Қоғам • 18 Маусым, 2019

Адалдық – асыл қасиет немесе әділ шешім сержанттың бағын қалай ашты?

601 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Полиция сержанты Елдос Жұман­бетовпен 2008 жылы Батыс аймақтық көліктегі ішкі істер департаменті жанындағы қоғам­дық кеңестің кезекті отырысында таныстым. Полков­ник Қайрат Тыныбеков жетекшілік ететін құрылым кеңесінің құрамында ішкі істер саласының ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және журналистер бар еді.

Адалдық – асыл қасиет  немесе әділ шешім сержанттың бағын қалай ашты?

Сол отырысқа Қандыағаш станса­сындағы желілік ішкі істер бөлімі бастығының орын­­басары кинолог болып жұмыс істейтін Елдосты ер­тіп келді. Әлі есімде, аздап тұ­­тығып сөйлейтін, ор­та бой­лы, жасы жиырмадан енді ас­қан өрімдей сержант төр­дегі шікірейген кісілерді көр­генде көзі шарасынан шы­ғып кете жаздап, басы төмен сал­­бырап кетті. Мінберге шы­­­­­ғып кинологтың кінәсін жіп­­ке тізгендей етіп заулап баяндаған бастығы Е.Жұ­ман­бетовке қатаң шара қол­дануды сұрады. Сон­­дағы айыбы – таңертең жұ­мыс­қа кешігеді, ескертулер еске­русіз қалуда.

Сонымен, бұл «кінәсінің» себебін сұрай бастасақ, ас­тарында Елдос Жұман­бе­товтің қызметіне адал­ды­ғы, жұмысына деген сүйіс­пен­шілігі, отбасына кіршіксіз құрметі, ең бастысы, төрт аяқ­ты досы – қыз­меттік итіне деген қамқор­лығы жарқырап шыға келді.

Елдостың сондағы айт­қаны әлі есім­де: «Қанды­ағашта пәтер жалдап тұра­мын. Қызметтік итімді үйде ұстай­мын. Азғантай жа­лақымның бала-шаға­мнан артылған бөлігіне итіме та­мақ ала­мын. Күнделікті жұмыстан келген соң кешкі сағат тоғыз-ондардың шамасында аулада қыдыртып келемін. Түнгі екінің шамасында итім жер тырмалап, далаға тағы шық­қысы келеді. Өзгенің пәтерін бүлдірмесін деп тағы сыртқа шығарамын. Оның үстіне жақында ғана нәрестелі бол­ған едім – иттің «қың­сылы» ба­ланы оятып жі­беретін-ді. Таң­ғы беске таяу итім тағы қыңсылайды. Сөй­тіп тағы дала кезіп ке­темін. Содан қанша сергек болайын десем де, ұйқы қы­сады, соның кесірінен таңғы тоғыздағы жұ­мысқа 10-15 ми­нут кешігіп қалатын кез­дерім болады».

Осы сәтте бұл сөздерді қы­­сыла-қымтырыла айтқан сер­­жанттың көздері жасау­рап кеткендей болды. «Ақ­талып» болған соң Елдос ке­ңес мүшелерінің «үкімін» кү­ту үшін сыртқа беттеді. Тәр­тіп солай.

Бірақ оның «жазасы» қан­дыағаштық басшылардың күткеніндей, сұра­ғанын­дай бол­ған жоқ. Елдостың өзі үшін де таңғаларлық болғаны рас. Өйт­кені Е.Жұманбетов­тің жоғарыда анықталған оң қа­сиеттері мен нақты себеп­­терді ескере келе, қо­ғам­дық ке­ңес мүшелері ақыл­даса отырып, поли­ция сержантын жазалаудың мүл­дем қажетсіздігін айтып, ке­­рісінше қызметіне адал ма­манға қолдау көрсету керек деген шешім шығарды. Бұл уәжді департамент бас­тығы Қай­рат Тыныбеков те толық қуаттады. Сонымен уақыт өте берді, Елдосты көр­генім де жоқ, оның да аты шық­па­ды.

