Ақ бура

2008 жыл. Тамылжыған тамыз айы. 65 автобуспен алаштануға ден қойып жүрген досым Ұшқын Сәйдірахманұлы екеуміз Абай көшесінің бойымен жұмысқа келе жатқамыз. 

Егемен Қазақстан
12.10.2018 2360
2

Дәл Ұлттық кітапхананың алдындағы аялдамаға келгенде, қарсы беттен қызыл костюм, ақ кепкі киген аңыз адам, үлкен ақын Өтежан Нұрғалиевті көзім шалып қалды. 

   – Түсіп қалайықшы, – дедім Ұшқынға.

   – Не үшін, әлі ұзақ қой, жаяу бармақсың ба? – деді.

   – Түскен соң айтамын, – дедім. 

      Кітапхананың алдындағы жер асты жолымен қарсы бетке өттік. Тақуарлап сұрап қоймаған соң  «Өтежан ағаны көріп қалдым, қолын алайық», – дедім. Ұшқын «жөн екен» дегендей үнсіз ғана жымиды. Ақ кепкіні бір жақ шекесіне қисайта киіп алып, ой үстінде келе жатқан ақынға екеуміз жарыса «ассалаумағалейкум» дегенімізде түрімізге бажырая қарап, 

 – «Уағалейкумассалам», – деді. Атына сырттай қанық ақынның алдында тартынып тұрмыз. Соны сезгендей:  Қай баласыңдар, кімсіңдер? – деді. 

  – Ақынмын, – дедім.

   – Ақын болсаң өлең оқы, – деді. Өзімше батылданып айтарымды айтып алғанмен, саса бастадым.

   – Қане, оқы! – деді жымиып. «Ұялған тек тұрмас» дегендей «Дүние» деген өлеңімді оқи жөнелдім. 

Дүние, қайтем сенiң жұмағыңды,

Басымнан жел ұшырды тұмағымды.

Өлеңiм өмiрiме айналсын деп,

Iздеп жүрмiн мәңгiлiк тұрағымды,

 

Мен кiмнiң еншiсiне таласамын,

Ешкiмде жоқ едi ғой алашағым.

Жүрегi қаралардан биiкпiн де,

Көңiлi тазалардан аласамын.

 

Басымды тасыңа ұрып жараласам,

Өзiң бiл аямасаң, араласаң.

Дүние, неге саған кейiмеймiн,

Ақынды тектен-текке қараласаң?

 

Бәрiн де қазы уақыт бағалайды,

Ақымақ ақылдыны қаралайды.

Өмiрдiң болымсыз бiр сәтсiздiгi,

Жүрегiн ақындардың жаралайды. 

Оқып болып, ұяла бетіне қарадым.

     – Жаман емес, бірақ менің ұстазымды оқымағаның көрініп тұр, – деді. Не дерімді білмей тұр едім, тыныштықты өзі бұзды.

     – Ертең сағат 12-де  дәл осы жерде кездесейік. Өлең оқиық, бағанағы өлеңіңдей бес жүз өлең бар менде. Қалай, келісесің бе, келіссең, кел, – деді.

     – Жарайды, – дедім аузыма басқа сөз түспей... Былай шыққан соң:

      – Ертең келесің бе? – деді Ұшқын.

       – Білмей  тұрмын, ағамыз өзі келе ме екен, менімен сөйлесіп, уақытын өлтірмейтін шығар, – дедім.

      – Меніңше, ол кісі келеді. Сөзінде тұрады. Сен де кел, – деді бұйыра сөйлеп.

    Ертесі өлең жазып жүрген киіз дәптерді қолтыққа қысып, уәделі жерге бір сағат бұрын келіп алдым. Күтіп отырмын. Жүрек тарсылдап кеудеге сияр емес. Бұрын-соңды ондай нән шайырлардың қайсысымен тілдесіп көрді дейсіз? Оның үстіне Өтекең – Өтежан Нұрғалиев – алдаспанның нақ өзі.

     Жазушылар одағында өтіп тұратын үлкенді-кішілі әдеби кештерде талай мықтыларды сөзбен сойып сап,  әбігерге салғанын көзімізбен көріп, құлағымызбен естігеміз. Енді міне, сол арыстанмен өлең оқу «бәсекесіне» түскелі тұрмын. Әне, қызыл костюмы, оң жақ шекесіне қисайтып киген ақ кепкісін алыстан таныдым. Тұмсығы үшкіл туплиі қызық көрінді. Қалың портфелі,  кеудесінде жарқыраған орден. Кешегісінен  қарағанда Өтекеңді өзгеше көрсетіп тұр. Екі жылдың алдында «Қазақ әдебиеті» газетіне «Орден алғанда» деген өлеңі жарияланған болатын. Жарқыраған темірдің сол екенін түсіндім. Ұлттық кітапхананың алдындағы орындыққа жайғастық.

      – Темекің бар ма, – деді. Жүгіріп барып, газет сататын дүңгіршектен шылым сатып алып келдім. Түтінді көкке үрлеп, қас-қабағын бағып отырмын. Үн жоқ, ойланып ұзақ отырды, шыдамым таусылып қипақтай бастағанымды сезді-ау деймін. Қоңыр портфельдің аузын ашып, сарғайып кеткен газеттің бірінен «Жауынның алдында» деген өлеңін оқи жөнелді.

Бұлттарды сабап күйініп,

Найзағай әбден шаршады.

Жібермей бұлтты иіріп

Кемпірқосақ қоршады.

 

–Нөсерлі еді найзағай,

Шыбыртқы соққан шыртылың,

Бұлттарды түріп айдамай

Қуатың қайда, жарқыным?!

 

Тіл қатты таулар осылай

Аспанның найзағайына,

Қаһары келіп найзағай,

Таулардың қайрағанына.

 

Ашумен жұлып кетті де,

Жартысын кемпірқосақтың,

Қосақтап қойған тамшыны

Қылышпен кесіп босатты.

 

...Шөлдеген жерді шолғандай,

Тамшылар бір сәт бөгелді,

Енесін көріп қалғандай,

Жамырап жерге жөнелді...

     Қырылдап оқығанмен, дауысы түсінікті екен. «Тағы  оқыңыз» дедім тыңдай бергім келіп. Төрт-бес өлең оқыды. Арасында «Мына жолдарды жұмсартып жіберіпті. Көлеңкесінен қорқатын редакторлар ғой. Газет-журналдың билігін ұстаған адамның санасы азат болмай, ол – басылым жарқырамайды. Сен бала да бастығыңның айтқанынан аса алмайсың ғой», – деді күліп.

      Шынымды айтсам, Өтекеңмен өлең оқу жарысына түсу үшін емес, ол кісіден жұмыс істеп жүрген «Жұрағат» журналына сұхбат алу ойым бар еді. Оның үстіне Өтежан ағамыз жетпіс деген мерейлі жасқа келіп отыр. Кез келген басылымға сұхбат бермейтін, сәті түсіп бере қалған жағдайда журналистің өзін қағып-сілкіп алатын мінезді ақынның көңілін тауып, көсілтіп бір сөйлетуді армандап жүруші едім. Ойымды түсінген соң, «менен сұхбат алсаң, жұмысыңнан қуыласың!  Оның үстіне мен сенің журналыңды оқымаппын, атын өзіңнен естіп тұрмын. Айттым ғой менен сұхбат алған журналистердің көбі қызметінен қуылған...

       Білімі таяз, әркімнен бір естіп алған әңгімелерін сұхбаттың сұрағы қылып басыңды ауыртады. Журналистерден  шаршадым. Мені көрсе болды «сұхбат беріңіз» деп жабыса кетеді.  Оқымайтын, ізденбейтін,  қарабайыр тілшілермен төмен деңгейде әңгіме айтқым келмейді. «Жас қазақ» газетіне Әмірхан Балқыбекке берген сұхбатымды оқыдың ба? – деді.

   – Оқыдым!

   – Әмірхан – білімді  жігіт. Мен сондай адамдармен ғана сөйлесе аламын. Ол көп оқыған, ал, сен әлем әдебиетінен кімді оқыдың? Ары кетсе, Толстойдың екі әңгімесін, Есениннің бір топтамасын ғана оқығасың! Пушкин, Байрон, Лермонтовтың аттарын ғана білесіңдер сендер журналистер», – деп ренжи сөйледі ақын.

Не дерімді білмей:

      – Қолымызға түскенін оқып жатырмыз, сол үш мықтыңыз Абайдан артық дейсіз бе?  – дедім сөйлете түскім келіп.

     – Абайдан артық болмаса оқымау керек пе? «Абай, Абай» деп айқайлап жүргендердің өзі Абайды түсінген жоқ әлі, – деді.

    – Сіз «Абайды  мойындамаймын» деп жиі айтады екенсіз ғой, – дедім.

