Аймақтар • 03 Сәуір, 2019

Қостанайда бизнес-леди студенттер мен стартаперлерге «жасыл технологияны» пайдалану жөнінде әңгімеледі

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанайда бизнес-леди студенттер мен стартаперлерге «жасыл технологияны» пайдалану жөнінде әңгімеледі

Қостанайлық кәсіпкер Галина Шнайдер өңірде күн энергиясы мен желді бизнес қажетіне тұңғыш пайдаланғандардың бірі. Студенттер мен кәсібін енді бастағандар үшін ол қала іргесіндегі өзі басқаратын «Золотой фазан» мейрамхана-қонақ үй кешеніне экскурсия ұйымдастырды. Кәсіпкердің «Тәлімгердің ұстанымдарын үйрететін жобалық оқу» курсы шеңберінде әңгімесін Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері тыңдауға аса қызығушылық білдіріпті. Өйткені жақында ғана оқу ордасында «U – SMART» бизнес-инкубатор ашылған болатын. Екіншіден университетте дайындалатын болашақ туризм мамандары білімін кәсіпкерлер тәжірибесімен толықтырып отыруды мақсат тұтады.

«Менің стартаптарым тақыр жерден басталды десем болады. Өзіңе қолайлы, еркін сезінетін орныңды, ісіңді тауып алу – бизнестегі жарты табысың болып табылады. Мен арзан бағамен сатылатын сыйлықтар дүкенін аштым. Бұл нағыз қызықты сыйлықтардың айналымына айналды, тоқтамай жұмыс ісетуіне болады.Сосын арт-кафе ашу ойыма келді. Ол жерде адамдардың рухани серпілетін қызықты кештер өткізуіне жағдай жасағым келді. Одан ойыма мейрамхана-қонақ-үй кешенін ашу туралы ой келе қалды да, осымен әуре болып кеттім» дейді Галина.

Мұнда келген соң, кәсіпкер жаңа жобасын «жасыл технологияны» пайдаланудан бастады. Өйткені оны бұл іске қаржыны үнемдеу ісі итермеледі. Пайдаланған электр энергиясының ақысын төлеу оңай емес еді. Ол дизельді генератор орнатып көрді, бірақ оның шығыны да аз емес екен. Ақырында «жасыл технологияға» тоқтады.

«Әуелде мен күн батареяларын көрдім. 2014 жылы Қытай өндірісі шығарған панельдер сатып алдым, одан кейін Болотовтың жел генераторын алдым. Бұл екеуі бір жүйе ретінде жұмыс істейді. Қазір электр энергиясы үшін бұрынғыдан екі есе кем төлеймін. Алдағы уақытта осы жерден, табиғат аясынан экоэтонопарк, яғни таза экологиялық материалдардан жасалған шағын киіз үйлер қалашығын орнатуды ойластырып жүрмін» деп бизнес-леди Галина студенттерге өзінің алдағы жоспарын бөлісті.

Галина Шнайдер стартаперлермен тағы бір қызықты бастамасын бөлісті. Ол осы жерден зообақ ашып, оны білікті кәсіпкердің қолына табыстағысы келетінін айтты. Бизнес-леди студенттерге мемлекет кәсіпкерлерге жасап отырған жағдайды, қолыңа ұстатып отырған «құралдарды» тиімді, уақытында пайдаланып үйрену керектігін айтты. Өйткені Галинаның өзі бірнеше рет несиелер мен гранттар алып сәтті, тиімді пайдалана білді. Бұл орайда стартаперлерге облыстық кәсіпкерлер палатасындағы бизнес-жаттықтырушы Алена Исрапилованың берер көмегі көп.

 «Біздің тыңдаушыларымыздың арасында дайын бастамалары мен қызықты жобалары бар кісілер көп. Оларды тек дұрыс бағыттай білу керек. Бизнес қанаттасқанда дамиды. Галина Шнайдерді бастамалары таусылмайтын нағыз тәлімгер деуге болады. Ол жас кәсіпкерлерге білгенін үйретуден, айтудан жалықпайды, тіпті талаптыларға өзінің жобасын жүзеге асыру үшін көмек ретінде орын да беріп жүр» дейді Алена.

Бизнес-ледидің студенттермен кездесуі туризмді дамытуды армандайтын болашақ кәсіпкерлердің ойына ұшқын тастағандай болды.


Қостанай