20 Маусым, 2019

«Egemen Qazaqstan» редакциясында ашық ректорат өтті

696 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректорат жиналысы өтті. «Ашық ректорат» форматындағы жиынға университет проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, университеттегі факультет декандары, ғалымдар мен редакция қызметкерлері қатысты.

«Egemen Qazaqstan» редакциясында ашық ректорат  өтті

Жиында Дихан Қамзабекұлы бұл шараның маман даярлаушылар мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға орасан зор септігін тигізетіндігін атап өтіп, газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Өз кезегінде басылым басшысы редакция құрамының жасарғанын, қызметкерлердің орташа жасы 31 екендігін, басылымда Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген көптеген мамандар қызмет етіп жатқанын, редакцияға аталған оқу орнының студенттері өндірістік тәжірибеден өту үшін көптеп келетінін атап өтті. Сонымен қатар, басылымынғ ғасырлық мерейтойына байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанын, алдағы уақытта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп ғылыми конференция өткізу жоспарланғанын айтты.

Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев «Egemen Qazaqstan» газетінің ел тарихындағы рөлін айырықша атап өтіп, жақында ғана жарық көрген «Жүз жылдық жылнама» атты жинақтың  маңыздылығына тоқталды. Бұл жинақ 1919 жылдан 1976 жылға дейінгі аралықта басылымда жарық көрген материалдардан құралған болатын. Өз кезегінде Тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов аталған жинақтың зерттеушілер үшін бағалы дерек көзі болатынын айтты.

Жиын Журналистика және саясаттану факультетінің қызметі мен жоспарларына арналды. Факультет деканы Қайрат Сақ қазіргі таңда журналистер мен PR мамандарын даярлаудың өзекті мәселелеріне, саладағы трендтерге, факультеттегі жаңа бастамаларға тоқталды. Оқытушылар нақты салаларға маманданған журналистер даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті. Атап айтқанда факультетте спорт журналистерін, әскери журналистерді даярлау мәселесіне көңіл бөлініпті. Сонымен қатар, интернет журналистика мәселесіне де айырықша назар аударылған.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024