соң, арнайы тоңа­зыт­қыштарда сақталады. Үйдегі құмы­раларда 4 күн бойы солмай тұрады, – дейді агроном Ә.Садықова.

Жергілікті гүл өсірушілердің ерекше жаңалығы – раушандар топырақсыз, суда, тамшылатып суару арқылы арнайы материалда гүл ашады. Алюминийден құрастырылған арнайы қондырғылар 80 процентке дейін күннен жылу алады. Раушан гүлі жылыжайда екі аптадай өмір сүреді екен.

Жылыжайдың жобалық қуаты жылына 10 миллион дана гүл өсіруге жетеді. Мамандар елімізде халықтың гүлге деген сұранысы 120 миллионды құрайды деп бағалапты. Ал 5 гектар жерде жылына 7 миллион гүл өсіп шығады екен. Кәсіпорын мамандары алдағы уақытта инвесторлар жылыжай кешенінің аумағын 30 гектарға дейін кеңейтіп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылым салуды жоспарлап отыр.

Ал электр стансасы болса жылыжайды сумен, электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Елбасының кәсіпорындар жанынан қосымша өндіріс нысандарын ашу туралы ұсыныс жасауының пайдасы осы. Тұтынатын электр қуаты да арзанға түседі. Стансадан шыққан артық жылу жылыжайға жіберіледі. 5 мВт энергия көлемін қажет ететін алқапта септесіп ілгерілеген серіктестіктің арқасында жаңа жұмыс орындары да көбейген. Инвесторлар да отандық іскер азаматтар.

– Қазір елімізде гүл өсіру нарығының бәсекесі қызып келеді. Тараздың гүлдері сияқты, Екібастұздың раушандары да нарықтан өз орнын алады, біз бұған сенімдіміз, – дейді гүл өсірушілер.

Жылыжай толық автоматтан­дырылған, ішкі температурасын өзі реттеп тұрады. Күн бұлтты кезде нысанның жарығы да өздігінен қосылады. Жылыжай ішінде үнемі баяу ғана классикалық музыка ойнап тұрады.

– Гүлдер әдемі әуенге тербеліп өседі, – дейді гүл өсіруші қыздар.

Көмірімен аты шыққан Екібастұздың енді раушан гүлдерімен, қызыл қыза­на­ғымен де әйгілі болары сөзсіз. Осы­лайша, өндірісті өңірдің экономикасын әртараптандыруға «Greenhouse KZ» ЖШС жылыжай кешенінің іске қосылуы да тың серпін беруде.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ЕКІБАСТҰЗ