Қоғам • 14 Мамыр, 2019

Баспаналы болудың мүмкіндігі артты

927 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде 340 мыңға жуық көп балалы отбасы бар, ол­ар­­дың ішінде 31 мыңнан ас­та­мы баспанаға мұқтаж ре­­тінде әкімдіктердің кезе­гін­­­де тіркелген. Бұл тура­лы Үкіметтің баспасөз орта­­лы­ғында өткен брифинг ба­ры­сында Индустрия және ин­фра­құрылымдық да­му бірінші вице-министрі Қайыр­бек Өскенбаев айтты.

Баспаналы болудың мүмкіндігі артты

Жыл сайын көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңгеден бөлу көзделген. Сөйтіп әр жылда 6 мың көп балалы отбасы бас­панамен қамтамасыз етілмек. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 40 мың көп балалы отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылады.

– Биылғы 1 мамырда 249 бас­пана берілді. Мамырдың 7-сі күні Семей және Өскемен қалаларында көп балалы отбасыларға 10 пәтер берілді. Биылғы мамыр айының соңына дейін барлық қаржы көздері есебінен 1200-1300 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бізде баспана берудің арнайы кестесі бар. Мәселен, 9 мамырда Батыс Қазақстан облысының, Шымкент қаласының көп балалы отбасыларына пәтер кілті табысталды. 25 мамырда Атырау облысы мен Алматы қаласында беріледі, – деді Қ.Өскенбаев.

Бұған қосымша биылғы маусым айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала­лары бар отбасыларды жеңіл­дік­пен несиелендіруді бастау жос­пар­ланған. Бұл займдар жылдық 2% мөлшерлеме бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін. Аталған тетікті іске асыруға үш жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл жыл сайын 6 мың займ беруді қамта­масыз етеді, 25 жылдың ішін­де 56 мың займ берілетін болады.

Сондай-ақ Қ.Өскенбаев «Ал­тын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алған көп бала­лы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын беру заңнамалық түрде бекітілгенін айтты.

– Көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру бойынша жүргі­зі­ліп жатқан жұмыстың алғашқы нәти­жесі осындай. Біз бұл жұ­мыс­­ты тұрақты бақылауға ал­дық. Елба­сының көп балалы отбасылар­ды тұрғын үймен қамта­масыз ету жөніндегі тапсыр­ма­сы толығымен орындалады. Бүгінде баспана алуға кезекте тұрған көп балалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осы жылдың өзінде 12 мың отбасы өздерінің пәтерлеріне орналасады (барлық қаржы көздері есебінен – 6 мың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несиелендіру есебінен – 6 мың). Осылайша, 3-4 жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж көп балалы отбасылардың мәсе­ле­­­сін то­лығымен шешеміз деп жос­­­пар­лап отырмыз, – деді Қ.Өскен­баев.

«Қазақстанның тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» АҚ бас­қарма төрайымы Ляззат Ибра­ги­мованың айтуынша, баспана алуда көп балалы отбасыларды қол­дауға бағытталған «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылған.

– Бұл жоба Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырма­сы­на сәйкес, «Нұрлы жер» бағ­дар­ла­масы аясында іске қосылып отыр. Бағдарламаға 4 және одан да көп балалары бар көп балалы отбасылар, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар қатыса алады. Аталған несие аясында жаңадан салынған немесе екінші нарықтағы дайын үйлерді сатып алуға болады, деді Л.Ибрагимова. Айта кетерлігі, аталған бағдарламаға бір адамға шаққанда табысы (жалақысы) 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады. Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұрса, онда олардың жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет. Қанатқақты жоба аясында әкімдікте кезекте тұрған көп балалы отбасылар жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып алуға жылдық 2%-бен, бастапқы жарнасы 10%-ды құрайтын несие ала алады. Бүгінгі таңда 344 өтінім берілген. Оның 330 өтіні­мі мақұлданды. Бүгінде екі отбасы несиелік келісімшартқа қол қояды. Бұдан өзге, Алматы қала­сының әкімдігі несиені рәсім­деуге кіріскен көп балалы отба­сы­лардың депозиттеріне 1 млн теңге­ден 44 тұрғын үй сертификатын аударды.

– Бұл – ең алдымен аз қам­тыл­ған отбасылар. Біздің міндет – несие бойынша төлемді шама жетерліктей ету. Сондықтан да мак­сималды сома ретінде 15 млн теңге белгіленді. Алғашқы 8 жылда төлем 76 мың теңге болады, деді Л.Ибрагимова. Сонымен қатар ол үлкенірек пәтер алғысы келетін отбасылар сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана ала алатынын айтты. Бүгінде 6 мың пәтер тек көп балалы отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жал­дап тұруға арнап салынуда.