2014 жылы респуб­ли­калық басы­лымдардың бі­рін­дегі шағын ақпа­ратты кө­зім шалды. Алматыда күш­­­ құрылымдарының ки­­но­лог­тары ара­сындағы рес­публикалық конкурста Қан­дыағаш ЖІІБ кинологы Е.Жұманбетов екінші орын алды деген хабар­ды оқыған сәтте алты жыл бұ­рынғы қоғамдық кеңес отырысы ойыма сарт ете қалды. Сол  Елдос, сол  сержант, ал қазіргі жүл­десі – ауыз тол­тырып айтарлықтай. Ойым­­ әр саққа жүгірді – сол уа­­қыт­­та «кінәлі» сержант­ты­ поли­ция бөлімі бас­шы­ла­ры­­ның ұсынысымен тәр­тіп­тік жазаға тарту туралы ше­шім шыққанда, білікті ма­манның бағын байлап, сағын сындырған болар ма едік. Осы ой басқа келген­де, Елдостың жетістігіне бала­ша қуандым. Өйткені қа­ғаз­ға түскен бір айыптан соң «белсенді» басшылары Ел­дос­ты одан әрі қудалап, қыз­меттен кетіруі де бек мүм­кін еді-ау. Хабар осымен тағы үзілді.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Ақтөбеде көліктегі ішкі істер басқармасының бөлім басшысымен бір жиында тілде­судің сәті түсіп, баяғы Елдосты қайта есіме алып, қайда жүргенін сұра­дым. Оның жауабы тағы қуантты. Сол кон­­курстан соң Елдосты Ішкі істер министр­лігінің кинологиялық орта­лығы елордаға алдырып, қыз­мет берген, «Жан» атты кү­шік кезінен асыраған иті­нің жағдайын жасаған.

Жуырда сол оқиғалар қай­та еске түсіп, журналистік қы­зығушылықпен Елдосты іздестіріп көрмек болып, Іш­кі істер министрлігіндегі әріп­тесіміз Нұр­ділда Ораз бас­қаратын баспасөз қыз­метіне қолқа салдым. Сөйтіп, Елдос табылды, бірақ Қы­зыл­ордада іссапарда жүр екен. Телефоны байланыс­ аясы­нан тыс жерде. Со­дан оның тікелей басшысы, ІІМ кинологиялық қыз­ме­ті­нің бастығы Бағлан Жа­рыл­қасымұлынан бағы­ныс­ты қызметкері туралы сұра­дым.

– Сол республикалық кон­курстан кейін Елдосты Ішкі істер министрлігінің кино­­логиялық қызмет орта­лығына ауыстырып алдық. Мамандығы сержант екен, бізге ауысқан соң инспектор лауазымын және лейте­нант шенін алды. Қазір – ка­питан. Қандыағаштан әкел­ген «Жан» атты иті әлі жанында, бірақ төрт аяқты досы қартайды, биыл «зей­неткерлікке» шыға­­­рамыз. Елдос біздер үшін таптыр­мас маман – қазір жас қызмет­керлердің ақылшы ұстазы. Ол итімен бірге есірткі та­сымал­даушылардың қас жауына айналды. Еліміздегі темір жол вокзалдары, әуе­жайлар мен пойыздарда бұл жұп талай қылмыстың бе­тін ашты. Мысалы, біздің орта­лық мамандары жылына екі жүздей есірткі тасымалы қылмысын ашса, соның 70-80-і Елдос пен иті «Жанның» жеке жетістігі, солар ашқан қылмыстар. Бұл – нағыз нәтиже. Олардың үлкен олжасы ретінде 2017 жылдың наурыз айында Қызылорда – Семей, Алматы – Маңғышлақ бағытындағы пойыздардан бір аптаның ішін­де 10 кг гашиш пен 15 ки­­­­­ло қарасора есірткісін тап­қан­дығын айтуға болады. Е.Жұманбетов қызметтестері арасында беделді, қызметіне адал, өзі талапшыл және талапты түсіне білетін маман, – деді орталық бастығы.

