24 Наурыз, 2019

Ақтауда «Отбасы орталығы» ашылды

1263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің сот жүйесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Ел тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан пилоттық жоба бірінші кезекте жанұя бірлігін сақтау, ана мен бала құқығын қорғауды көздейді.

Ақтауда «Отбасы орталығы» ашылды

«Отбасылық сот» пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында арнайы «Отбасы орталығы» салтанатты түрде ашылды.

Ашылу рәсіміне Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, Маңғыстау облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Аталған орталықта отбасылық дау-жанжалдарды шешу мақсатында бітімгер судья және психолог жұмыс жасайтын болады. Мұнда отбасыны сақтап қалу мақсатында тараптарға және балаларға алдымен психологиялық көмек көрсетіледі.

Орталық балаларға арналған қызықты кітаптармен, ойыншықтар мен өзге де дамыту құралдарымен қамтамасыз етілген. Орталықта істерді медиативтік  рәсіммен шешуге зор мән берілмек. Жиында отбасылық істердің санаттары, оларды бітімгершілікпен шешу жолдары және осы бағыттағы сот практикалары талқыланды.

Қатысушылар сотқа алып келетін даулардың себебі мен ерлі-зайыптылардың әлеуметтік мәселелері де талқылады. Бұл күні Маңғыстау облыстық әкімдігінің қолдауымен өткізілген қайырымдылық акциясының қорытындысы шығарылды. Яғни, 1 наурыз Алғыс айту күніне орай облыс орталығында қайырымдылық концерті өткізіліп, одан жиналған қаражат арнайы қайырымдылық қорына аударылды. Өңірдегі судьялар да осы ізгі шарадан қалыс қалмай, бір күндік жалақыларын қорға аударған болатын.

Нәтижесінде 2 500 000 теңге жиналып, алқа төрағасы Ержан Қарабаев пен Гүлжан Исмурзина көпбалалы жағдайы төмен 5 отбасыға атаулы қаражатты теңдей бөліп берді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы