Өнер • 04 Желтоқсан, 2018

Қобыз бен эрху

1151 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қобыз бен эрху

Қазақта Қорқыттың қобызы туралы айтылатын керемет аңыз бар. Ал Қорқыт ата болса – ежелгі оғыз тайпасынан шыққан, Сырдария бойында жасаған (ІХ ғасыр), артында өшпес әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға. Қобыз – қазақтың дәстүрлі ұлттық музыка аспаптары ішінде ыспалы аспаптар түріне жататын саз аспабы. Бұл аспаптың Ұлы Жібек жолы арқылы ұзақ сапар тартып, сан қырдан асып, шығыстағы Қытай еліне жеткенін ұмытылып бара жатқан тарих ретінде айтып өткіміз келеді.

Аңызда Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарыпты. Сондағы ойлап тапқан қобызына шығарған Қорқыт атаның өлеңі мынадай болыпты:

Қарағайдың түбінен

Қайырып алған, қобызым.

Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызым.

Желмаяның терісін

Шанақ қылған, қобызым.

Ортекенің мүйізін

Тиек қылған, қобызым.

Бесті айғырдың құйрығын

Ішек қылған, қобызым.

Өлеңде қобыздың неден, қалай жасалғаны айтылады. Бұл аспап­пен әрқандай дыбысты келтіруге және адам­ның ішкі көңіл күйін әдемі жеткізуге болады. 

Қытайда эрху дейтін саз аспабы бар, қобызға өте ұқсайды. Бұл ас­пап­­тың Қытайға таралғанына да бір Х-ХV ғасырдың жүзі болған. Мамандар және тарихшылар бұл аспап кезіндегі Қытай­дың Таң династиясы заманында Қытайдың батыс-терістігіндегі көшпен­ділерден Орта Жазыққа жеткен соң ел ішінде кеңінен таралып, кейінгі жаңғыру үдерістерінен өтіп хань ұлтының ұлттық саз аспабы болып қалыптасты дейді. 

Сөзімізге дәлел келтіру үшін қытай тілін­дегі эрху сөзін талдап көрейік. Әуе­лі қытайдың эрху сөзіне қарап-ақ бұл аспаптың ежелден қытайдың төл күй аспабы еместігін байқаймыз. Енді қара­ңыз, эрху сөзі қытайша 二胡 ие­ро­гли­фі­мен таңбаланады, осындағы «二 эр» екі дегенді білдірсе, ал «胡ху» ежелгі Қытай­дың батысы мен терістігіндегі көр­ші елдер мен ұлыстарға және көш­пен­­ді­лерге қойған жалпылама атауы. Ен­д­еше бұл аспаптың атына қарап оны «екі ху» деуге келе ме? Әрине, жоқ. Олай бол­са 二胡 эрхудың толық атауы 二弦胡琴 ма­­ғынасы «екі ішекті хулардың күй ас­­паб­ы» дегенді білдіреді. Қытай тілінде сөз­­дерді қысқа­ртып, азайтып жасау ерек­шелік­теріне сай二弦胡琴 бүгінгі二胡 эр­ху болып шыға келген. Сондықтан оның қытайларға көшпенділерден, со­ның ішін­де оғыздардан барғандығы сөз­сіз және дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. 

Қарт тарихтың ізі қалған, сартап болып сарғайған қағаздарда хатталған жаз­баша дерек көздеріне үңілер болсақ, одан да қобыздың Қытайға батыстан барып таралғанын, кейін уақыт өте келе эрху атанғаны туралы деректерді де оңай тауып алуға болады. Қытайдың Таң патшалығы тұсында Таң елі мен Батыс Аймақ арасында қарым-қатынас орнап, Ұлы Жібек жолы бұрын-соңды болмаған деңгейде дамытылып, шығыс пен батыс арасында мәдени байланыстар орнаған. 

Сол тұстарда қаңлы, күсан, фер­ғана (дауан) елдерінен би және музыка өнерінің де Таң астанасы Чаң-ань қаласына жеткендігі, патша сарайында Батыс Аймақ елдерінің биі мен музыкасы сынды өнер көрсетілімдері болатыны, ордалықтар оны ұнатып қалса дереу қабылдап, шеттен келген өнерді үйренетін жаңаша салт қалыптас­қан. Оған мысал ретінде «қаңлы биін» атауға болады. Қобыз да сондай би өнері сияқты Қытайға барған мәдениет. Қытай жылнамасы Жоунамада «Жу Уди түрік қызын кішілікке ханша­йым етіп алды. Қыз ұзатылып келгенде Батыс Аймақтағы күсан, шалік, қаңлы елдері патшаның тойлығына арнап өз елдерінің күй аспаптарын тарту етті» деп хатталған. Таң дәуірінің әйгілі ақыны Цэнсань бір өлеңінде: 

Қолбасшы шатырында жайылып

мол дастарқан,

Ұлықты аттандырмаққа шарап құйып 

шаттанған.

