Аймақтар • 22 Мамыр, 2019

Ақтөбеде отбасын сақтау орталығы ашылды

1030 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру кешенінің жанында отбасын сақтау орталығы ашылды. Аталған әлеуметтік құрылым республиканың Жоғары Сотының «Отбасылық сот» атты қанатқақты жобасы аясында құрылған. Мұндағы басты мақсат өңірде үлгілі және өнегелі отбасылардың санын өсіруге бағытталған.

Ақтөбеде отбасын сақтау орталығы ашылды

Сонымен бірге орталық мамандары отбасы құндылықтарын алға тарта отырып, ажырасу кезеңінде әрі-сәрі жүрген ерлі-зайыптыларға моральдық және психологиялық көмек көрсетуді көздейді. Әрі олардың арасында туындаған әр түрлі түсініспеушілік пен келіспеушілік көріністеріне араша түсуді, соған сәйкес мүмкіндігіне қарай қажетті көмек көрсетуді мұрат тұтады.Сондай-ақ Ақтөбе қалалық сотының судьясы Айгүл Абдуллинаның айтуынша айырықша орталық неке бұзу үдерістерінің төмендеуіне, ең бастысы отбасының сақталуына тиісті ықпалын тигізбек.

Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқығын қорғау мен олардың толыққанды отбасында тәрбиеленуі үшін бағыт-бағдар беру ісі де орталық қызметкерлерінің еншісіне тиіп отыр.

Мұндай орталықтың қажеттілігі төмендегі деректерден де айқын көрінеді. Айталық өткен 2018 жылдың 4 айында Ақтөбе қаласы бойынша некені бұзу мен ажырасу үшін соттарға 1002 талап арыз түссе, бұл сан биылғы жылдың осы кезеңінде 1264-ке өскен. Оның бірқатарына тиісті шешім шығарылса, бірқатар іс екі тараптың татуласуына байланысты тоқтатылған. Бір жақсысы осындай оңды қадамға барғандар қатары өткен жылмен салыстырғанда биыл екі есе көп екендігі деуге болады.

Әйтсе де соңғы жылдары облыс орталығында ажырасу көріністері көбейіп отырғаны қынжылтпай қоймайды. Осындай жағдайда отбасын сақтау орталығы келеңсіз көріністі болдырмау мен ерлі-зайыптылардың басын қайтадан қосу бағытында елеулі рөл атқарары анық.

Осы орайда орталықтың ашылу рәсімі кезінде әділ қазылардың атынан айтылған кейбір орынды ой-пікірлерді де айта кетудің орайы келіп тұрғандай. Яғни олардың айтуынша отбасын сақтап қалу көптеген жағдайларда судьялардың қолынан келе бермейді. Олар тек өз тарапынан тиісті заң шеңберінде ғана шешім қабылдайды. Осындай жағдайда Ақтөбеде жаңадан ашылған орталық қызметінің маңызы арта түспек.

Яғни алдағы уақытта ажырасу бойынша сотқа келіп түскен арыздарды осы орталықта құрылған комиссия мүшелерінің қарау тәртібі белгіленіп отыр. Осындай тәртіп пен жүйе арқылы отбасы мен некені сақтап қалу мүмкіндігі өсе түсетініне шек келтіруге болмайды дейді судья Айгүл Абдуллина.

АҚТӨБЕ


Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024