Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі: Астана – Елбасының үлкен жеңісі

Қарашаның 2-сі күні Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Аталған жиында шағын құрамда Достастық елдерінің үкімет басшылары ТМД аясындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады және келесі кездесудің мезгілі мен орнын нақтылайды деп жоспарлануда. Достастық атқару комитетінің мәліметінше, отырыстың кеңейтілген құрамдағы күн тәртібіне түрлі саладағы әріптестікке қатысты 13 мәселе енгізіліп отыр. Осы орайда аталған жиынға қатысатын мәртебелі мейманның бірі – Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Новруз МӘММЕДОВ мырзамен әңгімеміз бауырлас екі елдің арасындағы экономикалық, саяси һәм мәдени байланыстардың бүгіні мен келешегі төңірегінде өрбіді.

Егемен Қазақстан
31.10.2018 2288
2

– Новруз мырза, сіз ТМД Үкімет басшылары кеңе­сінің Астанада өтетін жиынына қатысу мақсатында Қазақ­стан­ға сапармен келуді жоспарлап отыр­сыз. Қателеспесек, бұл Пре­мьер-министр лауазымын­да шетелге жасайтын алғаш­қы сапарыңыз. Әзер­бай­жанмен тегі бір, құнды­лықтары ортақ, тығыз достық қа­рым-қатынастар орнатқан Қазақ­стан сапарынан не күтесіз? 

– Дұрыс айтасыз, Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы Үкімет бас­шылары кеңесінің отырысына Премьер-министр ретінде ал­ғаш рет қатысатын боламын. Алайда, Премьер-министр лауа­зы­мындағы шетелдік алғашқы са­па­рыммен Францияға бардым. 13 маусым күні Парижде Халық­ара­лық Көрмелер бюросы Бас ассам­блеясының 163-ші сессиясын­да ха­лықаралық Экспо-2025 көр­месін өт­кі­зетін үміткер қала­лар­дың таныс­тырылымы болды. Осы жиында Баку қала­сы­ның үміт­керлігіне қатысты сөз сөй­ледім. Ал 9 шілдеде Түркия Рес­пуб­ли­касының Президенті Режеп Тайип Ердоғанды ұлықтау рә­­сіміне қатысу үшін Анкарада бол­дым.

1993 жылдан бері ТМД-ның ресми мүшесі Әзербайжан Рес­­­пуб­­ликасы осы ұйым шең­берінде түрлі бағыттарда, әсі­ре­се гуманитарлық бағыттағы ынты­­мақ­­тастықтың дамуына көп мән бе­ретінін атап өткім келеді. 

Мәдениет, ғылым, спорт және басқа салалар бойынша орнаған көпжақты ынтымақтастықтың еліміз үшін маңызы зор. ТМД өңірлік және халықаралық мәсе­лелерді талқылау үшін қолайлы ынт­ы­мақ­тастық платформасы болумен қатар, түрлі қылмыс пен қазіргі қауіп-қатер­ге қарсы шараларды жүзеге асыруда да өзіндік үлес қосуда. ТМД Үкімет басшылары кеңесінің Қазақстанда өтеді деп жос­парланған кезекті отырысы мүше-елдер арасындағы бір­қатар мәселелер­ді, әсіре­се эко­номикалық, қаржы және гума­­ни­тарлық мәселелерді талқы­лау тұрғысынан Әзербайжан үшін үлкен маңызға ие. 

Біз бауырлас елге сапар жа­са­мақ­шымыз. Сондықтан бұл сапар­дың әрі ТМД елдерімен, әрі Қазақ­станмен екі­жақты қарым-қатынасымызды нығай­та түсу, ынтымақтастық мүмкін­діктерін тереңдету тұрғысынан жемісті нәтиже беретініне сенімдімін. 

– Биыл Әзербайжан мен Қазақ­станның тәуел­сіз ел атанғанына – 27 жыл. Тәуелсіз­дікке қол жеткізген­нен кейін мемлекеттер басшыларының саяси күш-жігерінің арқасында екі ел арасындағы серіктестік жаңаша сипат алды, өте тату бауыр­ластық қарым-қаты­нас орнықты. Жалпы, ара­дағы екіжақты әріптестіктің қазір­гі қарқынын қалай бағалайсыз? 

– Қазақстан мен Әзербайжан – ежел­ден тарихи тамырлас, дос, бауыр­лас, сонымен қатар стратегиялық әріп­тес мемлекеттер. Бұл ретте ортақ тамыр­дың, ортақ мәдени және рухани факторлардың маңызы зор. Елдеріміздің лидерлері, Гейдар Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы кезінде дос және бауырлас екі халықтың жетекшілері болып, тығыз ынтымақтастықта еңбек етті. Сол достық, бауырластық дәстүрінің тәуелсіздік жылдары өрісі кеңейе түс­ті. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те Қазақстанмен екіжақты, ортақ мүдделерге негізделген ынтымақтастық сыртқы саясатымыздың басым бағыт­тарының бірі екенін әрдайым баса айтады. Біз қарым-қатынастарымыздың қарқынын жоғары бағалаймыз. Бай­ланыс­тардың қос халықтың мүддесі үшін жалғасты болуына күш саламыз. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері өткен 26 жыл ішінде ынты­мақ­тастығымыз барлық салада дамы­ды. Әсіресе Қазақстанның Арме­ния – Әзербайжан Таулы Қарабақ мәсе­ле­сінің шешілуінде Әзербайжанның аумақ­тық тұтастығы мен шекараларының мызғы­мастығын сақтау принципіне негізделген ұстанымына екіжақты және көпжақты деңгейлерде көрсеткен қол­дауын жоғары бағалаймыз. 

Әзербайжан Республикасы мен Қазақ­­стан Республикасы арасындағы Үкі­метара­лық экономикалық комиссия­ның 2017 жылы Бакуде өткен 14-ші оты­рысында Жол картасы бекітіліп, оның орындалуына байланысты іске асы­ры­латын шаралар бүгін, 31 қазанда Астанада өтетін 15-ші комиссия отырысында талқыланады. Әзербайжан мен Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейін созылып жатқан халықаралық тасымалдау дәлізінде орналасқан. Екі ел де осы транзиттік жолдың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға мүдделі. 2017 жылдың 30 қазанында қолданысқа енген Баку – Тбилиси – Карс темір жол желісі, Жаңа Баку халықаралық теңіз порты, Қазақстанның батысы мен шығысын байланыстыратын темір жол желілері мен Құрық теңіз порты елдеріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға қызмет етеді. Қазіргі таңда өңірде Қытай – Еуропа бағытында жүк тасымалының артқанын көріп отырмыз. Елдеріміз арасында қалыптасқан өңірлік ынтымақтастықтың аясы алдағы кезеңде кеңейіп, жаһандық ауқымда өз жемісін береді деп сенемін. 

– Биыл Астананың Қазақстан ел­ор­­­дасы атанғанына 20 жыл толға­нын білесіз. Кезінде қаланың елорда ретін­дегі тұсаукесер рәсіміне Әзербай­жан халқының жалпыұлттық лидері Гейдар Әлиев құрметті қонақ ретін­де қа­тысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде бұл ше­шім­ді тарихи оқиға және Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті жеңі­сі деп бағалады. 20 жылдан кейін­гі Астана туралы Әзербайжан не ойлайды?

– Әзербайжан халқының жалпыұлт­тық лидері Гейдар Әлиевтің көреген­ділік­пен айтқан пікірлері бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Елорданың геосаяси және стратегиялық тұрғыдан Алматы қаласынан Астанаға көшірілуі – маңызды тарихи қадам һәм Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жеңісі. Өздеріңізге мәлім, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те видеосұхбат арқылы Қазақстан хал­қын құттықтап, Астана­ның тәуелсіз Қазақ­­станның рәміз­дерінің біріне айнал­ғанын атап өткен болатын. Бүгін міне, 20 жасқа толған елорда жедел өркендеп, Қазақстанның жоғары экономикалық дамуының көрсеткішіне айналу­мен қатар дүниежүзінің ең әсем шаһар­ларының бірі болды. Тарихи ерекшеліктер мен заманауи жаңалықтар­ды бойына жиған Астананың келешегі жарқын болары анық. Aстанада салынған әдемі ғима­рат­тар, зәулім үйлер, кең даң­ғыл­дар, жайлы демалу орындары мен саябақтар ХХІ ғасыр қаласының үлгі­сіндей. Астана­ның жетістіктері бұдан да артып, Баку – Астана бауырластығының нығайып, беки түсуіне себепкер болатынына сенімдімін. 

