Қоғам • 11 Сәуір, 2019

Солтүстік Қазақстанда оқушылар көз ауруына жиі шалдығады

978 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әкімдік отырысында өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызмет көрсету жайы талқыланып, онда есеп берген қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов бірқатар келеңсіздіктердің бетін ашты.

Солтүстік Қазақстанда оқушылар көз ауруына жиі шалдығады

Ол келтірген деректерге қарағанда былтыр дәрігерге қаралған әр мың баланың  36,6 проценті көз ауруына шалдықса, 13,8 процентінде жүйке-психикалық дерті кездескен. Ал,  12,9 процентінің омыртқа жотасының қисайғаны, 8,2 процентінде асқазан-ішек жолы аурулары байқалған.

Баяндамашы оның себептерін де тарқатып берді.Кей мектептерде кәріз жүйесі, су мәселелері түбегейлі шешілмеген. Оқушылардың жасы мен бойына сәйкес келетін жиһазбен толық қамтылмаған.  Өңірдегі 480 мектептің жартысы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 209 білім ордасына ауыз су тасып жеткізіледі. 84 мектепте дәретхана далада орналасқан. Спорт залдары М.Жұмабаев ауданының  6 мектебінде, Тайынша ауданының 8 мектебінде жоқ. Спорт құралдары көптен бері жаңаланбаған.

Департамент басшысы адам таңқаларлық фактілерді де мысалға келтірді. Атап айтқанда,  санитарлық-гигиеналық тазалықтың төмендігінен және қоғамдық моншалардың жетімсіздігінен педикулездің азаймай отырғаны алаңдатады. Ал туберкулезді жұқтыруғандардың саны  4,5 процентке азайғанына қарамастан республика бойынша алдыңғы орында тұр. Медициналық қызмет сапасының төмендігіне байланысты жолданатын арыз-шағымдар азаяр емес

Сондай-ақ  ауыл оқушыларын  ыстық тамақпен, сапалы тіршілік нәрімен  қамтамасыз етуде де түйткілді мәселелер жетіп артылады.