Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Жамбылдықтар Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлайды

1173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Ұлыстың Ұлы күнін Әулиеата жұртшылығы тоғыз күн бойы тойлайды. Бұл туралы бүгін Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Жамбылдықтар Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлайды

 Спикерлер «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесін ұйымдастырудың іс-шаралар жоспары туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жамбыл облысында биыл екінші жыл қатарынан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі 14 наурыздан 22 наурызға дейін тойланып келеді. Алғашқы «Амал» күні көпшілік амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, әз Наурызға жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтады. Көрісу – тек адамдар амандасып, жақсылық тілейтін мереке емес, сонымен қатар үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін тағылымды дәстүр болып саналады. Сондай-ақ, Тараз қалалық мәдениет үйінің алдында «Амал күніне» орайластырылған қойылымдар ұйымдастырылып, бауырсақтар таратылады. Одан кейін жергілікті өнерпаздардың қатысуымен бір жарым сағаттық мерекелік концерт ұсынылады. Ал, «Тағзым» күні қасиетті жұма күніне орайластырылып қойылғандықтан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағида бойынша ата-баба рухына Құран бағышталады. Сонымен қатар, спикерлер «Алас» күні тазалыққа мән беріліп, «Бұлақ көрсең – көзін аш!» деген атпен жалпыхалықтық сенбілік өткізілетінін, Наурыз мерекесіне дейінгі тазалық жұмыстарына облыс және қала, аудан басшылары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері қатысып, аллеяларға, саябақтарға ағаштар отырғызу, экологиялық акциялар ұйымдастырылатынын жеткізді. «Мейірім» күні көп балалы аналарға, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж мүгедек жандарға қайрымдылық жасалса, «Ынтымақ» күні аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдері ұйымдастырылады.  

«Жаңару күні» жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге әкімдердің атынан дайындалған арнайы құттықтау әзірленіп, сәбилерге қажетті сыйлықтар беріледі. «Береке күні» қаланың бірнеше елді мекендерінде, аудандарда жергілікті кәсіпкерлердің ауылшаруашылық өнімдерінен төмен бағамен жәрмеңке ұйымдастыру, тақырыпқа сай халық әндерінен радиоконцерттер ұйымдастыру жоспарланса, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында күрделі жөндеуден өткен  «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі. Аталған саябақта «Махаббат» аллеясы, «Білім» алаңы, «Жастар» интернет-кафесі, «Кітап» және «Сахна» алаңшасы ашылады.  

«Жастар» аллеясында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздардың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашылар, қобызшы, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылады. Бұл жерде ұлттық спорт ойындары, алтыбақан, қолөнер көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Бағдат Самединова, Әділ мен Дана, Әлішер Каримов, Әбдіғаппар Әлқожа, Серікбол Сайлаубек сияқты танымал әншілердің және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әншілерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып, кеш соңы мерекелік отшашуға ұласады.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы