Жаһандық жылынудың салдары әлемді алаңдатады

Таяуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «Климаттың өзгеруімен байланысты қауіпсіздіктің тәуекелдері» тақырыбында ашық пікірталас өткенін бұған дейін хабарлаған едік. Жиында жаһандық жылынудың салдары мен оның алдын алу шаралары талқыланды. Қазақстан аталған жиында осыған қатысты көзқарасын ұсынған болатын. Әлемді толғандырған мәселенің Қауіпсіздік Кеңесінде талқылануы бекер емес. Климаттың өзгеруі жоқшылыққа және азық-түлік қауіпсіздігінің болмауына, заңсыз көші-қонға, әлеуметтік тұрақсыздыққа және қиян-кескі қақтығыстарға әкелуі мүмкін.

Егемен Қазақстан
10.08.2018 2103

Ғалымдар Жер бетінің күрт жылына бастағанын, тиісті шаралар қабылданбаса адамзатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағып жүр. Жыл сайын Еуропа мен Азияда су тасқыны болып, көптеген адам зардап шегеді. Ішкі Африкада құрғақшылық күшейіп, көптеген өзен-көлдер тартылып, қоршаған орта зиян шегіп отыр. Америка дүлей дауылдың зардабын тартады.

XX ғасырдың басында әлемде өнеркәсіптік революция басталып, жаппай зауыттар мен фабрикалар салынып, адамзат дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері әлем күрт өзгеріп, өндіріс ошақтарынан бөлінген көмірқышқыл газдары әлем температурасын жылыта түскен.

Кейінгі 35 жылда Жер-жаһан күрт жы­лынған. НАСА-ның мәліметіне сүйенсек, XIX ғасырмен салыстырғанда Жердегі орташа температура 1 градусқа көтерілген. Мәселен, 2010 жылдан бері әлем бес рет рекордтық деңгейде ысыған. Ғалымдар мұның негізгі себебі көмірқышқыл газы мен жылыжай газдарының ауаға көптеп шығарылуы екенін айтады.

Көмірқышқыл газының ауаға көптеп таралуы мұхит суына әсер етіп, соның салдарынан теңіз маржандары азайып, онда мекендейтін жәндіктердің жойылуына әкеліп соғып отыр. National Geographic деректеріне қарағанда, Тынық мұхиттағы бірнеше үлкен маржан рифтері жойылып кеткен.

«Жұт жеті ағайынды» демекші, жаһандық жылынуды кері әсері көп. Антарктида мұзының еріп жатқанын жоғарыда айттық. Бастапқыда аз-аздан мүжілген мұз бүгінде кесек-кесегімен опырылып жатыр. Өйткені климаттың өзгеруі мәңгі мұз жапқан аймақтағы судың да жылынуына әкеліп соғып отыр. Судың мүжімейтін нәрсесі жоқ екені белгілі. Арктика мен Антарктида маңындағы жылынған су мұздарды бұрынғыдан да жылдам еріте түсті.

1980 жылдан бері Арктикада 2,5 миллион шаршы километр мұз жойылып кетті. Бұл шамамен Қазақстанның аумағына тең. National Geographic зерттеушілерінің мәліметтеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы километр мұз ғана қалуы мүмкін.

Антарктида да жаһандық жылынудың зардабын тартып отыр. Қазіргі таңда ондағы мәңгілік мұздар үгітіліп, еріген су мұхитқа құйылып, теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Ақ құрлықта жүргізген зерттеуде мәңгілік мұздардың астын теңіз сулары үңгіп жатқаны анықталды. Жағдай осы бетімен кете берсе, ақ құрлықтағы мұз жабыны еріп, түгелдей мұхитқа құйылады. Мәселен, алда-жалда Антарктидадағы Туэйтс мұздығы түгелдей ерісе, әлемдік теңіз деңгейі 1 метрге көтеріледі екен. Ал мұндай жағдайда, Еуропадағы бірқатар қалалар су астында қалады.

Теңіздің көтерілуі тікелей әсер етпесе де Қазақстан жаһандық жылынудан аз зардап шекпейді. Климаттың өзгеруі жөнінде сөз бола қалғанда еске әуелі Арал теңізі түседі. Бір кездері толқыны шалқып, айдынында аққу-қазы қалқыған ерке Арал бүгінде бүкіл сұлулығынан айы­рылып, бірнеше есе тартылып кетті. Рас, кейінгі уақытта теңізді қалпына кел­тіру жұмыстары жемісті жүзеге асты. Алайда Аралдың өткен ғасырдың орта­сындағы деңгейіне қайта жетуі неғайбыл.

Ерке Аралдың тағдыры қарт Кас­пийдің басына да түсуі мүмкін. Geophysical Research Letters журналына жарияланған зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, кейінгі 20 жылда теңіз булана бастаған. Мәселен, су деңгейі 1996 жылдан бастап жылына 7 сантиметрге азайып, 1,5 метрге төмен түскен.

Зерттеушілер мұның себебін Каспийдің беткі ауа температурасымен байланыстырып отыр. Яғни, ауа райы 1995 жылға қарағанда 1 градусқа жылынған. Алдағы уақытта жаһандық жылыну үдеген сайын қарт теңіздің деңгейі де түсе бермек.

«Егер Каспий теңізі аймағындағы температура жылына түссе, булану жылдамдығы да арта түспек. Теңізге құйылған өзен суы кенеттен артып кетпесе, Каспий бассейніндегі су тартылса, жүйесіздік жалғаса түседі», дейді Франциядағы мұхит суымен айналысатын ұйымның қызметкері Анна Казенаве.

Оның үстіне, кейінгі жылдары Қазақстанда да ауа райы үлкен өзгеріске ұшыраған. Қыста үскірік аяз, жазда аптап ыстық жиілеп кеткен. «Қазгидрометтің» деректеріне сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанның оңтүстік және батыс-оңтүстік өңірлерінде желтоқсанның ауа райы 0,23 градусқа суыған. Орталық және солтүстік өңірлерде 0,58 градусқа төмендеген. Ал наурыз және сәуір айлары 1 градусқа жылынған екен. Яғни, Қазақстанда да климат үлкен өзгеріске түсіп жатыр.

Әлем бұл мәселеде қол қусырып қарап отыр деуге келмес. Алғаш рет климаттың өзгеруіне халықаралық қоғамдастық назары 1972 жылы аударылды. Стокгольмде өткен БҰҰ конференция­сында ұйымның қоршаған ортаны қорғау туралы бағдарламасы бекітілді. 1992 жылы Рио де Жанейрода «Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ конвенциясының» үлгісі жасалып, 1994 жылы іске қосылды. Бұдан кейін Киотода аталған құжатқа толықтырулар енгізілді. Қазіргі таңда конвенцияға әлемнің 192 мемлекеті қол қойған. Осы құжатқа сәйкес, ТМД елдері жылыжай газын шығару көлемін 1990 жылғы деңгейде ұстап тұруы тиіс. Ал Еуропа елдері 8 процентке, АҚШ 7 процентке азайтуы қажет.

Жаһандық жылынуға қатысты соңғы келісімге Парижде өткен конференция­да қол жетті. Франция астанасында жасалған келісімге сәйкес, мүше мемлекеттер 2020 жылдан бастап көмірқышқыл газын ауаға шығару көлемін азайтуы тиіс. Сондай-ақ бес жыл сайын мемлекеттер өздеріне қойылған міндетті қаншалықты орындағаны туралы мәлімет беріп отырады. Сондай-ақ жиынға қатысқан елдер Жер-Ананың орташа жылыну температурасын 2 градустан асырмау туралы келісім жасасты. Өз кезегінде бұл құжат Киото келісімін алмастырады.

Қазірдің өзінде Париж келісіміне сәйкес іске кірісіп кеткен елдер жетерлік. Мәселен, 2017 жылғы шілдеде Францияның Қоршаған орта министрі Николя Юло 2040 жылдан бастап елдегі бүкіл бензин және дизельмен жүретін көліктерге тыйым салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ 2022 жылдан бас­тап Франция электр энергиясын өндіру үшін көмір пайдаланбауды жоспарлап отыр. Осыған сәйкес электр энергиясын тиімді пайдалану үшін 4 миллиард еуро инвестиция тартылмақ.

Норвегия 2025 жылдан бастап жанар-жағармаймен жүретін көліктерге тыйым салса, Голландия мұндай қадамға 2030 жылы баруды жоспарлады. Қазірдің өзінде «Қызғалдақтар еліндегі» ұлттық темір жол қызметі толықтай жел энергия­сынан қуат алады.

Алайда бұл келісімге наразылар да табылды. Былтыр АҚШ прези­денті Дональд Трамп «Париж келісімі­нен» шығатынын, жаһандық жылы­нуға сенбейтінін мәлімдеді. Ақ үй басшы­сының пікірінше, АҚШ келісімге сай әрекет етсе үш триллион доллар қара­жат­тан айырылып, 6,5 миллион адам жұмыссыз қалады екен. Д.Трамптың сөзі әлемде ғана емес, АҚШ-тың өзінде де дау туғызды. Көптеген штаттың басшылары «Париж келісіміне» сай әрекет ете беретінін жеткізді. Кейінірек «Америка климат альянсы» құрылып, оған бірқатар штаттар мүшелікке өтті.

Париж келісімін Қазақстан 2016 жылы ратификациялады. Әлемдік банктің мәліметіне сүйенсек, шартарапта ауаға тарайтын жылыжай газының жартысына жуығы үш елге – Қытайға (10,2 мил­лиард мегатонна), АҚШ-қа (5,2 миллиард мегатонна) және Үндістанға (2,2 мил­лиард мегатонна) тиесілі. Ал «тоғызыншы территория» жылына шамамен 248 миллион мегатонна көмірқышқыл газын шығарады. Яғни, еліміз әлем елдері арасында 22-орында тұр.

«Париж келісімін» орындау мақ­сатында Қазақстан 2030 жылға дейін жылыжай газын шығару мөлшерін 20 процентке азайтпақ. Бұған алғышарттар бар. Кейінгі кезде еліміз болашақтың энергиясына көп көңіл бөліп келеді. Былтыр Астанада ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі өтті. Халықаралық қоғамдастық назарын аударған көрме баламалы энергия көздеріне арналғаны белгілі. Бұдан бөлек, жел және күн энергиясын өндіру мақсатында Жамбыл облысында «Бурное Солар-1» күн электр стансасы секілді бірқатар жобалар іске қосылды. Осындай ілкімді жобалар келешекте еліміздің жылыжай газын шығару көлемін төмендетуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Климат жылынуының нақты әсерін болжау өте қиын. Алайда бір нәрсе анық. Жер-жаһанның күрт ысуы ешкімге оңайға соқпайды. Болжам бойынша, жылыну салдарынан өзендер мен көлдер құрғап, ауыз су тапшылығы туындайды. Қуаңшылық әсерінен егістіктер қу­рап, тамақ тапшылығы басталады. Су тас­қыны, дүлей дауыл, аптап ыстық, құр­ғақ­шылық қалыпты жағдайға айналады.

Ғалымдардың пайымдауынша, теңізге жақын орналасқан аймақтарда жауын мөлшері артып, ішкі өңірлерде керісінше қуаңшылық болуы мүмкін. Кей аймақтарда табиғат апаттары бірінен соң бірі кездесуі ықтимал. Табиғаттың мұндай тосын мінездері, әсіресе кедей елдерге қиынға соғатыны анық. Сондай-ақ көптеген жануарлар мен өсімдіктер жойылып кетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, түрлі жұқпалы аурулар мен тамақ тапшылығынан миллиондаған адам қаза табуы мүмкін.

Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғаса беретіні анық. Ендеше, климаттың өзгеруі бүкіл адамзатқа төніп тұрған қауіп. Бұл мәселеге үлес қосып, жаһандық жылынудың алдын алу барша адамзаттың міндеті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

17.08.2018

«Корея» синдромы

17.08.2018

Жақсы іс жалғасын табады

17.08.2018

ШҚО-да Шәкәрімнің160 жылдығы тойланып жатыр

17.08.2018

Шекарадағы құқық бұзушылық азайып келеді

17.08.2018

Сүт өнімдеріндегі баға теңсіздігі белең алып тұр

17.08.2018

Ауыл кооперативінің артықшылығы

17.08.2018

Отандық балмұздақтардың 10 тоннасы Алматыдан Шанхайға жіберілді

17.08.2018

Басты бағыт – цифрландыру

17.08.2018

Жамбылда ет экспорты мың тоннаға артады

17.08.2018

Рустам МИННИХАНОВ: Экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделіміз

17.08.2018

Солтүстік Қазақстан университеті 1702 грант ұттып алды

17.08.2018

Сапар Өтемісұлы туралы сыр

17.08.2018

Күншуақ қаласындағы жазушы

17.08.2018

Тұлға тағылымы

17.08.2018

Қарағандыда «Мерейлі отбасы-2018» байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті

17.08.2018

Қостанайлық диқандардың биылғы кеусені 5 миллион тоннадан кем болмайды

17.08.2018

Тілтолғақ пен тілтұтқа

17.08.2018

Елімізде халықаралық музыкалық байқау басталады

17.08.2018

«Шахтер» саябағында салынған бассейн құрылысы қала тұрғындарын таңғалдырды

17.08.2018

Жезқазғандағы жекеменшік Диснейленд

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Тілтолғақ пен тілтұтқа

Әлеуметтік желіден «Астана қаласы­ның қаракөз балдырғандары қазақша сөй­лемейтіні несі?» деген сыңайдағы сұрау­лы сөйлем, қобалжулы пікірді көзіміз шалып ойланып қалдық, қапаландық. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ертеңгі ұрпақтың да еншісі бар

Қойнауы құт қазақ жері тәуел­сіз­дігі­міздің ширек ғасырдан асқан шежіресінде ел экономикасын тұралап қалу қасіретінен сақтап келеді. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Мәдениетке мән берсек...

Үйіміздің жанындағы азық-түлік сататын дүңгіршекке соңғы кезде сатушы құтаймай-ақ қойды, жиі-жиі ауысады. Бұрын тіпті мұнда сатушы қыздардың Павлодардан қатынап істейтінін естіп-біліп жүретінбіз. «Екі апта Астанада сауда жасасақ, екі апта бала-шағамыздың қасында болғанға мәзбіз. Ауылдан қалаға қатынап істеудің азабы мен машақаты мұндайды бастан өткізген адамға ғана мәлім. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Арбамен қоянға жетер» күн қайда?

1998 жылы Kodak фирмасында 170 мың адам жұмыс істеген екен және әлем бойынша саудаланған фотоқағаздың 85 проценті дәл осы фирманың үлесіне тиген. Небәрі бірнеше жылдың ішінде олардың бизнес-моделі жойылып, фирма банкрот болған. Бұл нені білдіреді?

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Аграрлық саладағы болашақ мамандықтар

Сарапшылардың болжамдарына қарағанда, әлемдік аграрлық салада 15-20 жылдың ішінде революциялық өз­герістер жүзеге асырылады. Жаңа тех­нологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы, ғарыш кеңістігін игеруге көптеген елдердің құлшыныс танытуы, гендік инженерия ықпалының күшеюі, азық-түлікке сұраныстың артуы, бос жатқан жерлердің азаюы секілді факторлар әлем бойынша жаңа технологиялармен қаруланған жаңа тұрпатты ауыл ша­руашылығын қалыптастырады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы өзгерістерге барынша баяу бейімделетін ең консервативті сала деген бұрынғы түсініктің көбесі сөгіледі.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу