Үкімет • 14 Қазан, 2018

Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

547 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болып қайтты. Вице-премьер өңірдің бірқатар агроөнеркәсіп кешендерін аралап, одан кейін жергілікті аграрийлермен саладағы өзгерістерді және басқа да мәселелерді талқылған кездесу өткізді.

Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

– Елбасы ауыл шаруашылық кешеніндегі еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл өте маңызды міндеттеме және оларды ескі тәсілдермен шеше алмайсың. Біз тәсілдерді қайта қарастырдық, жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдадық және оны жүзеге асыруға кірісіп те кеттік. Қарағанды облысына біз осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүріп жатқанын көріп үшін келдік, – деді Ө.Шөкеев.

Премьер-Министрдің орынбасары маргарин өнімдерін шет елге экспорттайтын «Eurasian Foods» АҚ зауытында және «Құрма» агрофирмасы» ЖШС құс фабрикасында болып, кәсіпорындардың жұмыс ырғағымен танысты. Құс фабрикасында вице-премьерге тауық қиынан жылу және электр қуатын алатын биогаздық құрылғы көрсетілді.

«Құрма» агрофирмасы» ЖШС-інің биогаз стансасы биыл іске қосылған. Бұл жобаға инвестиция есебінде 573 млн теңге салынған болатын. Аталған станса Швейцария, Аустрия және Германия елдерінен әкелінген озық технологиямен жабдықталған. Мұнда тауық тезегі биогазға айналдырылып, ол электр, жылу энергиясы және биотыңайтқыштар өндіруде пайдаланылады.

– Біз қазірдің өзінде «KEGOC» АҚ мен Есептеу-қаржылық орталығының қолдауының арқасында электр энергиясын сата бастадық. Құс фабрикасы үшін энергияны өз қажеттіліктерімізге пайдаланған гөрі, осылай сатқан тиімді. Жасыл тариф бойынша сатамыз – бір кВт/сағ 32 теңгеден. Үш айда 500 мың кВт/сағ өндіріп, саттық, – дейді биогаз стансасының бастығы Сұлтан Қаспақов.

Маманның айтуынша, бір киловат электр қуатын өндіру үшін шамамен 100 кг тауық қиы жұмсалады екен. Кәсіпорын тәулігіне 150 тонна құс тезегін қайта өңдейді де, биогаздан шамамен 14 мың кВт/сағ электр қуатын өндіреді. Салыстырар болсақ, құс фабрикасы бір айда 350 кВт/сағ электр қуатын тұтынады. Кәсіпорын биогаз стансасына жұмсаған қаражатты 4-5 жылда ақтап алуды жоспарлап отыр.

Бұдан кейін Ө.Шөкеев шет елдерге ет экспорттайтын «Жәке» шаруа қожалығының бордақылау алаңына ат басын тіреді. Жобалық құны 1,3 млрд теңгені құрайтын бұл нысанның қуаты бір мезгілде 3 мыңнан астам өгізше бордақылауға жетеді. Шаруа қожалығы жас малды Ресейден сатып әкеледі де, фермерлерге бордақылауға береді. Ал қазанның 1-ші жұлдызынан бастап фермерлер өгізшелерді қайта тапсырады да, ол мал экспортқа шығарылады. Қазіргі таңда «Жәке» шаруашылығы өзбекстандық екі компаниямен келісімшарт жасасқан. Бірінші топтамада сатылатын мал басы бір мыңнан асты. Шаруашылық биыл сыртқы нарыққа 15 мың тонна сиыр етін шығаруды жоспарлап отыр.

Өмірзақ Шөкеев қарағандылық жоба келешегінің зор екенін атап өтті. Ол фермерлерді осындай ірі алаңқайлар жанындағы «зәкірлік» кооперативтерге бірігуге шақырды.

–Бізге тауарлық мал қажет. Ол үшін біз 4% үстемемен 15 жылға дейін несие береміз. Сонан соң барлық технологияны тіркеп жазып береміз: қанша жер қажет екенін, қандай трактор, қандай техника керек екенін. Ал да трафаретпен жұмыс істей бер, –деді кәсіпкерлерге ауыл шаруашылық министрі.

Өмірзақ Шөкеевке көрсетілген келесі нысан «Евразия Инвест ЛТД» фирмасының инновациялық технологиямен жабдықталған зауыты болды. Бұл жерде вице-премьерге бие сауу аппараттары, жылқыларға арналған қоралар және зертханалар таныстырылды.