Тартылды пипаменен қиян

 сыбызғысы, 

Хучин құйқылжытты әсем әуен та­мылжыған, – деп жырлайды. Осында айты­лып отырған хучин («хулардың күй аспабы» деген мағынада) кезіндегі эрху. Тағы да өлеңнен байқағандарыңыз­дай, пипа, қиян сыбызғысы да сол тұста Қытайға Батыс Аймақтан барған күй аспаптары болатын. Қытай ғалымдары эрхудың Таң заманында хучин деп атал­ғанын сандаған деректі көрсете отырып дәлелдейді. Кезіндегі хучиннің қандай болғандығы туралы мынадай бір мәліметті келтіре кетуді жөн санадық. Қытайдың Сұң дәуіріндегі әйгілі ғалымы Шэнко (1031-1095) өзінің «Мыңшиюань жазбалары» атты еңбе­гінде хучинді былайша түсіндіреді: «Жыл­қының құйрығын ішек қып таға­тын хулардың күй аспабы қытайдың шығы­сына дейін таралды, дауысы әуе­зді, құлаққа жағымды естіледі, тіпті әуені­нің әсемдігіне аспанда ұшқан қаздың өзі айналып қалады» деп жазған, сонымен бірге оның сол замандағы суретін салып көрсеткен. Бұдан тыс Қытай жылнамасы «Юаньнама. Жосын және күй баянында»: « Хучин (胡琴 ) қобыз (火不思 хуо-бу-сі) деп аталады, сабының басы имектеліп қос ішек тағы­лады, жылқының құйрығынан адырна сияқталып ысқысы жасалады» деп хат­талған. Міне осындай тарихи деректерден эрхудың қобыз екенін айқын аңғарамыз. 

Ғалымдар эрху Қытайға Таң дәуірін­де келді деп есептейді, өйткені Таң дәуірі Қытай тарихындағы ұлы дәуір, сол тұста Ұлы Жібек жолы арқы­лы Батыс пен Шығыс арасындағы мәде­ни байланыстардың орнауына ешқан­дай шектеу қойылмаған. Қытай елі көп мәдениетті сол замандарда Батыс Ай­мақтан, яғни хулардан қабылда­ға­­нын тарихқа хаттап та қойған. Соның бір көрінісі ретінде 1959 жылы Қытай­дың Ши-ань қаласы (кезінде Таң пат­шалығының астанасы Чаң-ань) маңын­дағы Жоңбауцун қыстағы жерін­дегі қорғаннан табылған таңсанцай (Таңсан­цай 唐三彩 Tang Tri-Color Glazed Ceramics үш түсті Таң керамикасы. Таң дәуірінде керамикалы өнімдерге көбінде сары, ақ, жасыл түстерді пайдаланғаны себепті кейінгілер оларды Таңсанцай деп атасты) стиліндегі қыш мүсіндерді атауға болады. Ол қыш мүсін «Түйе үстіндегі күйшілер» деп аталады, мүсіннің биікті­гі 58 см, ұзындығы 41 см қазіргі күні Шаньши тарих музейінде сақтаулы. Мүсінде түйеге кебеже теңделіп, кілем жабылған, оның үстіне күй аспаптарын тартып тұрған 7 ер адам және ортасында би билеп тұрған бір әйел адамның бейнесі кескінделген. Мүсіндегі түйе, кілем, адамдар, күй аспаптары және киім үлгілері түгел Батыс Аймақтағы ұлт­­тар­дың ерекшеліктерін көрсетіп тұр. Бұл мүсін сол тұстағы ху мәдениетінің Қытай жеріне келгендігін әйгілейді, өйт­кені кілем жабылған түйе – Жібек жолы­ның символы. Мәдениет, соның ішінде би мен күй Ұлы Жібек жолы арқылы Батыс Аймақтан Қытайға кірген­­дігі тура­­лы мәлімет осы бір мүсін кес­кін­деме­­сін­де берілген. Ендеше Ұлы Жібек жо­лы арқы­лы қазақтың қобызы да сол көп мә­де­ниеттермен бірге қытайға жетіп, ә деген­­де хучин, одан кейін эрху атанып кеткен. 

Жоғарыда эрхудың арғы тегі қобыз екендігін анықтадық. Енді бүгінгі қытай эрхуының қазақ қобызымен ұқсастықтарын салыстырып көрейік. 

Эрху – екі ішекті, жылқының құйрық қылынан ысқышы бар ыспалы күй аспабы. Шанағы іші қуысталып алты бұрышты етіліп қара ағаштан не қызыл ағаштан жасалады, шанақ беті әбжылан терісімен қапталады. Шанақ бетінің жылан терісімен қапталуы қытайлар­дың айдаһарды тотем етуімен байланыс­ты. Сабы мен құлағы қара ағаштан не қызыл ағаштан, ішегі күмістен не алю­минийден жасалса, тиегі үйеңкі аға­шы­нан таңдалып жасалады. Ысқысы ақ жылқының құйрық қылынан таңдап алынып, ұзындығы 70-85 см шамасын­да болады. Эрхудың дыбыс әуені құйқылжығанда тереңнен сыр шерткен шежірешіні, кейде зарын төгіп жатқан мұңлықты көз алдыға әкеледі. 

Қобыз қазақтың ұлттық музыка аспабы, оның ішінде ыспалы күй аспабына жатады. Қобыздың басы, екі құлағы, иілген мойны, төмен жағында терімен қапталған шанағы, жылқының құйрық қылынан жасалған қос ішегі, мүйізден тиегі және қылдан ысқышы болады. Дыбыс ішек пен ысқыштың үйкелісінен шығады. Қобыз – қазақтың сан мыңжылдық тарихы бар атамұрасы. 

Ұлы Жібек жолы тек сауда жолы ғана емес, тарихтың ақжал толқындары ара­сынан мәдениеттердің алмасуына дәне­кер болған алтын көпір әрі мәде­ниет­­тердің куәгері. Сол үшін де ол біздің мәдениетіміздің, қазіргі айтып отырған қобыз­дың мыңдаған жыл бұрын сан қыр­дан асып Қытайға барғанына куә болып отыр. 

Қалбан ЫНТЫХАНҰЛЫ,

жазушы, деректанушы