Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра ашылды

1343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастар жылы аясында Өскемендегі Сәр­сен Аман­жолов атын­да­ғы Шығыс Қазақ­стан мем­лекет­тік универ­ситетінде әскери кафедра ашылды.

Қабанбай батыр атындағы  әскери кафедра ашылды

Ерекше атап өтерлігі, бұл – өңірдегі университеттердің ішінде ашылып отырған үшін­ші әскери кафедра. Оқу орны­ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери кафедраға студенттерді қабылдау басталып та кетіпті. Бұл мақсатта университет тарапынан 2019-2020 оқу жылына үш мамандық бойынша 45 грант бөлініпті. ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген әскери кафедра Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың биылғы 11 мамырдағы №328 бұйрығы негізінде ашылғанын, алдағы уақытта грант санын ұл­ғайту жоспарланып отырғанын айтады. «Әскери кафедраны бі­тір­ген студенттер жоғары оқу орнын аяқтағандары туралы дип­ломмен қатар запастағы офицер куәлігін алады. Олар Қор­ғаныс министрлігінде, әскери бө­лімдерде, әскери полицияда және басқа да мекемелерде жұ­мыс істейтін болады» деген университет басшысы жақында оқу орнының ғылыми кеңесінде кафедраға Қабанбай батыр есімін беру туралы ұсыныс түскенін жеткізді.

Әскери кафедраның ашыл­ғанына, әсіресе студенттер ерекше қуанып жатыр. «Бұл – оқу ор­дамыздың 67 жылдық тарихында болмаған дүние. Осы үшін университет басшылығына осындағы барша студенттердің атынан алғысымызды білдіре­міз», дейді университет студен­ті Марлен Әбубәкір.

 

ӨСКЕМЕН