01 Сәуір, 2019

Қызылорда облысында тікұшақ апатына ұшыраған он үш жігітті батыр деп есептеймін - Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тікұшақ апаты кезінде экипаж соңына дейін күрескен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында ҚР Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов мәлімдеді.

Қызылорда облысында тікұшақ апатына ұшыраған он үш жігітті батыр деп есептеймін - Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы

«Біріншіден, Әуе қорғанысы күштері атынан 13 жігітіміздің отбасыларына көңіл айтамын. Қайғымызда шек жоқ. 27 наурыз күні Астана уақыты бойынша 18.20-18.30 минут арасында біздің төрт тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып келе жатқан кезде Жалағаш ауылының маңында олардың бірі апатқа ұшырады. Бұл апатта тікұшақтың үш ұшқышы және он сарбазымыз қаза болды. Аталмыш әуе кемесінде біздің майор Роман Костыгов командир болды. Ол 2-сынып ұшқышы. Апат жайлы естіген кезде сол күні мемлекеттік комиссия Қызылорда облысының әуежайына ұшып шықты. Қазірге дейін 9 жігітті туған жеріне жерледік. Бүгінгі таңда гендік сараптама елордада өткізіліп жатыр. Төрт жігітті (денесін) бүгін туған жеріне жеткіземіз деп ойлаймын», - деді Дәурен Қосанов.

Айта кетсек, Қызылорда облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан 9 әскери қызметшінің денесі жер қойнына берілді. Қалған төртеуінің мүрдесі туған жерлеріне бүгін жеткізіледі.

Сонымен қатар, апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының экипажы әуе кемесін шаруа қожалығының үстіне құлауына жол бермегендігін де атап өтті.

«Мен апат орын болған жерге бірінші жеттім. Алғашқыда көргенім тікұшақ бөліктерінің жан-жаққа шашырап кеткені болды. Куәгер ауыл тұрғынының айтуынша, «тікұшақ тура үстінен ұшып өтіп барып, құлаған. Бұл экипаждың соңына дейін күрескенін дәлелдейді. Шаруа қожалығы зардап шекпес үшін тікұшақты басқа жаққа бұрып әкеткен. Мен 13 жігіт те - батыр деп есептеймін», - деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы.

Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі - 13 адам қаза тапты. Осыған дейін Қорғаныс министрлігі көз жұмған әскери қызметшілердің есімдері мен фотосуреттерін жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024