Әлем • 14 Маусым, 2019

Куала-Лумпурда Қазақстан-Малайзия Іскерлік Кеңесінің кеңсесі ашылды

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан-Малайзия Іскерлік Кеңесі кеңсесінің ресми ашылуы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, даму институттарының, ұлттық және жеке компаниялардың басшылары қатысты.

Куала-Лумпурда Қазақстан-Малайзия Іскерлік Кеңесінің  кеңсесі ашылды

Кеңес мүшелері Қазақстан мен Малайзияның іскерлік мүмкіндіктері туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, бизнеске қолдау көрсету, инвестицияларды қорғау және отандық, шетелдік компаниялар үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету үшін қаржы құралдарын жетілдіруге бағытталған Қазақстанның саясатына ерекше назар аударды.

Малайзиядағы Қазақстан Елшісі Болта Иманбаев іс-шара қатысушыларын қарсы ала отырып Куала-Лумпур Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі сауда әріптесі екенін атап өтті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, қос мемлекет арасындағы сауда-саттық 4 есе өсіп, 500 млн АҚШ доллары шамасын құраған. Сондай-ақ, қазіргі таңда, Қазақстанда малайзиялық компаниялармен және инвесторлармен бірлестікте мұнай-газ, ауылшаруашылық және құрылыс салаларында жалпы құны 1 млрд АҚШ долларына тең жобалар жүзеге асырылып жатқаны туралы хабардар етті.

Б.Иманбаев Қазақстан тарапы исламдық қаржыландыру, халал индустрия, электрондық коммерция, туризм, денсаулық сақтау, ақпараттық қауіпсіздік тәрізді басым бағыттар бойынша екіжақты әріптестікті нығайтуға мүдделі екендігін жеткізді.

Сонымен қатар ҚМІК-нің тең төрағалары Датук Лу Джи мен Дато Берікқазы Сексенбаев исламдық қаржыландыру, халал индустрия, электронды коммерция, туризм, денсаулық сақтау, ақпараттық қауіпсіздік сияқты перспективалы бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытты. Олардың пікірінше, Іскерлік кеңес екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кешенді сұхбат жүргізетін және екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды жандандыратын тиімді алаң болып табылады.

ҚМІК мүшелерінің жұмыс кездесуі аяқталғаннан кейін екі елдің іскер топтары инвестициялық және сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.