Жақын арада Қарағандыдағы конвейерінен бірде бір ұшақ шығарылмаған атышулы авиазауыттың бос тұрған ғимаратында құрғақ бие сүтін өндіретін цех орналаспақшы екен. Қазір «Евразия Инвест ЛТД» фирмасына тиесілі құрғақ бие сүтін өндіретін зауыт Осакаров ауданындағы Жансары ауылының маңында орналасқан. Онда 700 бие сауылып, сүті өңделеді. Дайын ұнтақ фармацевтика мен балалар тағамын шығару ісінде қолданылады. Өнім Ресей мен Қытайға экспортталады.

– Біздің қазіргі зауыт шалғайда орналасқандықтан, көптеген қиындықтарға тап болып отырмыз: электр қуаты кейде өшіп қалады, қысқы уақытта өнімді жеткізу қиынға соғады, білікті мамандарды жұмылдыру қиынға соғып тұр. Біз осы мәселелердің шешімін іздедік. Сөйтіп Қарағандының маңында орналасқан бұрыңғы «КазАвиаСпектр» зауытының ғимаратын сатып алдық. Онда сүтті ұнтаққа айналдыруға арналған құрылғыларды орнатуды жоспарлап отырмыз. Мал басын 1500-ге дейін көбейтіп, бие сауатын боламыз. Бұдан бөлек, тұрғындардан маусым кезінде 2 млн литр сүт сатып алып, дайын өнім көлемін 200 тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік туады. Алайда ол үшін бізге 3 млрд 80 млн теңге көлемінде қаражат қажет, –деді вице-министрге жылқы зауытының басқарушысы Баян Елшин. Өмірзақ Шөкеев бұл жобаны жүзеге асыруға көмектесетінін айтып, уәде берді.

Ал «Альфарух» ЖШС көтерме-үлестіру логистикалық орталығының салынып жатқан ғимаратын аралап көрген Өмірзақ Шөкеев бітуге таяу қалған іске ризашылығын білдірді. Облыс әкімдігінде аймақтың ауыл шаруашылық саласы қызметкерлерімен болған кездесу барысында вице-премьер аталған орталық құрылысынан алған әсерін былайша сабақтады:

– Бұл еліміздегі тұңғыш көтерме-үлестіру логистикалық орталығы. Және бұл түбегейлі жаңа принцип бойынша жұмыс істейтін нысан: қойма да емес, биржа немесе базар да емес. Мұндай орталықтарды барлық облыстарда құру керек болатын. Бірақ алғашқы болып қарағандылықтар іске қосқалы жатыр. Біз бұл жобаны барынша қолдайтын боламыз, – деді вице-премьер.

Сондай-ақ, Өмірзақ Шөкеев мұндай нысанның тұрғындар үшін азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік беретінін және отандық ауыл шаруашылық өнімдерін экспортқа шығару үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.

Жалпы Қарағандыдағы көтерме-үлестіру логистикалық орталығының бірінші кезегі 2018 жылдың соңына таман қосылады деп жоспарланған. Құны 10 млрд теңгеден астатын жоба «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы тарапынан мықты қолдау көруде.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өмірге енген жаңалықтар, сонымен қатар түйіні тарқатылмаған кейбір мәселелер де егжей-тегжейлі сөз болды. Сонан соң вице-премьер жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Мәселен жергілікті аграрийлер елімізде топырақтың терең сараптамасын жасайтын зертханалардың жоқтығын, зерттелуі тиіс үлгілерді Еуропаға тасымалдауға тура келетінін қынжыла айтты.

– Бұл орынды сұрақ, – деп келісті Өмірзақ Шөкеев. – Мұнымен айналысатын боламыз. Айтса айтқандай, қазір Жолдауда қойылған тапсырмаларға сай, ғылымға қаражат бөлініп жатыр.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер субсидиялауға, дәнді-дақылдарға бағаның белгіленуіне, арзандатылған дизельдік отынды және минералдық тыңайтқыштарды бөлуге қатысты сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауап алды.

Өмірзақ Шөкеев «Жәке» шаруа қожалығын үлгі қыла отырып, қарағандылықтарды «зәкірлік» кооперацияларды дамытуға шақырды. Сонымен қатар ол аграрлық қолхаттар және бірыңғай аграрлық салық құру идеясы туралы да өзінің ой-пікірін білдірді.

Кездесудің соңында облыс әкімі Ерлан Қошанов Вице-премьер – Ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеевке бүкпесіз және пайдалы әңгімесі үшін алғыс білдірді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше