Президент • 14 Маусым, 2019

Алғашқы сапар бауырлас елден басталды

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтас­тық ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкек қал­асына келді. Бұл – Пре­зиденттің 9 маусым күні Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, пре­зиденттік қызметке ресми кіріскеннен кейінгі алғаш­қы шетелдік сапары.

Алғашқы сапар бауырлас елден басталды

2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің өзара келісімімен құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы қазір Еуразия құрлығының 60 пайызын біріктіретін алып күшке айналды. Ұйымға мүше мемлекеттер халқының жиынтық саны 3 млрд-тан асып жығылады.

Демек, Қазақстан През­и­дентінің алғашқы сапарының бауырлас елден басталуы және аймақтағы ықпалды ұйымның саммитіне қатысу жоспарының символдық мәні бары рас.

Қазақстан Президентін Бішкек­тің Манас әуежайын­да Қыр­ғыз­стан үкіметінің басшысы халық­аралық талаптарға сай күтіп алды. Ұшақ алдында ұлттық киім киген қыздар Қасым-Жомарт То­қаевқа екі ұлтқа да ортақ дәм – бауырсақ ұсынды. Бұл – символдық дәм.

Ауылы аралас, қойы қоралас, тарихы біте қайнасқан, түбі бір түркі мемлекеттеріне тек бауырсақ қана ортақ құндылық емес. Алыстағы ағайыннан жақын көршіні артық көретін екі мем­лекеттің тәуелсіздік жылдарында экономикасы, саяси ұстанымдары, тіпті хал­қының өзі біте қайнасып кетті десе бола­ды. Оған мемлекет басшыларының жиі кездесулері де дәлел.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына сапары сол ел Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы кешегі өткен кезектен тыс сайлаудағы жеңісінен кейін өзін алғашқылардың қатарында құттықтап, Қазақстанның одан әрі орнықты дамуына, бауырлас екі халықтың достығы мен тату көршілі­гіне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірген Қырғыз Республикасының Президентіне жылы қабылдағаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі өзінің алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастағанының сим­волдық мәні барын айтты.

– Ұлықтау рәсімінен кейінгі Бішкек қаласындағы кездесуіміз – жақсылық­тың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселесін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз – сол келісімдерді жүзеге асыру, – деді Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.

Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, екі ел қарым-қатынастарының одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Тараптар алдағы Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы саммитінің күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Жал­пы, екі мемлекеттің үкіметаралық, пар­­ламентаралық деңгейдегі табысты жұмыс­тарын былай қойғанда, әлемдік және ай­мақтық ұйымдардағы түйткілді мәсе­лелерге ортақ тұрғыдан үн қосып жүргені белгілі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммит аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Қ.Тоқаев Президент болып сайлануы­мен және Қазақстан Президенті қыз­метіне кірісуімен құттықтағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төр­ағасына ризашылық білдірді.

– Менің атыма жолдаған жүрекжарды құттықтау хатыңызды алдым. Сайлау қорытындысын Қазақстан халқының маған артқан зор сенімі және Тұңғыш Президентіміз, Сіздің досыңыз Нұр­сұлтан Әбішұлының бағытын қолдауы ретінде қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың маңыз­дылығын атап өтіп, Қытай Халық Рес­пуб­ликасымен қарым-қаты­нас­тар­дың сыртқы саясатымыздағы басты басым­дықтардың бірі екенін айтты.

– Бұл ынтымақтастықтың страте­гия­­лық сипаты бар. Кең ауқымды Еура­зия құрлығындағы тыныштық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін оның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзинь­пинді «Бір белдеу – бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумы­ның табысты өтуімен және ҚХР-дің алдағы 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.

ҚХР Төрағасы Мемлекет басшысын президент сайлауындағы жеңісімен тағы да құттықтап, биыл Қытайға ресми сапармен келуге шақырды.

– Біз Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру, ІТ-индустрия және «жасыл» технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үміттенеміз. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы мен Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын ұштас­тыру арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңірек пайдалануға мүдделіміз, – деді ҚХР Төрағасы.

Кездесу барысында тараптар мә­дени-гуманитарлық саладағы, соның ішінде жастардың тағылымдама алмасуларын кеңейту және бірлескен іс-шаралар өткізу жөніндегі екі елдің ықпалдастығын талқылады.

Мемлекет басшысы сапар аясында Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен де кездесті.

Қазақстан Президенті Ауғанстан Ислам Республикасының Президентіне ілтипат білдіріп, екіжақты ынтымақ­тас­тықтың және көпжақты форматтағы өзара тығыз іс-қимылдардың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Президент мырза, Сізбен Шан­хай ынтымақтастық ұйымының сам­миті аясында Бішкек қаласында кез­дес­кеніме қуаныштымын. Біздің елдері­міз ынтымақтастықта мол табысқа қол жеткізді. Алдағы уақытта өзара ықпал­дас­тығымызды кеңейту арқылы бұдан да жақсы нәтижелер күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұхаммед Ашраф Ғани Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкін­дік жасағанына ризашылық білдірді. Мем­лекет басшысын президент сай­лауындағы жеңісімен және Қазақстан Прези­денті қызметіне ресми кірісуімен құт­тықтады. Ауғанстан басшысы Қазақ­стан халқының өз таңдауы ар­қылы елдің стратегиялық бағытының сабақ­тастығын  таңдағанын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед Ашраф Ғанидың қызметіне табыс тіледі.  

Алдын ала бекітілген жоспар бойынша бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамда өтетін отырыстарына қатысады.

Жалпы, жоғарыда ШЫҰ-ның құ­рыл­тайшы мемлекеттерін айттық. Ал 2017 жылы Астана саммиті кезінде Үндістан мен Пәкістан ұйымның толыққанды мүшесі болып танылды. Сондай-ақ Ауғанстан, Беларусь, Иран мен Моңғолия – әзірге бақылаушы мәртебесіне ие мемлекеттер. Былтыр Қытайдың Циндао қаласында өткен саммитте ұйымның төрағалығы Қырғыз Республикасына өткен болатын.

Бүгінде ұйымға мүше «сегіздік» тату көршілік, достық пен ынтымақтастық келі­­сімінің 2018-2022 жылдарға арнал­ған іс-шаралар жоспарына сәйкес әрекет етуде.

Саммиттің негізгі отырыстары және басты іс-шаралары бүгін өтуі тиіс. Ұйым­дастырушылардың айтуларына қара­ғанда, саммитте талқыланатын бас­ты тақырыптардың бірі – Ауғанстандағы қазіргі ахуал болмақ.

Кешегі күннің соңында мемлекет басшылары «Достық керуені» атты мерекелік концертті тамашалады.

Қырғыз тарапының мәліметтеріне қарағанда, саммиттен хабар таратуға 500-ден аса журналист тіркелген. Сам­мит өтетін уақытта Бішкектегі қо­ғам­дық тәртіпті қадағалауға 500-ден аса милиционер жұмылдырылған.

Мемлекет басшылары саммит қоры­тындысы бойынша Бішкек декларациясын қоса алғанда 20-ға жуық құ­жат­қа қол қояды деп күтілуде. Оның ішінде БАҚ, спорт, денсаулық сақтау, халықаралық байланыстарды дамыту салаларын қамтитын келісімдер де бар.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев жаңа қызметке кіріс­кеннен кейін Қазақстан атынан халықаралық құжаттарға алғаш рет қол қойғалы отыр. Бұл – Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының саммиті. Ал осы ұйым құрылған 2001 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев докторлық диссертация қорғап, ғылыми еңбегі Қазақстанның жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу кезе­ңіндегі сыртқы саясаты тақырыбын қамтыған. Бұл – тарихи сәт алдында атап өтуге лайық маңызды оқиғалардың бірі.