Қазақстан • 16 Қазан, 2018

Алматыда алма музейі ашылды

607 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы алма өсіруге қолайлы мекен ғана емес, дәмі татқан жанның таңдайында қалатын тәтті алмалардың отаны. Көптеген зерттеулерге ден қойсақ, алма жемісі Алатау баурайындағы алып шаһардың терең тарихымен астасып, сабақтасып жатқанын байқаймыз. Қаланың көне мәдениетінен хабар беретін алмаға қатысты деректерді жіті зерттеп, ұрпаққа үлгі етудің маңызы зор. Осы ретте Алматыда тұңғыш рет алма музейі ашылғанын сүйіншілеп айта кеткеніміз жөн.

Алматыда алма музейі ашылды

Қала атымен аттас «Алматы» қонақүйінде орын тепкен аядай музейден алма мен Алматының тарихынан сыр шертетін таңғажайып деректерді кездестіруге болады. Алмаға қатысы бар аңыздар мен ертегілер, алманың әлемге қалай тарағаны туралы әңгімелер, бақшашылық және алманың тасасындағы тылсым мәндерге бойлататын тың ақпараттардың барлығы осында топтастырылған. Жобаға мұрындық болған «Алмалы жұмақ» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ажар Жандосованың сөзінше, музейдің мақсаты – қазақстандықтар мен шетелдіктерге еліміздің алманың отаны екенін және бұл жемістің Алматы мен әлем үшін қандай маңызды екенін паш ету.

 – Біз көп материал жинақтадық. Олардың арасында отандық және шетелдік авторлардың алма туралы кітаптары, Қазақстан – алманың отаны екенін дәлелдейтін француз және немістер түсірген деректі фильмдер бар. Біз алмалы өлкеміз. Өкінішке орай, қолда барды бағаламаймыз. Екі рет алма бағын жоғалттық. Әу баста қала баурайындағы алма ормандарынан айырылдық. Тоқсаныншы жылдары қаланы ұлғайту салдарынан қаншама алма ағашы жойылды. Еліміздегі алма кәсібін жандандыру үшін бұл тақырыпты кеңінен қозғаймыз. Алма – біздің айрықша құндылығымыз.Мұндағы экспозициялар әр 2-3 ай сайын өзгертіліп, толығып отырады. Кейін мультимедиялық тұрақты экспозиция пайда болмақ. Ару қаламызға ежелгі алма мәдениетін қайтарғымыз келеді, – дейді Ажар Жандосова.

 Ұйымдастырушылардың айтуынша музей қабырғасында түрлі тақырыптарды қамтыған өнер көрмелері үздіксіз өткізіліп тұрмақ. Алманың арғы отанына баланатын алып мегаполистегі шағын музей қала қонақтарын шаһар тарихының тылсымына бойлататын бірден-бір мәдени орынға айналса деген тілегіміз бар.

 

 Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше