Қоғам • 06 Маусым, 2019

Елордада заманауи iQala қалалық қызметтер орталығы ашылды

952 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев iQala қалалық қызметтер орталығының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада заманауи iQala қалалық қызметтер орталығы ашылды

Қаладағы алғашқы iQala қалалық қызметтер орталығы Нұр-Сұлтан әкімдігінің бастамасымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен  «Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында құрылды. Бастаманы «Astana» ӘКК» АҚ жүзеге асырып отыр. 

Орталықтың ашылу салтанатына келген қала әкімі  Бақыт Сұлтанов пен агенттік басшысы Алик Шпекбаев жаңа орталықтың техникалық мүмкіндіктерімен танысып, тұрғындардың барлық санаттарына қолайлы әрі жайлы болатын жағдайларды бағалады. 

«Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында жемқорлықтың алдын алу мақсатында тағы бір мекеме құрылып отыр. Мұнда қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі қызметтер көрсетілетін болады. Бұл орталықтың IQala деп аталуы интеллектуалдылығын білдіреді. Ендігі «бір терезе» қағидатымен шектеліп қалмай мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл байланыстарды барынша азайтуды, түрлі қызметтерді, консультациялар мен рұқсаттарды алуды барынша жеделдетуді көздейтін өздігінен дамитын зияткерлік жүйе болады. Мұндай жүйелер кәсіпкерлерге өз шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл бағаға, тарифтерге және жобалардың соңғы құнына әсер етеді», – деді қала басшысы Бақыт Сұлтанов. 

«Астана – адалдық алаңы» жобасы 2018 жылы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары мәселелері бойынша ұсынылатын қызметтердің бизнес-процестеріне талдау жасаған болатын.  

«Нәтижелер осы салада көрсетілетін қызметтер қосарланған құжаттар айналымына, қызмет алушымен тікелей байланыс жасауға, көптеген әкімшілік тосқауылдарға, қызмет көрсетудің ұзақ мерзімділігі мен тәртіптердің орындалмауына және тұрғындар үшін жайсыздық туғызатын жағдайларға ие екендігін көрсетті», –  деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  астаналық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева. 

Ол сондай ақ, өткен жылдың шілде айында осы жоба бойынша біріңғай орталық құру және онда қызмет көрсетету процесіне қатысатын барлық мекемелерді топтастыру туралы бастама көтергендігін атап өтті. iQala – қала билігі мен тұрғындарының ара-қатынасының жаңа форматы.  

iQala фронт-офисі  атқарушы органдар мен коммуналдық және муниципалдық қызметтердің, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау институттарының  қызметтерін  бір жерге тоғыстырып, тұрғындарға   «бір терезе» негізінде қызмет көрсетеді. 

Алаңның мақсаты – тұрғындар мен ШОБ өкілдерінің мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтерді алу процестерін мейлінше жеңілдету. 

Болашақта орталықта 25 компания топтастырылып, барлығы 130 қызмет көрсетіледі. iQala жобасының аясында арнайы интернет-портал  және мобильді қосымша жұмысын бастап, олардың көмегімен қала қызметтерін online режімде алуға мүмкіндік туады. 

«iQala жұмысының нәтижесінде астаналық мекемелердің қызмет көрсету тиімділігі артады, қызмет көрсету процестері жеңілдетіледі, барлық қызмет көрсету процесі ашық әрі айқын болады», – деп атап өтті «Astana»  ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Темірлан Нұрғисаев. 

iQala  қалалық қызмет көрсету орталығының фронт-офисі жұмыс күндері сағат 09:00- 18:00-ге дейін Қошқарбаев даңғылы, 29 үй мекен-жайы бойынша қызмет көрсетеді. Қалалық қызмет көрсету орталығының жұмысына қатысты туындаған сұрақтар бойынша 109 қалалық біріңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.