Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Қуаныш Сұлтанов: Тарихи сәт салтанаты

825 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қуаныш Сұлтанов: Тарихи сәт салтанаты

Аласапыран тосын қай­шылықтарға толы 1991 жыл да жетті. Сол жылдың соңғы айы әр қазақтың бала­сының ба­сына Бақыт құсын қон­дырды. Ол Бақыт құсы­ның есімі – қазақ­тың Мемлекеттік тәуел­сіздігі.

Бұл жолғы желтоқсанның 16-сы жа­дыраған ашық күн, Алматының «май тоңғысыз» жылы қы­сының көрінісіндей бейілді болды. 17-сі де, 18-і де бес жыл бұ­рынғы желтоқсанның қай­­тары­мындай ашық аспан жарық күндер сыйлады.

Өткен дәуірдің игілігі мен қасаң­дығын да басынан өткізген ұрпақтың бір пендесі ретінде ішімнен тәубе деп жақ­сылыққа жорыдым. Азаттықтың ақ та­ңы атқан күн­дері менің қатар жүрген замандаста­рым, достарым, әріптес­терім өзара сыр­лас­қанда осындай сезім­дерімізбен бө­лістік. 

Сол жылғы желтоқсанның басында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­шыл­дығымен әрі ұсынысымен құ­рылған арнайы Комиссия Жоғар­ғы Кеңеске (Парламент) 15 жел­тоқсан күні «Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының мемлекеттік тәуелсіз­дігі туралы» конституциялық заң жобасын ұсынды. Ол комиссияның жұмысына заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, білгір, білімді заңгер Сұлтан Сар­таев ағамыз төрағалық етіп, баян­дама жасады. Комиссия құрамын­да сол кезде Жоғарғы Кеңес депу­тат­тары болған рес­пуб­­ли­када есім­дері белгілі қоғам қайрат­кер­ле­рі белсенді әрі біліктілікпен жұмыс жасады.

Ұмытылмас желтоқсанның 15-і, 16-сы екі күнге созылған толассыз пі­кір­та­ластың барысында оған депутаттар, министрлер кабинеті толық құрамда, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатынасты. 

Талқылау барысында Президент Нұрсұл­тан Назарбаев заң жобасының әр бабына өз ойын, көзқарасын, ұстанымын ортаға салып, кейбір баптарға тікелей өзгерістер, толық сөйлемдер енгізіп, айрықша үлес қосты.

Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Олжас Сүлей­менов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­баев, Әнуар Әлімжанов, Сауық Тәке­жанов, Өмір­бек Жолдасбеков, Зинаи­да Федотова, Нұрлан Оразалин, Мұрат Әуезов, Александр Княгинин, Балға­бек Қыдырбекұлы, Алтын­шаш Жаға­нова, тағы басқа зиялы тұлғалар тал­қылау кезіндегі пікірталасқа белсене қатынасып, мемлекеттік тәуелсіз­дігіміздің іргетасын қалайтын тұңғыш заңның сауатты, пәрменді әрі сапалы болуына барынша атсалысты. Еліміздің сондай тағдырлы шағында ең маңызды құжаттың қабылдануына қатынасып, бір тамшыдай үлес қоса алғаным үшін де өзімді бақытты сезінемін. 

Екі күнге созылған пікірталас ақыры бір арнаға түсіп, 1991 жылдың 16-шы желтоқсан күні кешкі 18 сағат шамасында 360 депутаттың басым көпшілік даусымен Заң қабылданды. 

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылданған Заңға сәйкес Мемле­кеттік тәуелсіздігімізді жария етіп, көңілі шаттық құшағында тұрып, депутат­тарды, Үкімет мүшелерін, бүкіл қазақстан­дық­тарды осы тарихи оқиғамен құттықтады. Алматыдағы Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залын бұрын-соңды болмаған ду қол шапалақтау кернеп, әр жерден алғаш рет «Тәуелсіз Қазақстан жасасын!» деген ұрандар айтылып, ұлттың рухы көтерілді.
Қуанышымызда, серпілісімізде шек жоқ...

