Аймақтар • 01 Сәуір, 2019

Су тасқынының қаупі күшейіп келеді

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жергілікті бөлімшесінің жетекшісі Қымбат Мерғалимованың болжамына қарағанда, көктем жауын-шашынды болатын сыңайлы.

Су тасқынының қаупі күшейіп келеді


Бұған ақ ұлпаның нормадағыдан екі есеге жуық көп жауғаны әсер етіп отыр. Бұған ақ ұлпаның нормадағыдан екі есеге жуық көп жауғаны әсер етіп отыр.


«Күн күрт жылынып, температура кей жерлерде  20 градус жылылыққа жетуі мүмкін», деді ол төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында. 


Ондай қауіптің орын алып отырғанын аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та жасырмады. Ведомоство басшылары мен аудан әкімдері қатысқан тікелей  байланыс барысында ол Премьер-Министрдің орынбасары  Жеңіс Қасымбек  өңірге келіп, көктемгі су тасқынына әзірлік барысымен танысқанын, бірқатар тапсырмалар жүктегенін жеткізді. Қолдағы ақпараттарға қарағанда  Сергеевка су қоймасы  93 процентке толған. Қалың қардың  еруінен Есіл өзенінің арнасы да көтеріліп келеді.  Осы себепті облыста  күшейтілген жұмыс режімі жарияланып,  табиғаттың тосын мінезін еңсеру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылып отыр. 


Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камалов есебін құтқарушылардың сақадай-сай дайындығынан бастады. Жедел әрекет ету жасағы құрамына  1400 адам,  730 техника, 353 сорғы құралы топтастырылған.  18 мың  тонна инертті материал, құм салынған 35 мың қапшық, 130 тонна жанармай қоры әзірленген. Елді мекендерден 800 мың текше метр қар шығарылған. Қарғын судан зардап шегуі ықтимал  ауылдардың маңайында жарты мың шақырым алқап, 2 мыңдай  су өткізгіш құбыр тазартылған.


Аймақ басшысы барлық елді мекендер мен үйлерді тексеруге тапсырма берді. Су басу қауіпін сейілтудің  мүмкіндіктерін жете қарастыруды, тығырықтан шығу үшін жеке кәсіпорындармен келісім-шартқа отырып, оларды тарту қажеттігін атап көрсетті.  Облыс орталығындағы Жұмысшы кенті, Ойқала, Береке ықшамаудары тұрғындары тарапынан шағымдардың жиі түсетінін айтты.  92 ауылды су шаю ықтималдығы басым. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың  үшжүзден астам учаскесіне қатер төнуі ықтимал. Олардың бойларындағы  құбырлардың 64 проценті ғана қалыпқа келтірілген.  


«Облыс орталығында кей баспаналарды су ала бастады. Жағдай бақылауда. Су сору жұмыстарымен  6 апаттық бригада айналысады. Су өткізгіш құбырлар  мұзға толып қалғандықтан, бу көмегімен жібіту тәжірибесін қолданудамыз.  Екі диспетчерлік бекет тәулік бойы жұмыс істейді», дейді «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» мекемесінің директоры Павел Булаев. 


Облыс әкімі Қ. Ақсақаловтың  Уәлиханов ауданына суыт жүріп кетті. Өйткені, Ақмола облысында орналасқан Сілеті су қоймасынан артық судың босатылып жіберілуіне байланысты Қаратал мен Қулыкөл елді мекендерінде күрделі ахуал қалыптасқан. Құмар Іргебайұлының жетекшілігімен осында жедел штаб құрылып, тұрғындарды жайлы жерлерге орналастырудың, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтудың жолдары жіті ойластырылған.


Өмір ЕСҚАЛИ,


«Егемен Қазақстан»


Солтүстік Қазақстан облысы