02 Сәуір, 2019

Солтүстік Қазақстандағы тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы текетірес

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Брусиловский және Астана көшелері қиылысындағы үйлердің тұрғындары өткен жылдан бері қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр.

Солтүстік Қазақстандағы тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы текетірес

2018-ші жылдың қараша айында осы жерде орналасқан 6 үйді айнала  биіктігі екі метрлік темір дуал қойылған.  Бір қызығы, қоршауды орнатпас бұрын жергілікті билік өкілдері баспана иелерімен бірнеше мәрте кездесіп, келісімдерін алған көрінеді.

«Темір дуал орнатылғалы күннің көзін көруден қалдық. Оның үстіне маңайға қаңғыбастар қаптап кетті. Ішімдік ішіп, ауланы қоқысқа толтырды. Шенеуніктер құрылыс ұнамаса алып тастаймыз деген уәделерінен айнып отыр. Қалалық әкімдікке шағымданып едік, қоршауды алып тастай алмаймыз деген жауап келді», дейді тұрғындардың бірі  Михаил Кошелев.

Осы мәселе бойынша арызданған Сапар Сүлейменовке де осындай шығарыпсалма жауап беріліпті. Хатта шаһардың сәндігі үшін қойылған қоршау алынбайды деп тайға таңба басқандай жазылыпты. Тұрғындардың айтуларынша,  маскүнемдер  таңертеңгі сағат 8-де ашылатын дәріханадан  техникалық спирт алып,  кеш батқанша осы жерде «мейрамдап», тыныштық бермейтін көрінеді. Ең қиыны, колонка сынып қалып, «Қызлжар су кәсіпорнының мамандары аулаға кіре алмаған жайттар бірнеше рет кездесіпті.

Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері қоршау қаланы абаттандыру негізінде қойылғанын алға тартады. Тұрғындар мемлекет мүлкін өз күштерімен алып тастаса, заң алдында жауап береді.    Тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдар мәселесімен тәртіп сақшылары айналысатынын,  қоқыс бір-екі күнде тазартылатынын айтады.

Қалалық мәслихаттың депутаты Павел Афанасьевтың ұстанымы мүлдем басқаша.

«Тұрғындар Азаматтың кодекстің 9-бабы бойынша өз құқықтарын  қорғай алады. Яғни, азаматтар ешкімнің рұқсатынсыз қоршауды бұзуға құқылы. Ол үшін алдымен қаңылтыр мен темір бағаналарды кесіп алып, үй ауласына жинап қою керек. Сосын ол туралы  қалалық әкімдік өкілдеріне  хабарлаған жөн. Бұл үшін ешқандай айыппұл салынбайды. Өйткені, заң бойынша баспана иелері ғана өздерінің аумақтарын қоршауға тиіс. Әкімдік ол нысандардың маңына дуал қоя алмайды.  Үй маңына орнатылатын қоршау түрлі-түсті, аралары ашық және биік болмауы, қызметтік көліктердің кіріп-шығуына кедергі келтірмеуі  керек. Бұл талаптар  сақталмаған», дейді білікті заңгер.


      Солтүстік Қазақстан облысы