Мақаншы ауданаралық ауруханасының үш қабатына мүлтіксіз жүріп-тұратын лифт пайдалануға берілді.
Ең қуаныштысы, аталған лифтінің жұмыс істеуіне демеушілік қолдау көрсеткен Мақаншы ауылының тумасы, атымтай азамат, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхамет кездесуге Алматыдан арнайы келді. Аурухананың бас дәрігері Нағима Жақиянова емханада қырық жыл бойы болмаған лифтінің орнатылғанына қуанышты екенін жеткізді. «Жүріп-тұруы қиын сырқат адамдарды жоғары қабатқа медицина қызметкерлері талай жыл арқалап апарып жүрді. Кішкентай мейірбикенің алпамсадай сырқатты қалай жеткізерін білмей қиналып тұрғанын көрсеңіз, өн бойыңызды мұз қарығандай болады. Мақаншы ауданаралық ауруханасына ем іздеп ауылдардан келетін адамдардың, осы мекемеде еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің атынан жаны жомарт, аяулы азамат Рақымғали Абрарұлына рахмет айтамыз», деген бас дәрігер демеушіге арғымақ мүсінін сыйға тартты.
Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серік Садуақасов бұл бастаманың басқа да қалталы азаматтарға үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті. «Әлішер Науаи: «Жомарттық – бақтағы мәуелі ағаш, тіпті сол ағаштың жемісі» деген болатын. Осы ісіңізбен ата-анадан тараған асыл қасиетіңізді, туған жерге сүйіспеншілігіңізді көрсеттіңіз», деді ол.
Ал ауыл қариясы, ауданның құрметті азаматы Төлеген Жирентаев сөзін әріден бастады. – Әкең Абрар ақсақал жаны таза, жұмысына тиянақты, ісіне адал, уәдеге берік, үй-ішіне ерекше қамқор жан. Бүгінде тоқсан жастан асып, ел мен жерге тілекші болып отырғанына қуанамыз. Әке мен ананың мейіріміне бөлеген Абрар ағаның балалары өздері өскен елге деген балалық іңкәр көңілдерін, адамгершілікке толы істерін үнемі көрсетіп келеді, – деп ақ батасын берді. Өз кезегінде ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының бірі Бейсенбай қажы Қырықбайұлы да атымтай азаматқа алғыс айтты.
Бұрынғылардың «Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» дегені осы болар. Бұл ретте Рақымғали Құл-Мұхаммед басқаратын «Атамұра» баспаханасының көмегімен жергілікті ақындар Жабайыл Бейсенов, Айжарық Абылқасымовтың жыр жинақтары, журналист Сәбит Шөмшековтің прозалық кітаптары, көкталдық Күлпан Базарқызының ауыл тарихын ұлағаттаған естелігі, шежіреші Амангелді Бөгісовтің Байғана руы жайлы жазған шежіресі, ел басқарған Бауыржан Жүнісовтің өмірбаяндық хамсасы, Әсеттің 150 жылдығына арналған «Әсетті танып, білдік пе?» сынды зерттеу еңбектерінің жарыққа шығуына демеушілік көрсеткенін де айта кеткеніміз жөн.
– Рақымғали Абрарұлы таяуда жарбұлақтық спортшы, палуан Төкен Сейдікәрімұлы жайлы жазылған кітапты да шығарып берді. Сондай-ақ өзі оқыған Ә.Найманбаев мектебіндегі Әсет ақынның мұражайын қалыптастыруға қаржы бөлді. «Үздік ұстаз», «Үздік оқушы» аталымдарына арнайы ақшалай сыйлық белгіледі. Мектепке, ауданның 80 жылдық тойына жеңіл автокөлік беріп, үлесін қосты. Үржар ауылында мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттілігі үшін қол арбаларға жарты миллион қаржы босатты. Тізе берсе, демеушілік көрсеткен жемісті ісі аз емес, дейді ауыл азаматтары.
Жиында Рақымғали Абрарұлы өз сөзін туған жерге келіп, жерлестерімен, ауылдың абыз қарияларымен кездескеніне қуанышты екендігінен бастады.
«Адам баласы үшін асыл құндылықтардың бірі өзіңді өмірге әкелген ата-анаң болса, екіншісі, кіндік қаның тамып өсіп-өнген, ер жеткізген туған жерің. Осы ыстық ұғымдар бүгін менімен бірге. Мен – туған ауылымдамын. Бірде анамыз сырқаттанып, жедел жәрдеммен осы ауруханаға әкелуге мәжбүр болдық. Дәрігерлердің үшінші қабатта отыратынын білген соң, дереу лифт іздедім. Бірнеше адам анамызды үшінші қабатқа көтеріп апардық. Дәрігерлер анамды қарап жатқанда, баспалдақтың қасында күтіп тұрған едім. Сол сәтте осы ауруханаға келетін барлық науқастың лифтіге мұқтаж екеніне көзім жетті», деді кәсіпкер тебіреніп.
Кеңес дәуірінде емханада лифт үшін қалдырылған арнайы орынға Беларусь елінде шығарылған лифт дәл келіпті. Лифтіні орнатуға атсалысқан Өскемен «ЛИФТТЭК» мекемесінің басшысы Асхат Нұрышевтің айтуынша, сапалы лифтіні орнымен пайдалана білсе ұзақ жыл қызмет етеді.
Салтанатты шарада Т.Бәкейұлы, Р.Абрарұлы, Ә.Ахмерұлы жаңа лифтінің лентасын қиып, ақ тілектерін білдірді. Жаңа лифт кең, ені – 1,5, ұзындығы – 2,5 метр. 500 килоны жоғары қабатқа қиналмай көтереді. Бас мейірбике Фатима Мандышқызы «Бұл біздің мейірбикелерге үлкен көмек болды», деп разылық көңілін білдірді.
Лифтімен жоғарыға көтерілген қонақтар екінші қабаттағы қабырғадан осы ауруханада бас дәрігерлік қызметтерін абыроймен атқарған Болат Сіләмбеков, Тәңірберген Тоқтаров, Айтқали Жармұхаметов, Гүлнар Төлеутаева, Ерлан Масалимов, Әлмұрат Рыспаевтардың майлы бояумен салған суреттерін тамашалап, аурухана қызметімен танысты.
Мұратқазы САЯБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Мақаншы ауылы