– Бірнеше ай бұрын Ақтауда Кас­пий маңы мемлекеттер басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қой­ды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау­­да Әзер­бай­жан Президенті Иль­хам Әлиев­пен кездесуінде «Теңіз бізді жақын­дат­ты» деген болатын. Яғни, енді Кас­пий біздің арамызды алшақ­татпай­ды, керісінше, біріктіре түседі дегенді меңзеді. Каспийдің құқықтық мәртебесі шешілуінің алдағы уақытта география­лық, экономикалық тұрғы­дағы байланыстарымызға, транзиттік мүмкіндіктерімізге әсері қандай болады деп ойлайсыз? 

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, шынымен де, біз бір-бірімізге жақындай түстік. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция тарихи құжат ретінде Каспий маңы мемлекеттері ынтымақтастығының одан әрі тереңдетілуі тұрғысынан зор ма­ңызға ие. Конвенцияға қол қойылуы арқасында елдеріміз арасында екі­жақты әрі көпжақты негізде сауда-экономи­калық саладағы қарым-қатынастардың қарқын­дап дамуына қолайлы жағдай жасалды. Ең алдымен Конвенция Каспий маңы мемлекеттерінің теңіздегі егеменді жеке құқықтарын тануда, Каспийдің құқықтық мәртебесіне байланысты туындаған кө­мес­кілікті жояды. Сонымен қатар Конвен­ция бүгінге дейін Каспий теңізінде жаға­лауы бар мемлекеттер тарапынан жүзеге асырыл­ған экономикалық-шаруа­шылық іс-шара­­лардың құқықтық шең­бе­рін ай­қын­дап, қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етеді. Бұл мәселелер елдеріміз ара­сын­дағы ынты­мақ­тастықтың одан әрі ны­ғаюы­на көп мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ Конвенцияда белгіленген іс-қимылдың еркіндігі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету принциптері, тараптарға тиесілі кеме­лердің порттарға еркін кіріп-шығуы Каспийд­ің өңірдегі транзиттік әлеуетін артты­рып, елдеріміз арасындағы ынты­мақ­тастық байланыстардың терең­деуіне және халықтарымыздың әл-ауқаты­ның артуына ықпал етпек.

– Tүркі тілдес мемлекеттер бас­шыларының 2009 жылы Нахчыванда өткен саммитінде негізі қаланған Түркі тіл­дес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесі, Халықаралық Түркі акаде­миясы тәрізді ұйымдардың құ­рыл­­ғанына келесі жылы 10 жыл тола­­ды. Бұл ұйымдардың тарихы бір, тілі бір, діні бір, мәдениеті бір халықт­ары­­­мыздың тамырластық пен жан-жақ­­ты қарым-қатынастарының да­муын­дағы рөліне қандай баға берер едіңіз? 

– 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван келісімшартымен негізі қалан­ған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақ­тас­тық кеңесінің негізгі мақсаты – түркі тіл­дес елдер арасында жан-жақты ынтымақ­тас­тықты ілгерілету. Бұл шеңберде Түркі кеңесі бауырлас елдеріміз арасында өзара сенімнің нығайып, өңірде және әлемде бейбітшіліктің орнауына, мүдделеріміз тоғысқан барлық салада әріптестікті күшейтуге, жан-жақты үйлестірілген эко­­но­­микалық дамуға, әлеуметтік және мәде­ни тұрғыдан ілгерілеуге бағыт алу үшін өте қолайлы жағдай тудыруда. Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халық­аралық ұйымы (TҮРКСОЙ), Түркі­­тіл­дес елдердің парламентаралық ассамб­леясы (TүркПА), Tүркі академиясы, Tүркі мәдениеті және мұрасы қоры мүше-мем­лекеттер арасында түрлі салалар­да ынтымақтастықты дамытумен қатар, ортақ тіл, мәдениет, тарих және басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. 

Бұл тұрғыдан Астанадағы Халықара­лық Түркі академиясы атқарған істерге ерекше тоқталғым келеді. Құрылған күн­нен бастап түркі тілдес халықтардың ғылы­мы, мәдениеті, тарихы мен әде­биетіне байланысты іргелі зерттеулер жүргізіп, құн­ды кітаптар жариялаған Түркі академия­сы өз қызметі арқылы бір-бірі­мізді жете тануымызға зор септі­гін тигізіп келеді.

Белгілі болғандай, Түркі тілдес мем­ле­кетт­ердің ынтымақтастық кеңесінің VII Саммиті 2019 жылы Әзербайжанда өтеді. Бұл дата Нахчыван келісіміне қол қойылуының 10 жылдығымен тұспа-тұс келді. Саммит жиынының жоға­ры деңгейде өтуі үшін Әзербайжан Үкі­меті бар күшін салатын болады. Осы ұйым шеңберінде бауырлас елдеріміз ара­сын­дағы байланыстардың одан әрі терең­деп, халықтарымыздың мүдделері мен келешегі тұрғысынан маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін. 

– Өзіңізге мәлім, Қазақстан жуыр­да толығымен латын әліпбиіне өтеді. Бұл шешім халықтарымыз ара­сын­дағы ынтымақтастық пен түркі тіл­дес мемлекеттердің интеграциясына қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Фи­ло­лог ғалым ретінде осыған байланысты ой­ла­ры­ңызбен бөліссеңіз.

– Әрине, тіл байланыс құралы ретінде тек адамдарды ғана емес, халықтарды да бір-бірімен жақындатушы күшке ие. Кезінде кең-байтақ аумақта өмір сүріп, бірдей мәдениетті бөліскен тамырлас халықтар ұзақ ғасырлар бойы жалғасқан қоғамдық-саяси үрдістер нәтижесінде бір-бірінен алыстап кетті. Осының салдарынан бірқатар өзіндік жеке ерек­шелік­тер пайда болды. Бұлардың басында тіл мен әліпби тұр. Қазіргі күні халық­тарымыздың қайтадан бірлік пен ынты­мақтастықта дамуын қамтамасыз ету үшін кең көлемді мүмкіндіктер пайда болды. Біз бұл мүмкіндіктерді мейлінше пайдалануымыз керек. 

Өздеріңіз білетіндей, Әзербайжанда қолданылатын әліпби де өткен ғасырда бірнеше рет өзгертілді. Көне және бай тарихы бар ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалдық. Өткен ғасырдың 70 жылдары данышпан Гейдар Әлиев Әзербайжан КСР-інің конституциясында әзербайжан тілінің мемлекеттік тіл ретінде жазылуын қамтамасыз етіп, болуы мүмкін емес бір іске қол жеткізген болатын. Жалпыұлттық лидеріміз кейін тәуелсіздік алған жылдары латын әліп­биі­не өту туралы шешім қабылдады. Бүгін Қазақстанның да толығымен латын әліпбиіне көшуі – тарих талап еткен қадам. Түбі бір түркі халықтары кең аумақты қамтитын ұлан-ғайыр байтақ жерде, түрлі мемлекеттер мен елдерде тұруына қарамастан бір әліпби арқылы байланыс құрып, жастарымыз қазіргіден де жақсы түсінісіп, бір-біріне арқа сүйеп, бірге дамитын болады. Бұл тұрғыдан дос және бауырлас қазақ халқын шешімді қадамы – жаңа әліпбиге өтуімен шын жүректен құттықтап, сәттілік тілеймін. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

25.03.2019

Арман ӘЛМЕНБЕТ. Көңіл қалтарыстарындағы үш сурет (этюдтар)

25.03.2019

Әсет Исекешев Елбасы Қорының Атқарушы директоры болып тағайындалды

25.03.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының бұрынғы президенті Абдулла Гүлмен телефон арқылы сөйлесті

25.03.2019

Ғ. Қойшыбаев Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

25.03.2019

Nur-sultan – жаңа дәуір символы

25.03.2019

Қызылордада жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталды

25.03.2019

Таразда Астана атауын ауыстыруға байланысты акция өтті

25.03.2019

Елбасы Кеңсесінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тағайындалды

25.03.2019

Илон Маск: Марста қалашық салына бастағанын көргім келеді

25.03.2019

«Алтын адам» Татарстан төрінде

25.03.2019

Атырауда «Елордамыз – Нұр-Сұлтан» атты мерекелік концерт өтті

25.03.2019

Мұғалжар ауданында аз қамтылған отбасыларға қаржылай сертификаттар берілді

25.03.2019

Ж. Қасымбек Батыс Қазақстан облысының көктемгі су тасқыны кезеңіне әзірлігін тексерді

25.03.2019

Дархан Кәлетаев Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды

25.03.2019

Жалғыз райхан жәудіреп жазға қалды

25.03.2019

26 наурызда еліміздің бірқатар аймағында дауылды ескерту жарияланды

25.03.2019

Жастар жылы жөніндегі жол картасын іске асыру туралы баспасөз конференциясы өтеді

25.03.2019

Абдуллах Гүл: Нұрсұлтан Назарбаев – тұтас түркі әлемінің ақсақалы

25.03.2019

Тұңғыш Президенттің тарихтағы рөлі жоғары

25.03.2019

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымдары (видео)

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Etjeńdi balalar

Qoǵam kóz jumyp qaraı almaıtyn máse­lelerdiń basynda bala densaýlyǵy tur. Bú­gin­de mańaıymyzǵa zerdelep qaraıtyn bolsaq, tyǵynshyqtaı, tolyq jasóspirimder kó­beıe túsken. Semizdik – aýrý bolyp esep­teletindikten, qazirgi ýaqytta dıspanserlik esep­ke alynady. Sábı saýlyǵy ana qursaǵyna bit­­ken kúnnen bastap qalyptasatyndyǵyn al­dymen ata-anasy túsinýi qajet.

Amangeldi QURMET,

Igi bastama ult tanymymen úılesýi tıis

Keıde qazaq qoǵamyndaǵy oqıǵalar men qubylystarǵa nazar aýdarǵan kezde «Biz ózi­mizimdi ózimiz tolyq tanymaımyz-aý osy» degen oıǵa qalatynymyz bar. Árıne, qa­zaq ekenimizdi, bizdiń de tanym-túısigimiz, dúnıetanymymyz, ar­man-ańsarymyz, muraty­myz bar ekenin bilemiz. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Алты жасар Алпамыстың арманы не еді?

«Білесің бе, оқитын болсам тез өсіп, үлкен бастық болам. Оқуды да тез бітіремін. Тез келіншек аламын. Сосын менің он екі ұлым болады. Оның бірі колхоз бастығы, екіншісі агроном, үшіншісі мұғалім, бәрі де үлкен-үлкен бастық болады...»

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Kúmis tostaǵandaǵy kóne álipbı

Kóne órkenıet oshaqtarynan urpaqqa mura bolyp qalǵan qundy dúnıelerdiń bi­ri – adamzattyń aqyl-oıyn taspalaǵan jazý­lar. Elbasy «Uly dalanyń jeti qyry» atty ma­qalasynda Esik qorymynan tabylǵan «Altyn adamnyń» janyndaǵy kúmis tosta­ǵan­dardyń birinde oıyp jazylǵan tańba­lar bar ekenin aıta kelip, «Bul – Ortalyq Azıa aýma­ǵynan buryn-sońdy tabylǵan jazý ataýlynyń ishindegi eń kónesi» degen bolatyn.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

«Jaqsy kitap – jan azyǵy»

Kitap oqıtyn jáne oqymaıtyn adamdardyń alshaqtyǵy árqashan kózge kórinip turady. Alǵashqylardyń oıy tereńdeý, tili sheshendeý bolsa, sońǵylardyń tili tutqyr, aýzynan sózi túsip turatynyn jıi kóresiz. Máseleni jaqsy bilip tursa da, ondaılar oıyn jetkize almaı, ábden qysylady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу