Қоғам • 11 Сәуір, 2019

Жемқорлықпен күреске имамдар да кіріседі

931 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті департаментінің бастамасынан мешіт имамдары да тыс қалмайтын болды.

Жемқорлықпен күреске имамдар да кіріседі

Енді бұдан былай намазхандар сәждеге жығылатын өңірдегі барлық ғибадатханаларда дін қызметкерлері  сыбайлас жемқорлыққа қарсы уағыз-насихат айтатын болып келісіп, оған жұма күні таңдап алынды.

Ведомоствоның бас маманы Амангелді Сатановтың айтуына қарағанда, мешіт имамдарымен кездесу барысында  қоғамды жегі құрттай іштен ірітетін індетті болдырмаудың, алдын алудың жолдары талқыланып, осындай шешімге келген көрінеді.

«Сыбайлас жемқорлық– қоғамның серпінді дамуын тежейтін теріс ықпалды күш. Оған қарсы қоғам болып күреспейінше еңсеру қиынның қиыны. Әлеуметтік зерттеулер экстремизмнің пайда болу себептерінің бірі  сыбайлас жемқорлық екенін көрсетіп отыр. Осы себепті жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік орта қалыптастыру басты міндеттердің бірі саналады», дейді А. Сатанов.

Құран Кәрімде «заңсыз бір-біріңіздің мүлкіңізді алмаңыз және басқа адамдардың меншігінің бір бөлігін күнә жолмен алу үшін судьяларды сатып алмаңыздар», деп жазылғанын мысалға келтірген  «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажым не себепті жұма күні барлық мешіттерде бірыңғай уағыз-насихат жүргізу себептерін түсіндірді. Петропавл қаласындағы жаңа мешіттің бас имамы Қасымхан қажы да осы бастаманы қолдады.  Екі тарап алдағы уақытта қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру іс-шараларын тұрақты негізде жалғастыруға уағдаласты.

Жұртшылықты екіұдай ойға қалдырған бұл шешім өміршеңдігін таныта ма, әлде кезекті науқан болып қала ма–уақыт көрсетеді.