Бүгінгі ұрпақта сол тарихи заңның тал­қылануы неге екі күнге созылды деген сұ­рақ тууы мүмкін. Оның себептері көп. Уақыт, көлем мөлшеріне қарай топталған ең негізгілеріне ғана тоқталайын. Біріншіден, Қа­зақстанда біздің ұлтымыздың саны 40 па­йызға жетер-жетпес болды. Екіншіден, бүкіл саяси және экономикалық жүйе одақтық жүйенің құрамында, басқа толып жатқан ресурстық, қаржылық, экономикалық тәуелділікте болды.

Үшіншіден, 360 депутаттың жартысына жуығы, олардың ішінде тікелей Мәскеуге ғана бағынатын ірі кәсіпорындар басшылары, әскери басшылар, облыстар басшылары шешуші дауысқа ие болып отырды. Қарсылық, қайшылық жағдайы аз болған жоқ. Мемлекеттік саясатта тек бір күннің жеңісі мен қамы емес, ұзақ болашақ дамудың жолында да көлденең кедергілерді болдырмау мақсатында «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» асудан асу өнері қажет болды, сол өнер Нұрсұлтан Әбішұлының шеберлігімен, тапқырлығымен, біліктілігімен көрсетілді де, мақсатымызға жеткізді де.

...Сол күні кеште, түні бойы Прези­дент, оның Әкімшілігі, бүкіл Үкімет мүше­лері, ми­нистрліктер аппараттары түгел жұмыс орын­дарында болды. «Еге­мен Қазақстан», «Казахстанская правда», республикалық теле-радиоарналар жаңалық хабар таратып, жариялап жатты.
Президент Әкімшілігінің басшы­лығы­мен БҰҰ-ға, басқа да халықаралық құрылым­дарға, әлемнің барлық елдеріне, шар­тарапқа жар салып, қысқа мерзімде хабар жеткізуді қамтамасыз еттік.

...Түнгі сағат 23-ке жуық Пре­зиденттің телефоны шырылдады.

− Ал құтты болсын! Түркия Пре­­з­и­­денті Тұр­ғыт Өзалдан Тәуел­сіз мем­лекет­тілігімізді мойын­дап, құттықтаған хабары келді. Ертең­гі газеттерге, теледидарға жар­қыратып бергі­зіңдер, − деді Нұрсұлтан Әбішұлы шабытта­нып, қуаттанып. Әдеттегі сабырлы, ашық әрі анық дауысы сол сәтте маған ерекше саң­қылдап тұрғандай естілді. 

... Түнгі сағат 24-тен асқанда Пре­зидент кө­мек­шісі телефондап, ертең таңғы 9-да кеңей­тілген Үкі­мет отырысы болатынын айтты.
Кеңейтілген Үкімет отырысын Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жүргізді. Бұл жолғы отырыс мүлдем жаңа, көпшілігіміз біле бермейтін жаңа сөздер, терминдер, жаңа жобалар аталып, ортаға салынды. Жаңа міндеттер қойылды.

Сол жиынға қатынасқан әрбір адам, әр лауазымды қызметкер Президенттің сол күнге ерекше дайындықпен келгенін көр­дік, көзіміз жетті, түсіндік. Жаңа, жас мем­лекеттің іргетасын қаласып, қабыр­ғасын, шаңырағын көтеріп, шатырын көр­кемдеуге қатысатын бақытқа ие болдық.
Ұлы даланың төрінде көк Туын жел­біреткен Жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақ­станның Мәңгілік Ел болуға бет алған Ұлы жорығы осылай басталып еді. 

Қуаныш СҰЛТАНОВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты, 1991 жылы Баспа және бұқаралық ақпарат құралдары министрі