Үкімет • 03 Қазан, 2018

Үкімет отырысында үш мәселе қаралды

360 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үш мәселе қаралды. Бірінші болып Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында денсаулық сақтаудың қазіргі мәселелері мен медициналық көмек көрсету сапасын арттыру туралы баяндады.

Үкімет отырысында үш мәселе қаралды

Басты байлық – денсаулық

«Қоғам көтеріп отырған денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын толықтыру үшін ұсынылған өзгерту жобасында көрініс тапты», деді министр. Оның айтуын­ша, министрлік ресми өтінімдер мен БАҚ бет­теріндегі, әлеуметтік желілерде көтерілген бар мәселелерді ескеріп, талдау жасаған.

Сонымен  Е.Біртановтың баяндамасын­да денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мә­селелері алты топқа бөлініп көрсетілді: қызмет көрсету сапасы; білікті мамандардың жетіспеуі; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету; медициналық жабдықтарды жаңарту; сондай-ақ халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпарат тарату; денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы; азаматтардың денсаулығының төмен деңгейі.

Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін Мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар маңызды шараларды қабылдамақ. Мәселен, келесі жылдың аяғына дейін министрлік жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайту, мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы алғашқы медициналық көмектің шағын нысандарын дамыту көзделіп отыр.

«2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түсетін жүктемені 1,700 адамға дейін азайтуы керек», деді Е. Біртанов.
Бұдан өзге, Е.Біртанов қағазсыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру, соның нәтижесінде медицина қызметкеріне түсетін шамадан тыс жүк­темені төмендету қажет екенін атап өтті.

Медициналық көмектің сапасын жақ­сар­тудың тағы бір аспектісі қауіпсіз босан­дыруға және ана өлімін азайтуға бағытталған. Мемлекеттік бағдарламада дәрігерлердің біліктілігін одан әрі арттыру, медициналық ұйымдарды акушер-гинекологтермен және анестезиолог-реаниматологтермен жасақтауды 95%-ке дейін жеткізу көзделген.

Медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі шаралар шеңберінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілмек. Мәселен, биыл 31 млрд теңге сомасында 35 нысанның құрылысы жүргізілсе, 2019 жылы сомасы 55,6 млрд теңге бола­тын 33 нысанда құрылыс-монтаждау жұ­мы­сы жоспарланған. Мұнда 60%-тен ас­тамы жекеменшік инвестициялар арқылы қаржыландырылмақ. Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту және медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру мақсатында 2019 жылдан бастап, медициналық ЖОО-ларға және колледж­дерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі. ЖОО-лар мен колледждердің түлектерін міндетті тәуелсіз бағалау заңды түрде бекітіледі.
Өзекті проблемалардың бірі азаматтар­дың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуге құқықтарын сақтау. Осыған орай мем­лекеттік бағдарламада барлық тегін дәрі-дәрмек беруді дер­бестендірілген есепке алу көзделген. 

Цифрландыру аясында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап саладағы медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу, жергілікті электронды денсаулық паспорттарын ұлттық денсаулық паспорттарымен үй­лестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ден­саулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні 10 млн адамның электронды денсаулық паспорты бар.

Отырыста 36 көрсеткіштен тұратын аталған бағдарламаны толықтай орындай алмай отырған әкімдердің жеке есептері тыңдалды. Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың, Ақмола облысының әкі­мі М.Мырзалиннің, Қызылорда облы­сының әкімі Қ.Көшербаевтың, Алматы қа­ла­сының әкімі Б.Байбектің, Атырау облы­сының әкімі Н.Ноғаевтың, Солтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімі Қ.Ақсақаловтың, Қостанай облысының әкімі А.Мұхам­бетовтің, Шығыс Қазақстан облысы әкі­мінің орынбасары Е.Аймұқашевтың өңір­лерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды. Баяндалған ақпа­рат­тарға сәйкес, көптеген көрсеткіштер бойынша (сәбилер өлімінің қантамыр жүйелері, обыр мен туберкулез аурулары­нан өлімнің азаюы) денсаулық сақтау сапасының артуы байқалып отыр. Дегенмен, бірқатар облыс әкімдерінің бағдарламаның бекітілген көр­сеткіштерін уақытылы орындауға қол жеткізе алмауы назар аудартады. Осы­ған орай Премьер-Министр Бақытжан Са­ғын­таев денсаулық сақтаудың өзекті мәсе­лелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Денсаулық сақтау министрлігіне әкім­­дердің ұсыныстарын қарастырып, мем­ле­кеттік бағдарлама аясындағы жұмыс­тарды одан әрі белсендіру үшін қосымша тетіктерді пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар министрлікке дәрі-дәрмектермен, медициналық бұйымдармен, кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыстарды жүйелеу, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жай-күйі мен заманауи медициналық жабдықтармен жарақтау мәселелерін шешу тапсырылды. Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп емханалар мен ауру­ханаларды, әсіресе шағын маманданған дәрігерлік кадрлармен жинақтау мен оқыту, олардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік қолдаумен қамту бо­йынша іс-шаралар қабылдау міндеттелді.

Баға бақылауда болуы тиіс

Сондай-ақ Үкіметтің осы отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу шаралары қаралды. Отырыста бұл жайында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев айтып берді.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биылғы жылдың басынан бері инфляция деңгейі 5-7% аралығында сақталып отыр. Қыркүйек айындағы инфляция өсімі 0,4%-ті құраса, жыл басынан бері 3,3% болды.  Жылдық инфляция 6,1%-тік көрсеткішті көрсетті.

«Бірқатар өңірлерде баға орташа республикалық деңгейден асып түскен. Бұл жағдай Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент, Алматы қалаларында байқалады», деді Р.Дәленов. Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне 19 азық-түлік өнімі – ұн, нан, макарон, қара­құмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырық­қабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе кіреді. Биылғы жылдың 9 айында осы тауарлардың бағасы 0,7%-ке өскен.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев осы жылдың 9 айында инфляция белгіленген дәліз деңгейінде сақталғанын атап өтті.
«Қыркүйекте жылдық инфляция 6,1%-ті құрады. Биыл Ұлттық банк тарапынан қосымша шараларды қабылдамай-ақ инфляция 5%-тен 7%-ке дейінгі мақсатты дәлізде сақталады деп болжап отырмыз», деді ол.

Өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі мен нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады. «Жалпы алғанда, жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының аздап өскені байқалды. Сонымен бірге кейбір тауарлар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалды. Олар қарақұмық жармасы – 27,2%, картоп – 22,3% және пияз –16%-ке төмендеген», деді А.Евниев.

Отырыс барысында өңірлердегі қазіргі жағдай мен бағалардың өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы облыс әкімдері баяндады.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев халық үшін әлеуметтік мәні бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуі аса қиын тиетінін айтты.

«Жергілікті атқарушы органдар баға нарығын реттеу мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы, яғни сатып алуларды уақтылы жүргізіп, тауарларды жаңартып отыруы керек. Аталған жұмыстардың барлығы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Мониторингті күшейтіп, қажет болған жағдайда барлық ресурстарды жылдам іске қосуды тапсырамын», деді Б.Сағынтаев.

Қалдық деп қырын қарамайық

Отырыста қаралған үшінші мәселе – Тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) қайта өңдеу және кәдеге жарату жөнінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол бұл мәселеге орай министрліктің әкімдіктермен бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарту арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша шаралар кешенінің жобасы әзірленгенін айтып өтті.

«Жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық түзіледі. 2018 жылдың 8 айында – шамамен 3,2 млн тонна болды, оның 330 мың тоннасы немесе 10,5 проценті қайта өңделді және кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 9 процентті, ал 2016 жылы 2,6 процентті құрады», деген министр қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жоғары көрсеткіш Алматы (24,1%) облысында байқалғандығын, ал Павлодар (0,1%), Маңғыстау (1,7%), Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан (шамамен 3-4%) облыстарында істің ілгері басуы нашар екендігін атап көрсетті.

Үкімет басшысы бұл мәселе жөнінде де тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»