Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

АҚШ-та айқасатын қос боксшымыздың қарсыластары белгілі

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Келесі жылдың 11 қаңтарында АҚШ-тың Калифорния штатының Санта-Инесе қаласында өтетін бокс кешінде Қазақстанның қос өрені – Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтанов өнер көрсетеді.

АҚШ-та айқасатын қос боксшымыздың қарсыластары белгілі

Осы жарыстағы жерлестерміздің қарсыластары белгілі болды. Бірінші орта салмақтағы Мадияр Әшкеев Луис Эрнандеспен қолғап түйістіреді. 32 жастағы Пуэрто-Риканың өкілі осы күнге дейін 22 кездесу өткізіп, 16 рет жеңіске жетті. 9 қарсыласын нокаутпен ұтты. Ал қандасымыз 10 бәсекенің барлығында үстемдік танытты. 6 айқасты мерзімінен бұрын аяқтады.

Мейірім Нұрсұлтанов Эрнесто Амазумен шеберлік байқасады. 25 жастағы Гананың өкілі де талай дүбірлі додаларда ысылған сақа спортшы. Ол 28 рет рингке көтеріліп, 24 айқасты өз пайдасына шешті. Ал қазақ боксшысы 9 жекпе-жегінде де жеңіс тойын тойлап, 7 қарсыласын есінен тандырды.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»