    – Мен Абайды мойындаймын. Абайды – ең жақын түсінген қазақтың бірі менмін!  Жұртты шулату үшін әдейі айтамын, – деді ақын.

        Бұл жауапқа сенер, сенбесімді білмей отырып қалдым.

Сәлден соң:

 – Шылымыңнан, – деді. Темекіні серік етпегені көрініп тұр. Оқта-текте ғана ермек қылатын болса керек...

       Көңілді отырған сәтін пайдаланып:

    – Жас ақын Алмас Темірбай сізге «қара таңба» тапсырыпты ғой, – дедім.

    – Иә, ақындар арасында ондай дәстүр ертеден бар. Қолыңа қара белгі әкеліп байлайды. Бұл «Сенің ақындығың бітті, сарқылдың» дегені. Ол маған келіп екі өлең оқыды. Мықты ақын екен. Үйге жүр, өлең оқиық деп едім, келмеді. Сонымен бітті. Бұл ойын жалғаспай қалды, – деді.                                               

                                                             ***

      Екінші рет кездескендікі болар, азулы ақынға бойым үйрене бастады. Қоштасып тұрып, үйінің номерін жазып берді. Арада бір апта өтпей жатып хабарластым. Телефонды өзі көтерді. Абай мен Желтоқсан көшелерінің қилысындағы аллеяда кездестік. Ол кісі сөйлеуші, мен тыңдаушымын. Әлем әдебиетінің марқасқалары туралы көл-көсір лекцияның тегін тыңдаушысы болғаным үшін өзімді шексіз бақытты сезіндім.

     – Аға, мына бір кафеге кіріп шәй-пәй ішіп әңгімемізді жалғастырмаймыз ба десем, – маған кемпірімнің шайынан артық шәй жоқ, сол ақшаңа кітап сатып ал, болмаса қызыңа балмұздақ алып берсеңші, – деп жымияды. Сөзім өтпейтінін білген соң, ары қарай тыныш отыруды жөн көрдім. Серуен аяқталып үйіне шығарып салуымды өтінді. Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіштің шығыс жақ бетіндегі сұр үйдің бірінші қабатында тұрады екен. Дүкеннен сүт алып келе жатқан апамыз кездесе кетпесі бар ма? Мені көріп дұрыс қабақ танытпап еді, – Әй, бұл жақсы бала, – деді де, апамыздың алдына түсіп тез-тез жүріп кетті.

     Араласа келе түсінгенім, жұрт мінезді, қырсық, тәкәппар деп сырт айналатын Өтежан Нұрғалиев қарапайым адам сияқты көрінді маған...

    Кез келген адамның өз жанының құпиясы болады. Әркімге бір шығармашылық лабороториясын аша берсе несі қызық. Өтежан ақын қырсық сөйлеп, орынсыз мінез көрсетсе өзіне жарасып тұратын болар деген ойға келдім. Әрі ол кісінің мінезді кезі бұдан жиырма-отыз жыл бұрын жас кезінде болған болуы керек. Оны біз көрген жоқпыз. Тек естігеміз. Ал, қазір байсал тартқан, бірақ сөзін әзілмен бастап, мысқылмен аяқтайтын әдеті сияқты. Жастардың бұл кісіге үйір болатыны сол қызық мінезі. Өзін паң ұстап, жалған мақтауды малданып жүрген ағасымақтарды жас қаламгерлер өлсе де үлгі тұтып, жақындамайды. Жақындаған күннің өзінде де шынайы бейнесін таныған соң теріс айналады. Ал, Өтежан Нұрғалиевтің орны бөлек! Кілең жас ақындар осы кісіні жағалап, әңгімесін тыңдауға құмартып жүреді. Сол үшін де сұхбат алуға тырысады. Себебі, журналистер қауымы сенсация жасауға құмар халық. Өтежан ағаның сұхбаты қалай да бір шу тудыратыны анық. Бірақ Өтекең жөнді-жөнсіз сұхбат бере бермейді.

      Жиі кездесіп жүрдік. Бірде «Тоқаш Бердияров – лириканың атасы. Әттең, елеусіз, ескерусіз қалып барады. Менің ұстазым сол Тоқаш қой, мен ол кісіге адал шәкірт болдым» деп ойлаймын... Жұматай Жақыпбаевті әйелі, Кеңшілік Мырзабековті баласы іздейтін қазақ қоғамынан жерідім. Мықты ақындарды елдің мақтанышы ретінде насихаттауымыз керек емес пе? Неге, Кеңшілік пен Жұматайды тек жақындары іздеуі керек? Сол менің көкейіме қонбайды. Сендер, жастар не мәселені жиі талқылайсыңдар? Жаның ауыра ма өзі?, – деді.

     – Ауырмағанда, өз деңгейінде ауырады, – деп едім, «Сенің жаның журналың үшін ғана ауырады» демесі бар ма?! Қосыла күліп жібердік.

 

                                                                ***

       Іс-сапармен кетіп ұзақ уақыт хабарласа алмай, жазушылар одағында өткен жас ақындардың жыр кешінде кездесіп қалдық. Амандасып едім, жақтырмағандай рай беріп, – Әй, Ерғали, мен енді сенімен дос болмаймын, Олжас Қасым деген жаңа дос таптым, – деді. Күліп жібердім. Соның алдында ғана бір факультеттің түлегі жас ақын Олжас екеуміз Өтежан аға туралы ұзақ-сонар әңгіменің тиегін ағытып едік.

     Ертесі түс қайта қоңырау шалып едім «ұйқтап жатыр» деді апамыз.  Бір сағат өтпей тағы қоңыраулаттым. Өзі көтерді. Ұлттық кітапхананың алдында кездесетін болып уағдаластық. Менен бұрын келіп алыпты.

    – Кімді оқып жүрсің, – деді.

    – Сіздің ұстазыңыз Тоқаш Бердияровты оқып жүрмін, – деп едім.

    – Кім айтты ол менің ұстазым деп, ортақол ақын ғой. Ақын болсаң, Пушкиндей болу керек! Болмаса құры арам тер болудың қажеті қанша? Мен өзімді Пушкиннен мықтымын деп ойлаушы едім бұрын. Оған жете алмайтынымды сездім. Менің өлеңдерімді ешқандай басылым баспайды, отыз жылдан бері шыққан жоқ. Баса алмайды, қорқады, бәлесі тиеді деп ойлайды, – деді. 

    – «Сұхбат алайын, өлеңдеріңізді жариялайын» деп едім, өзіңіз қарсы болып бермедіңіз ғой...

   – Сен де жариялай алмайсың. Бастығыңнан аса алмайсың!

  Ары қарай бұл әңгімені қаузаудың да қажеті шамалы болатын. Бәрібір Өтежан аға өлеңдерін жарияламайды. Ылғи да әңгіменің аяғын осылай созбақтап жіберетін. Ондай кезде басқа арнаға бұруға тырасатынмын. Өз қатарластары туралы сөз қозғағанда артық-кем айта беретін. Бірақ оның көбі екенін түсінетінмін.  

    – Өзіңіз кімді оқып жүрсіз, – дедім.

   – Серікбол Қондыбай деген бала «Арғы қазақ мифологиясына кіріспе» деген мировой кітап жазды. Күнде кітап дүкеніне барып сол кітапты оқимын. Гректен басқа дүние жүзі халықтарында жоқ деп есептелетін миф-аңыздардың қазақта да бар екендігін дәлелдеп шықты. Қондыбай бір иниституттың 10 жылда атқаратын ісін бір өзі тындырды. Осындай азаматқа құрмет көрсетуді білмейді бұл қазақ...

       «Жазушылардан кімді оқып жүрсіз» деген сұрағыма «Европаның жазушыларын оқимын. Олардың романдарының буы шығып, ыстығы басылмай тұрады. Бүгін жазған сияқты әсер етеді. Бірақ олар 3-4 ғасыр бұрын жазылған шығармалар. Оқысаң, сол кезеңге сапар шегесің. Ойыңнан кетпейді. Міне, бұл – әдебиет. Ұлы туынды сау адамды жындандырып, жынды адамды сауықтыруы керек. Әдебиет деген – сол! Бірақ сендер, жастар түсінбейсіңдер. Классик атанып жүргендердің өзі түсінбейді әдебиеттің негізгі мақсатын...» деді.

                                                          ***    

  Күләш апайдың көзі кеткен соң өр мінезді Өтеағаңның иығы түсіп жүдеп, күтімі біртін-біртін кете бастағаныын байқау қиын емес-тін. Жанарын бір нүктеге қадап, ұзақ ойланып отырып қалатын. Ойын бөлмей, мен де үнсіз отыра беретінмін... Кейде үнсіз алаңда айналып ұзақ жүретінбіз. «Қыздарым келмекші еді бүгін» деп ерте қайттық бір жолы. Келесі  кездескенімізде өлең оқыды. Ұзақ өлең! Мына жолдар жатталып қалыпты.

