Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2018

Жамбыл облысында жаңа нысандар ашылды

634 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар мәселелерді атап көрсетті.

Жамбыл облысында жаңа нысандар ашылды

Президент Жолдауында айтылған айқын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде өркенді істер қолға алынып келеді. Бұл ретте Жамбыл облысында да халықтың тұрмыс сапасын арттыруға негізделген жүйелі жұмыстар аз емес. Бұл орайда Жамбыл өңірі жаңа нысандармен толығуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Әулиеата өңірінде 41 нысан пайдалануға берілді. Елбасы өз Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынын баса айтқан болатын. Ұлт саулығы қашанда тұрмыс сапасын арттырудың нақты кепілі. Сондықтан да өңірде ашылған 41 нысанның 32-сі медициналық мекемелер болып отыр.

Елбасы «Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда облыс көлемінде халық денсаулығының сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жекеменшік секторды жұмылдыра отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістерінің қолданылуы соның бір айғағы. Жолдау жүктеген міндеттер негізінде, медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша инновациялық әдіс-тәсілдері енгізіліп, жаңа ғимараттар мен нысандардың құрылысы жүргізілді. Мереке қарсаңында облыс орталығы Тараз қаласында медициналық жедел жәрдем стансасына берілетін автокөліктердің кілтін тапсыру салтанаты өтті. Бұл күні барлығы жалпы саны 27 көлік тапсырылды.

Дәрігер, соның ішінде жедел жәрдем дәрігері – қоғамдағы ең қажетті мамандық. Бас ауырып, балтыр сыздағанда жүгінетін үлкен көмек. Аталған сала өте күрделі, жанқиярлықты, кейде адам өмірін құтқаруда шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Медицина қызметкерлерінің тәжірибесі, оларға тән адам өмірі мен денсаулығына деген жоғары жауапкершілігі еліміздегі реформалардың сәтті жүзеге асырылуының және қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Яғни, қоғамның басты байлығы – адам өмірін сақтап қалуда елеулі еңбек етіп отырған жедел жәрдем қызметінің, олардың техникалық жағдайының жақсы болуының маңызы әрдайым орасан.

Айтулы мереке қарсаңында ашылған 32 медициналық нысанның 29-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтеріп отыр. Оның ішінде 13 нысан ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттер болып саналады. Аталған нысандар Байзақ ауданындағы Шахан, Көкөзен, Жаңатұрмыс, Жібек жолы, Сарыбарақ, Тегістік, Қордай ауданындағы Көкадыр, Меркі ауданындағы Екпінді, Сарысу ауданындағы Шағалалы, Қамқалы, Т.Рысқұлов ауданындағы Шолаққайыңды, Талас ауданындағы Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарында орналасқан.

Сондай-ақ, бұл күндері Байзақ ауданындағы Ынтымақ, Жамбыл ауданындағы Бектөбе, Бесағаш, Гродеково, Пригородное, Ақбұлым, Түркісіб, Жуалы ауданындағы Шақпақата, Меркі ауданындағы Мыхан, Сарысу ауданындағы Игілік, Шу ауданындағы Шоқпар ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар да пайдалануға берілді. Ал, ауысымына 10 келушіге арналған 7 фельдшерлік-акушерлік пункт Байзақ ауданындағы Аймантөбе, Жамбыл ауданындағы Ерназар, Меркі ауданындағы Екпінді, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Көкжелек, Сарысу ауданындағы Ұйым, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат, Шу ауданындағы Тасөткел ауылдарында ашылды.

Айта кету керек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген 29 медициналық нысанға барлығы 843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталған мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберіндегі бұл нысандардың құрылысын салу барысында өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыстырғандағы құны төмен болып, 1,4 миллиард теңге көлемінде бюджеттік қаражат үнемделген. Бұл арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға қамтылатын болады. Бүгінгі таңда атқарылып отырған жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, медициналық қызмет сапасын ілгерілетуге де айрықша үлес қосып отыр.

Жалпы, Жамбыл облысында 95 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына ғимарат қажет еді. Бұл бюджеттік инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырылғанда, оған жалпы 6 567,6 миллион теңге қаражат және 7 жыл уақыт керек болатын. Ал, бұл нысандарды облыс әкімдігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу арқылы мерзімін 3 жылға, жұмсалатын қаржы көлемін 2 376 миллион теңгеге үнемдеген. Нақты айтқанда, 4 жыл уақыт және 4 192 миллион теңге қаржы үнемделіп отыр. Яғни, 95 нысанның 29-ы биыл ашылса, келесі жылы 40, ал 2020 жылы 25 нысан бой көтереді деп жоспарлануда.

Елбасы Жолдауында «Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады» дей келе, ең алдымен, полиция жұмысын түбегейлі жақсартуды айтқан болатын. Нәтижесінде, Тұңғыш Президент күніне орай Жамбыл облысында халықтың медициналық мекемелерге деген қолжетімділігін арттыруға арналған нысандардан бөлек, жұртшылықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыруға негізделген мекемелер де ел игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, Тараз қаласында полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қабылдау бөлмесі ашылды. Сонымен қатар, Жамбыл ауданында «Мөлдір», Жуалы ауданында «Әсем достар» жекеменшік балабақшалары, Қордай ауданында 75 орындық «Балалық-шуағы», 50 орындық «Нұр-Әділ»», 50 орындық «Балалық базары» балабақшалары және 120 орындық «Болашақ» шағын орталығы, Т.Рысқұлов ауданында 120 орындық «Бота» бөбекжайы және Ауқатты ауылдық полиция бөлімшелері пайдалануға берілді. Айтулы күн қарсаңында пайдалануға берілген бұл барлық 41 нысан алдағы уақытта да Елбасы Жолдауындағы негізгі міндеттердің орындалуы жолында ел игілігі үшін жұмыс атқара беретін болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы