Әлем • 29 Қаңтар, 2019

Адамзат антибиотикке төзімді бактериялар тудыратын кеселден қалай арылмақ?

1203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Антибиотиктерге төзімді бактериялар дүниежүзі халқына қатер төндіріп отыр. Мәселенің мән-жайын BBC News ақпараттық агенттігі жазды.

Адамзат антибиотикке төзімді бактериялар тудыратын кеселден қалай арылмақ?

Осы сәтке дейін бактериялардың себебінен 700 мыңға тарта адам көз жұмған. Бактерияларға қарсы күресті шұғыл түрде қолға алмаса 2050 жылға қарай инфекциялық аурудан қайтыс болатындардың саны 10 миллионға дейін өсуі мүмкін дейді Британдық үкіметтің тапсырмасымен мәселені зерттеген авторлар. Осы уақытқа дейін антибиотиктерді жөнсіз пайдалану оларға төзімді бактериялардың санын арттырды. Осылайша жылдар бойы қауіпсіз аурулар қатарында орын алып келген дерттерді де емдеу қиынға соғып отыр. Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Давос қаласында өткен форумда осы мәселемен күресудің жоспарын көрсетті.

Британия үкіметі фармакологиялық компанияларды қаржыландыру схемасын өзгертіп, олардың жаңа дәрі-дәрмек түрін ойлап табуына жол ашуды жоспарлады.

Үкімет жоспарының мақсаты – әртүрлі аурулардың антибиотикке қарсылығының өсуін бақылау және шектеу. Сондай-ақ бұл жоспар алдағы бес жылда антибиотикке деген қажеттілікті 15%-ға төмендетуі тиіс. Ал келесі жылға дейін жан-жануарларды емдеуде антибиотиктерді 25%-ға дейін азайту көзделген. Сондай-ақ Англияның денсаулық сақтау қызметі фармакологиялық компанияларды қаржыландыруға қатысты өзгеріс енгізбекші. Ол бойынша енді төлем сатылған дәрі-дәрмектің санымен емес, сапасымен, әсерімен өлшенеді.

«Біздің әрқайсымыз антибиотиктерден пайда көреміз. Бірақ, оларды болуы керек дүние ретінде қабылдаймыз. Мені антибиотиктер өзінің әсерін жоғалтуы мүмкін деген ой мазалайды», деді Ұлыбританияның Денсаулық Сақтау министрі Матт Хэнкок. Сонымен қатар ол форумда алдағы 20 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

«Антибиотикке төзімділік – адамзат баласы үшін климаттың өзгеруі мен соғыстан кем түспейтін қатер», деді ол.

2014 жылдан бастап Ұлыбританияда антибиотиктерді пайдалану 7%-ға дейін азайған болатын. Есесіне, 2017 жылы (2013 жылмен салыстырғанда) қан айналым жүйесінде антибиотикке төзімді инфекциялар 35%-ға артқан. Антибиотикпен күрес тек Ұлыбританияны ғана толғандырған мәселе емес. Еуропалық микробқа қарсы бақылау желісі антибиотиктерге төзімді инфекциялардың халықтың өміріне қатер төндіріп тұрғанын айтты. Жыл сайын Еуропада осындай инфекциялардың кесірінен 33 мыңға жуық адам көз жұмады.

2015 жылы ДДСҰ микробқа қарсы төзімділіктің алдын алатын жоспар жасаған болатын. Ол бойынша, әр қатысушы ел антибиотикке төзімді инфекцияларға қарсы өздерінің стратегияларын ұсынуы тиіс. Дәрігерлердің айтуынша, антибиотиктерді жиі пайдалану оның әсер ету күшін әлсіретеді. ДДСҰ жан-жануарлардағы инфекциямен күресте антибиотиктен гөрі екпе егу, гигиенаны жақсарту сынды шараларды жүзеге асыруға шақырады.

Бұл мәселемен күрес екі этаптан тұрады: 2020 жылға қарай халықтың микробқа қарсы дәрі-дәрмектерді пайдалану сауаттылығын арттыру көзделіп отыр. Екінші этапта 2030 жылы дәрі-дәрмекке төзімді инфекциялық аурулардың санын азайту жоспарланған.

Салтанат ШЫНӘДІЛ,

ЕҰУ студенті