Аймақтар • 06 Сәуір, 2019

Қостанай облысында Жастар жылы үш бағытта жұмыс жүргізіледі

1018 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов барлық деңгейдегі әкімдердің кеңейтілген кеңесінде айтты. Рас, Жастар жылы көптеген жобаларды жүзеге асыру белгіленген. Мысалы, облыста жастарға арналған 106 жоба қолға алынбақ.

Қостанай облысында Жастар жылы үш бағытта жұмыс жүргізіледі

Оның 11-і Жастар ісі жөніндегі басқарманың, 6-ы Жастардың ресурстары орталығының қолдауымен атқарылатын болады. Облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Марат Жұрқабаевтың баяндауынша, биылғы мерекелі жылы студенттер қозғалысы, «Көктем қызғалдақтары» атты ауыл жстарының форумы, «JASQosta» атты жастар слеті, өңірдегі сакральдық орындар бойынша Квест-ойындары өтетін болады. Сонымен қатар жастар арасында отбасылық, адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын жобалар жалғасын табады. 

Бірақ облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Жастар жылы мұндай шулы-думанды шаралар көптеп өткізілгенімен, оның нақты нәтижесі болуы тиіс екенін айтты. Әйтпесе, оның барлығы да құр қаржы шашумен аяқталады. Осы кезге дейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға 4310 жас маман баруы үшін мемлекеттен 4,7 млрд.теңге жұмсалған. Алайда ауылда мамандардың жетіспеуі әлі өте өзекті күйде қалып отыр.

«Жастар жылы атқарылатын істер санымен емес, сапасымен есте қалуы тиіс. Ол үшін нақты жұмыстар жүргізілуі керек. Сол үшін облыста негізгі жұмыстар үш бағытта жүреді. Яғни, біріншіден, әр ауданда жұмыссыз жастар жұмысқа орналастырылуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаларды барынша пайдаланса болғаны. Екіншіден, жаппай кәсіпкерлікті дамыту ісіне жастар тартылуы тиіс, олар өз ісін ашады, оған да мемлекеттік мүмкіндіктер бар. Үшіншіден, «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасы жалғастырылады» деді Архимед Бегежанұлы. 

Жастар жылына арнап бөлінген қаржыға тек думанды шаралар өткізіле бермей, нақты іс атқарылуы керектігін әкім тиянақтап тапсырды. 


Қостанай