– Біз оқытушылардың кәсіби біліктілігіне ерекше назар аударып отырмыз. Өткен жылы өңірдегі колледждерден 16 педагог Малайзия, Чехия, Ұлыбритания, Германия және Финляндия сияқты елдерде білімін жетілдіріп қайтты. Бұған қоса 100-ден аса колледж оқытушысы мен шебері ағылшын тілі курсынан өтті. Бүгінде 5 колледжде арнаулы пәндер мен информатика сабағы ағылшын тілінде өтеді. Осы күзде Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінің 10 оқытушысын ВІМ (Building Information Modeling) технология пәнін терең меңгеру үшін Финляндияға жібергелі отырмыз. Биылғы оқу жылынан бастап Орал қаласы мен аудан орталықтарында бағдарламалау негіздері мен робот техникасын тереңдетіп оқытатын ІТ-сыныптары ашылады, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Биылғы тамыз кеңесінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбымен өтуінде де үлкен мән бар. Өңір басшылығы жеке адамның кәсіби жетілуіне, білім деңгейінің әлемдік талаптарға сай көтерілуіне ден қойып отыр. TEDх форматында ұйымдастырылған конференцияда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма басшысы Күләш Шамшидинова, «Knouledg Engineering» ЖШС директоры Нартай Әшім, «Astana Garden Schools» басшысы, білім беру технологиялары бойынша тренер Нұрмұхаммед Досыбаев, «Editech» халықаралық білім орталығының бас директоры, психолог Ғани Бейсенбаев сынды білікті мамандар сөз алып, маңызды саланың бүгіні мен болашағы туралы ойларымен бөлісті.
– Биылғы тамыз кеңесі жылдағыдан өзгеше. Ерекшелігі сол – маңғаз президиум да, көлдей баяндамалар да, трибунадан есеп беру де болған жоқ. Шақырылған спикерлердің әрқайсысы бір мектеп, бір лекторий. Атап айтқанда, Күләш Ноғатайқызы – қазіргі заманғы мықты қоғам қайраткері, еліміздегі білім берудің жаңа философиясын, жаңа мазмұны мен әдістемесін құрастырып қана емес, мектептерге енгізуді абыроймен іске асырып келеді, – дейді Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бақышева.
Облыстың білім саласында цифрландыру ісі де қарқынды жүруде. Білім беру саласындағы сапа мен ашықтықты қамтамасыз ететін осы жүйенің арқасында ата-ана балабақшаға баласын онлайн режімде орналастыра алады. Баланың мектептегі сабақ үлгерімін де е-күнделік жүйесі арқылы бақылап отыруға болады. Өңірдегі шалғай ауылдарда шашырап жатқан шағын мектептерде «Білім book» электронды жобасы енгізілген. Яғни 226 шағын жинақты мектеп бағдарламасы тоқсан сайын жаңартылып тұратын «Білім book» ноутбуктерін пайдаланады. Ең озық бағдарламалар, сабақ үлгілері үш тілде жүктелген бұл көмекші құралға интернеттің қажеті жоқ, автономды қызмет етеді.
Тағы бір жаңалық, облыста педагогикалық, индустриалдық және спорттық бағытта білім беретін үлгілі үш колледж құру қолға алынбақ. Әлемнің озық оқу методикасы, заманауи жабдықтар мен креативтік ойлау жүйесі кешенді көрініс табатын мұндай білім ордасы өңірдегі өзге колледждерге тәжірибе таратып, алға сүйрейтін локомотив қызметін атқаратын болады.
– Біз 3-6 жас аралығындағы сәбилерді мектепке дейінгі тәрбие орындарымен толық қамтыдық. 2018 жылдан бастап Орал қаласы мен Бөрлі ауданында балабақша кезегіне тұру автоматтық жүйеге көшті. Жыл соңына дейін бұл үрдіс барлық аудан орталықтарына енгізіледі. Облыста «БатысБілімTallks» білім беру лекториясы және «Өсу векторы» атты лидерлік мектеп жобасы қолға алынды. Бұл өңір педагогтарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ең жаңа бағдарлама, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы