Руханият • 29 Қараша, 2018

Баба рухына тағзым

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ халқының ұлы ақыны Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық тойы өтіп, жырауға арналған деректі фильм түсірілді. Арнайы экспедиция Алматы – Талдықорған – Астана – Қарағанды және ақынның мәңгілік мекені Шет ауданының Ақсу – Аюлы ауылында зарзаман жыршысының ізі қалған жерлерінде болып, тағзым етті. 

Баба рухына тағзым

Астанада бірегей тұлғаның ағар­ту­шы қайраткерлігіне арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Жазушы-шортанбайтанушы Кәмел Жүністегі, кинорежиссер Қалила Омаров бастамасымен түсірілген картинада ар-ұж­данды жоғары ұстауға, ата-салт­ты ардақтап, ұлт­тық дәстүрді ұмыт­пауға үндеген Шор­тан­бай жөнін­де­гі өмір­баян­­дық де­рек­­тер жан-жақ­ты саралай бе­рілген. Бұл ретте Қазақстанның ең­бек сіңірген қай­рат­­кері, фильм ре­жис­сері Қ.Омаров ақын мұра­сын танытуда өскен ортасы мен өткер­ген заманын тара­зы­лау басты мақ­сат бол­ға­нын айтады.

– Шор­танбай – зарзаманның бел орта­­­сын­­дағы үлкен ақын­ы­мыз. XIX ғасыр­дағы орыс от­ар­шыл­ды­ғының басыбай­лы саясатына ашық қарсы шығып, өз позициясын шы­ғар­машылығына алтын дің­гек еткен тұл­ға. Кино экс­пе­диция­мыздың басты мақсаты – Шортан­байдың соңынан ма­те­­риал­дық тұрғыдан, рухани тұрғыдан не қалды деген сұраққа жауап іздедік, – деген ол Шортанбайдың асатаяғы мен өз қолымен жазып берген дұғасы сынды бірнеше құнды жәдігерлер табылғанын айтады.

Ал Шортанбай жырау мұрасын зерттеуге саналы ғұмырын арна­ған жазушы Кәмел Жүністегі жы­­раулар поэзиясының ұлт­тық болмысымыздың қалып­та­суын­­дағы ықпалының зор бол­ғандығына, соның арасында ел мен жердің мұңын жырлаған Шор­танбай Қанайұлының әдебиет тарихындағы орны ерекше екеніне тоқталды. 

– Ақын Кенесары ханның ұлт-азаттық қозғалысына тілеулес жақтасы болды. Шортанбай ел мұңын жырлап қана қоймай, ел өмірін түзеу үшін өз жолын ұсы­нып, күресе білген қайраткер. Оның тұлғасын ұлықтай білу есті елдің лайықты әрекеті болса керек, – дейді ол.

«Әуелгі қорлар зор болды,

Сондай зорлар қор болды,

Жөн білмеген жамандар

Ел билеген бек болды!», – деп тай­сал­­май жырлаған Шортанбай үлгі­сін жазушы Мұхтар Мағауиннің «отар­шылдық бұғауға мойымаған, еркін­дік аңсаған халықтың асқақ рухы­ның көрінісі» деп өзгеше құ­бы­лыс­қа балауы тегін болмаса керек. Дерек­ті кар­ти­на­ның премьерасына келген қалың қауым жырау өмір кешкен замана шындығын терең түйсініп, баба рухына тағы бір мәрте тағзым етті. 

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»