Атап айтқанда, еліміздің тарихи мекендері мен табиғаты таңғажайып өңірлеріне саяхаттау жобасы бойынша отандық және шетелдік мамандардан құралған экспедициялық топ бірнеше бағытта сапарға шықты. «Ұлы Дала еліне саяхат» атты ұранмен жалау көтерген жобаның екі бағыты бойынша шаралар ойдағыдай аяқталды. Алыс-жақын шетелден шақырылған тревел-блогерлер, тележурналистер және туроператорлардың өкілдері жиналып «Тянь-Шань маржандары» және «Алтай – өркениет бесігі» бағытында арнайы саяхат турымен жүріп өтті. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Күні кеше туристік экспедиция тобы үшінші бағыт бойынша сапарға шықты. Бұл жолғы бағыт – Жетісу Алатауы. Жобаға қатысушылар жеті өзен безендірген, белестер мен таулар қоршаған аумақтағы киелі жерлерді аралауды мақсат етіпті. Экспедиция құрамында танымал тележурналистер, жиһанкез блогерлер және кәсіби саяхатшылар бар.
Ақ басты Алатаудың Жетісу өлкесіне орналасқан бөлігін аралауды мақсат еткен жанның бірі – швейцариялық фотограф-пейзажшы Кай Гроссманн мырза. Дүние жүзінің көптеген елдерінде болып, тұмса табиғаттың талай ғажабын көзбен көрген кәнігі фотокөз қазақ даласының кереметтеріне сырттай қанық екен. Ол өзіне серік ретінде британ саяхатшысы әрі фотограф Джэк Хардин мен жиһанкез-блогер Андрей Кулагинді таңдап, ертіп алыпты.
Саяхатшылар алдымен «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына ат шалдырмақ. Осы саябақ аумағындағы Бесшатыр қорық-кешенін араламақшы. Бұл жерде сонау сақ дәуірінен бері сақталып келген көне обалар жатыр. Осы маңдағы атақты Айғайқұмға да арнайы барып, табиғаттың кереметіне көз қандырмақшы. Бұдан әрі жер бетінде 700 жылға жуық өсіп тұрған Әулиеағашқа да барып, тәу етуді жоспарлапты. Айтпақшы, шетелдік саяхатшылар Шажы өзенін бойлап жүріп өтуге бел буыпты. Бұл өзенде «Қызыл кітапқа» енген Жетісу аяқтыбалығы мекендейді. Кай Гроссманн адам көзіне сирек түсетін мақлұқатты суретке түсіруді армандайды екен. Мүмкін оның жолы болар...
Жалпы, «Жетісу Алатауы» жобасы бойынша саяхатқа шыққан топ жер жәннатының жауһарлары – Көксу өзенінде салмен жүзіп, Баянжүрек тауына, Бүйен өзеніне, Бұрқанбұлақ сарқырамасына, сол маңдағы Жасылкөлге, Тентек өзені мен Атапқан асуына, Тастау базасы мен Қойлық қалашығына да баруды жоспарлап отыр.
– Жетісу алқабы – бірнеше ғасырлардың құпиясы мен аңыздарын сақтап келе жатқан айрықша өлке. Бұл аймақтардан адамға мүлдем беймәлім жануарларды немесе адам аяғы баспаған асуларды кездестіруге болады. Ежелгі темір және қола дәуірінен қалған көптеген ескерткіштер де бар. Бұл бағыт көшпелі елдің мәдениеті мен табиғи нысандардың пәк сұлулығына тәнті болғысы келетін туристерге өте қызық болады деп ойлаймын, – деді жиһанкездерді саяхат сапарына шығарып салу барысында «Kazakh Tourism» компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»