Жаңа заманның технологиясы – ұялы телефонның күшімен Елдосты Қызылор­дадан тауып, қауырт жұмысы­ның арасында бір-екі ауыз тілдесіп үлгердім. Жоғарыда айтылған 2008 жылғы оқиға кешегідей есінде екен. Сол кезді екеулеп еске түсіріп, бір күліп алдық. Өйткені қоғам­дық кеңестің сол отырысы тағ­­­­­­­дырын өзгерте жаз­­дағанын мойын­­дайды. Бү­гінде жасы отыз­­дың ал­тауында, негізінен жас әріп­тестерін баулуға ден қой­­ған ұстаз. Уақыт тығыз бол­са да, әңгіме әріден бас­тал­д­ы.

– Бала күнімнен итқұ­мар болып өстім. Әсіресе ала­бай­ мен неміс овчаркасын­ көрсем, ішер асымды жерге қоя­тынмын. Тағдыр­дың­ жазуы­мен полиция­ қа­тарына қосылған соң бірден кино­логиялық қызмет­ті таң­­да­дым. Міне, сол итқұмар­лығым өмі­ріме өрнектеп із қалдырды. Он үш жылдан бері сегіз айлығынан мәпелеп өсірген итім – «Жан» екеу­­іміз елімізде көптеген қыл­мыстың бетін ашып, жүздеген кило есірткінің елге таралуының жолын кестік. Итім тек қазақ­ша бұйрықты тыңдайды (ра­хат­­танып күлді), деп қазіргі ка­пи­тан Жұманбетов бір марқайып қалды да, әңгімесін жалғастырды – Қазір біл­генім­ді жас мамандарға үй­ретуге көбірек күш салып жүр­мін. Шынымды айтсам, ки­нологиялық орталықтағы иттерді өздеріне бекітілген кинологтармен қатар тәр­бие­леп келемін. Өйткені жұ­мысқа адал, иісшіл итті үйрету үшін оның психологиясын меңгеріп, түсіну керек. Мысалы, төрт аяқтыларға бұйрықты жұмсартып беру – әлсіздіктің белгісі, оны ит те сезеді, ал қатқыл сөйлесең шын қожайынның үстемдігін ұғады. Ит қорыққанын сыйлайды. Солай бола тұра ит­ті мақтап, қолпаштап, жы­лы сөзді аямай отырсаң ға­на нәтиже береді. Оның ішін­де неміс овчаркаларын ырық­тандыру жеңіл. Асыл тұқымды овчаркалардың аталары соғыс кезінен адамға адал қызмет ете бастаған және бұл қа­сиеттері қанында қал­ған. Қазір көліктегі полиция са­пын­дағы әріптестерімді үй­­рету үшін аймақтарға іс­сапа­рларға көп сұранамын. Мақ­­сатым – қылмысты бол­­дырмау, есірткі деген тажал­дың жолын кесу.

Бұл қысқа әңгімеден соң жан досы – «Жан» атты итін жетелеген кейіпкеріміз стансаға келген пойызға отырып, бай­ланыс аясынан алыстай бер­ді. Ал­да – беймәлім, қым-қуыт­ тір­лік.

Жалпы, біздің қоғамға по­ли­­­ция қызметкерінің қай-­қай­сысы да бөгде емес. Ол қа­зақы тілмен айтсақ, ауыл­­­да бірге өскен бауырымыз, біреу­іміздің жиеніміз, тағы біреуіміздің құдамыз – туыс­тық тізбек солай жал­ғасып кете береді.

Ал өз кезегінде осы ауыр қызметтегі құрылым басшы­лары да Елдос тәрізді қыз­метіне адал мамандарды уа­қы­тында бағалап, өзекке теп­пей, өңменінен итермей, керісінше, қанаттандырып, жақсылығын асырып отырса, Отанға адал, халқына қамқор жігіттер елімізге қызмет ете бермек.