Қазақстан • 22 Қазан, 2018

Депутаттар ел ішінде

530 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент депутаттарының өңірлердегі сапарлары жалғасуда. Де­путаттар сапар барысында еңбек ұжымдарында Елбасы Жолдауының басымдықтарын тарқата жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар сауалына ­жауап беріп, өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылады. 

Депутаттар ел ішінде

Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева және Төлеубек Мұқашев Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқы­ту­­­шылары және студенттерімен кездесті. 

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Ба­қытжан Жұмағұлов Жолдауда ай­тылған ауқымды жұмыстарды рет-ретімен түсіндірді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының сапасын арттыру, ұстаз мәртебесін көтеру жа­йында да кеңінен тоқталып өтті. Ал Д.Нөкетаева өзі алты жыл басшылық жасаған Қыздар университетінің мәртебесі туралы баяндады. 

Жиын барысында студенттер Жол­дау басымдықтары жөнінде сауалдар қойып, ұсыныстарын жеткізді.

*  *  *

Мәжіліс депутаттары Жанат Жа­расов, Ерсұлтан Бектұрғанов және Тарас Хитуов Шығыс Қазақстан об­лы­сындағы сайлаушылармен кездес­ті. Ауыл тұрғындарымен кездесуде де­путаттар Жолдаудағы зейнетақы, жалақы, денсаулық сақтау, білім беру са­ла­ларындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі мәселе­ле­ріне ерекше көңіл аударды. 

Одан әрі «Үлбі металлургиялық зауытының» ұжымымен кездесіп, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашы­лық, міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесін енгізу, бала­ларға арналған спорт секцияла­ры сияқты көптеген мәселелерді талқылады. 

*  *  *

Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының басшы­лығымен кездесті. Сенатор өмір сапасын жақсарту, халыққа қолайлы жағдай жасау және кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға қатысты Жолдауда айқындалған міндеттерді егжей-тегжейлі түсіндірді.    

Мақтаарал аудандық мәслихаты­ның депутаты, академик Ибадулла Үмбетәлиев, аудандық мәслихаттың депутаты Берік Шәмшиев, аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Сәрсекбаев аудан өміріне қатысты өзекті мәселе­лерді қозғады.

*  *  *

Мемлекет басшысы Жолдауын түсіндіру мақсатымен Алматыға кел­ген Мәжіліс депутаты Зағипа Балие­ва Open Almaty ұжымымен кез­дес­ті. Жолдауда инновациялық және сер­вис­тік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлу, «болашақ эконо­ми­ка­сы­­ның» баламалы энергетика, жаңа ма­­териалдар, биомедицина, үлкен де­­рек­тер, заттар интернеті, жасанды ин­тел­­лект, блокчейн және басқа да бағыт­­тарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қа­­жеттігі айтылған болатын. З.Ба­лие­ва осы шараларды іске асыруда Open Almaty-ның маңызы зор екенін атап өтті. 

Депутат өзінің сөзінде «халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізуді міндетіне алған полицияның бұл тұрғыда Open Almaty-дан үлгі алуына болатынын атап өтті.

*  *  *

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Елбасы Жолдауының негізгі ереже­ле­рін түсіндіру мақсатымен Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол Шахтинск қала­сындағы бірқатар мемлекеттік мекеме­лердің, шағын және орта бизнес нысан­дарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Сенатор қаладағы Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейдегі кездесу ба­ры­­сында Жолдауда Мемлекет бас­шы­­сы алға қойған негізгі міндет­тер­ді жан-жақ­ты түсіндірді. Елбасы­ның тапсырмасын орындау аясын­да пе­да­гог­тардың мәртебесін, еңбек­ақы­­сын, білім беру сапасын арттыру, сон­дай-ақ оқушыларға және мұғалім­дер­ге қа­жет­ті жағдай ­жасалатыны, мектепке де­­йінгі білім беру қамтуын кеңейту жөнінде жұмыс­тар жүргі­зілетіні атап өтілді.

*  *  *

Шығыс Қазақстан облысының ор­талығы – Өскемен қаласында Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Бе­рік Дүйсенбинов Мемлекеттік кіріс де­партаментінің облыстық де­парта­ментінің ұжымымен, кәсіп­кер­лермен және  қоғам өкілдерімен кездесті. 

Жолдауда айтылған міндет­терді «Ақ жол» партиясы қолдайтынын жет­кізген депутат салық саласын­да­ғы сұрақтарға жауап беріп, партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. 

*  *  *

Сенат депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе облы­сына жұмыс сапары аясында Темір ауданында болды. Елбасы Жол­дауын насихаттауға ауданға арнайы келген ақпараттық топ мүшелері алды­мен құрылысы жүріп жатқан «Ақтөбе – Атырау» тас жолының Те­мір ауданындағы бөлігінде болып, жұмыс барысымен танысты. 

Олар аудан орталығын­дағы «Шұ­барқұдық нан» наубайхана­сы мен «Ар­дақ» көтерме сауда орта­лы­ғында да болды. Сондай-ақ аудан əкім­дігі, прокуратура жəне ішкі іс­тер­ бөлімінің қызметкерлерімен, Бай­ға­нин ауданының орталығы – Қа­ра­уыл­келді ауылы халқымен жүздесіп, Жол­даудағы міндеттерді түсіндірді.

*  *  *

Мәжіліс депутаттары Ирина Унжа­кова және Павел Казанцев Қарағанды облысының Осакаров ауданына барды. Есіл ауылындағы жастармен кездескен депутаттар мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға қалай көңіл бөлініп жатқанын айтып, агроөнеркәсіп кешенінің келешегіне назар аударды. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басымдықтарға және Елбасының заңнамалық бас­тамаларын қамтамасыз ету үшін Парламент Мәжілісінің атқарып жат­қан жұмыстары туралы баяндады. 

Өз кезегінде депутаттар көтерілген проблемалардың барлығы  бақылауға алынатынын жеткізді.

*  *  *

Мемлекет басшысы Жолдауын халыққа түсіндіріп, ондағы міндет­терді таразылау мақсатындағы респуб­ликалық ақпараттық насихаттық топ қатарында Парламент Сенатының де­путаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облы­­сының Сырдария ауданында жұмыс сапарымен болды.

Олар «Бақ» және «Қызыл­ди­хан» шаруа қожалығының жұмыс­шыларымен кездесті. Онда Жолдаудағы ауыл­ша­руашылық саласына байланысты ай­тылған тапсырмалар жөнінде ой бөлісті.Сонымен қатар Парламент палаталарында қабылданып жатқан заңдарға байланысты туындаған сұрақтарға жауап берді. 

*  *  *

Президент Жолдауын ел ішінде тереңірек ұғындырып, насихаттау мақсатында Парламент Сенатының депутаты Дәурен Әділбеков Ақмола облысындағы Викторовка ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. 

Депутат Жолдаудың аса маңызды тұстарына, соның ішінде еңбекақы көлемінің өсуі, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту мәселелері, мектеп пен мектепке дейінгі меке­мелердегі білім беру сапасын жақсарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласын цифр­ландыру тәрізді міндеттерге тоқ­талды. 

Д.Әділбеков, сондай-ақ Зерен­діде­гі жаңа емханада, Мәлік Ғабдуллин атын­дағы қазақ мектебінде болды. «Сто­ляренко» жеке кәсіпкерліктің дә­­не­керлеу цехында жылыту қазан­­­­­дық­тарын дайындап жатқан жұмыс­­­­шылармен пікірлесті.

Ақпараттар «Егемен Қазақстанның» өңірлердегі тілшілерінен алынды