Ажал келіп менің де жарымды алды,

Жарымды емес, қолдағы барымды алды.

Атылмайтын оқ қалды пистолетте,

Сатылмайтын ақшаға арым қалды...

 

Ажал келіп қойныңнан жарды алады,

Арт жағында еңіреп шал қалады.

Шал болса да өлеңмен ақша сұрап,

Айуандарға баруға арланады.

 

Халқым маған: «Өтеке, жазба!», – дейді,

«Жазудан көрген сорың аз ба?!», – дейді.

Шындық маған «Жетпісте жетім болдың,

Жетімдердің жүрегін қозға!» дейді.

 

Беттен алып бетпақтар бет кеседі,

Еттен алып етіңнен ет кеседі.

Қарсы алдымда – ақ қағаз бетім шындық,

Шал мен шындық осылай беттеседі...

       Дауысы қарлығып, өңі қуарып кетті. Жалаң ұйқасқа құрылғанмен, батпандай мұң бар екен. Ақынның мұңы. Жалғыздықтың жыры.

       Бір өкінетінім, Өтеағаңмен кездесіп жүрген күндерде күнделік жазуды ойлағанмын. Қу жалқаулық оған барғызбады. Қаншаламаған тың деректер, тамаша әңгімелер ақпа құлағымызға тұрақтай алмай далаға кетті десеңізші...

                                                              ***

      Құдай қосқан қосағы кеткен соң, Өтекеңе бұрын да қырын қараған бұл өмір шынымен де мәнсіз болғандай. Күнен-күнге азып, жағы суала бастады.     

   – Ауырып жүрсіз бе? – деп едім.

   – Кемпірімді сағынып жүрмін, – деді. Не дерімді білмедім! Әдеттегідей қоштастық. Бұл ең соңғы кездесуіміз екенін қайдан білейін...

      Бір апта өткен соң жұмыста отырып хабарласып едім «Архивімді реттеп жатырмын. Бүгін уақытым жоқ. Ертең кел», – деді. Ертесі жұмыстан қол тимей қоңыраулата алмадым. Екі-үш күн өткен соң әлеуметтік желі шулап қоя бермесі бар ма. Таудан аққан тас бұлақтай шөліңді қандыратын өлмес жырлар тудырған Өтежан Нұрғалиев мәңгілікке аттаныпты...

       Сол жылғы қыстың суығы ерекше болды. Жазып-сызып жүрген жастардың көбі үрейленіп қалды. Талай тау құлағанда да мұндай күйге түспеп еді олар. Шынымен де, талантқа өмір тар екенін жүректерімен сезінгендей болды жес перілер. Бәрінен бұрын ақынмен қоштасу кезінде елден келген қарындасының жоқтауына шыдап тұру мүмкін емес еді, Жазушылар одағының алып ғимараты шайқалып кеткендей болды. Өлмес, өшпес, өжет жырдың ақ бурасы биік төбенің басына аяулы жары Күләш апамыздың жанына жайғасты. Көңілім ел көшкен жайлаудай құлазып,  жазушы  досым Мақсат Мәліктің үйінде қазанама жаздым.      

 Ақ бура, кеткенiң бе, шыныменен,

Сенi өмiр мұқалтпады сыныменен.

Қасқайып қарағайдай жүрушi едi,

Қарсы алып уақытты жырыменен.

 

Сөзi де, әзiлi де астарлы едi,

Жанынан табылатын жастар легi.

Өлеңiн ұлы Абайдың жатқа айтқанмен,

Тiзiмдi бiр өзiнен бастар едi.

 

Ақынға кейде асқақтық жарасады,

Биiкке әркiмдер-ақ таласады.

Жанары қара өлеңнiң жасқа толып,

Жәутеңдеп Кеңсай жаққа қарасады.

 

Қайтемiз, ақты жұлдыз төбемiзден,

Көрiнер кiтаптарың сөремiзден.

Еңкеймей, тiк құлаған сенi көрдiм,

Ақын ең, қаймықпаған төреңiзден.

 

Құтылдық, құтылмастай жүрушi едiк,

Кей-кейде сөздерiңе күлушi едiк.

Бейнеңдi көрген кезде сонадайдан,

Именiп, тартыншақтап тұрушы едiк.

 

Ажалға бола алмаймыз арашашы,

Өлең деп ағарған-ды қара шашы.

Артыңда бозiнгендей боздап қалды,

Туған ел, Алтай, Арқа қарашасы.

Ерғали  БАҚАШ

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

24.10.2018

«Атырауда жасалған» жетістік көп

24.10.2018

Кеген орманы – табиғаттың қорғаны

24.10.2018

Қырандардың қанатын қатайтқан

24.10.2018

Жұмыр жердегі жақұт мекен

24.10.2018

Сейітовті еске алды

24.10.2018

Италияда эскалатор істен шығып, 30-ға жуық адам зардап шекті

24.10.2018

Ұрпақтарың ұмытпайды өзіңді...

24.10.2018

Елін сүйген ердің даңқы асқақтады

24.10.2018

Адами факторды азайтады

24.10.2018

Əзірет Сұлтан мешітіне жаңа Бас имам тағайындалды

24.10.2018

Халық жағдайын жақсартуды мақсат еткен құжат

24.10.2018

Ел күткен шешім

24.10.2018

Toı-tirlik nemese qazaqy qyzyq týraly

24.10.2018

Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1500 салымшы баспаналы болады

24.10.2018

Қытайдың шағын фермаларының жойылуы әлемге пайдалы

24.10.2018

Жалқаулықтың сыры неде?

24.10.2018

Жеңілдікпен сатылатын робот

24.10.2018

Әріптестікті дамыту ісі талқыланды

24.10.2018

Асқар Мамин Еревандағы «Еуразия апталығы» форумына қатысты

24.10.2018

Көңіл толарлық көрсеткіштер аз емес

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Toı-tirlik nemese qazaqy qyzyq týraly

Bir baıqaǵanym, bizdiń qazaq ómiri toıdan qalmaýǵa tyrysady. Qashyq jerde bolsa da barýdy paryz sanaıdy. Keshikse de, eń bolmaǵanda ekinshi dastarqanǵa jetip jyǵylady. 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Tulǵalardy mansuqtaýda qandaı maqsat bar?

Elbasy Nursultan Nazarbaevtyń «Bola­shaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵ­darlamalyq maqalasy – halyq tarapynan úl­ken qoldaý tapqan, kópshiliktiń yqylasy zor bolǵan bastama. Baǵdarlamanyń arqasynda hal­qymyzdyń mol rýhanı murasy qaıta jańǵyryp, tarıhymyz túgendeldi. Osy jobanyń aıasynda tól ádebıetimiz ben mádenıetimizdiń shetelderde nasıhattalýy, sheteldiń túrli saladaǵy eń mazmundy kitaptarynyń aǵylshynshadan tikeleı qazaq­shaǵa aýdarylyp, qalyń oqyrmanǵa tabystalýy da buryn-sońdy bolmaǵan is.

Дидар Амантай,

Kınoádebıet

Teginde, ult ádebıeti men qazaq kıno­sy arasynda, sonaý Sháken Aımanov, Májıt Begalın, Sultan Qojyqov, Abdolla Qarsaqbaev zamanynan beri qalyptasqan ónegeli dástúr, jaqsy qarym-qatynas, tyǵyz baılanys búginde óz jalǵasyn taýyp otyr.

Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»

Ádep pen ádet

Jýyrda Almaty qalasyna jolymyz túsip, taǵylymy mol tamasha toıǵa qatystyq. Taý shatqalyna aqshańqan shatyr tigip, qudalaryn taǵatsyzdana kútip turǵan almatylyqtardyń ónegeli isine kóz toıyp, kóńil marqaıady. Biz toıly aýylǵa qudalar kelmeı turyp barǵan edik. Qyzyq ıelerimen burynnan tanyspyz. Arǵy túbi Arqanyń qazaqtary. Ultymyzdyń qadym zamandardan beri kele jatqan salt-dástúri, tartý-taralǵysy, jón-joralǵysy yqylym josynymen úılestirilgen toıdyń erekshe bolatyny sezilip tur.

Құрманәлі Қалмахан,

О́zge elde sultan bolǵansha...

Áı, qaıdam... О́zge elde sultan bolý qazir qıyn-aý. Sebebi óz eliniń Sultandary turǵanda shetten kelgen «bótenderdi» kim jaqtyra qoıar dersiz?! Soǵan qaramastan túrli sebeptermen shetel aýyp, «jumaq» araldaryn izdeýge bel býǵandar qarasy azaımaı tur.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу