Қоғам • 20 Маусым, 2019

Тіл табиғатын бұзбайды

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлт тіліне, ұлт руханиятына жақын келетін латын графикасына көшетін уақыт жыл санап жақындап келеді. Әлі уақыт бар ғой деп арқаны кеңге салу кемел істің аясын кеңітпейді. Себебі алға қойған елдік іске ырғалып-жырғалып жүру жарас­пайды.

Тіл табиғатын бұзбайды
Ертең анау жетпейді мынау кемшін десек, әлгі ұлт ісі мемлекеттік тілдің әлі бітпей келе жатқан толғағындай болуы кәдік. Осындай мәселенің алдын алу мақсатында елордада «Латын графикасына көшіруді ұйымдастыру шаралары» атты қазақ тілі әліпбиін латынға ауыстыруға қатысты мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компаниялар арасында түсіндірме семинар өткізілді. Оған еліміздегі Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы мониторингі қызметкерлері, сонымен қатар еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының сарапшы ғалымдары қатысты. Жасыратыны жоқ, бұл мекемелер ертең елдік істің мықты діңгегіне айналса, ұзын арқан, кең тұсауға бой алдырмаса, міндет дер кезінде айқындалып, мақсат мүлтіксіз орындалады. Бұл игілікті шараға Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйытқы болғанын айта кетелік. 
Алқалы жиынды орталықтың бас директоры, қарымды қаламгер Әлібек Асқаров ашып, жетпіс жыл кириллицамен өмір сүріп, орыс тіліне жетік болғанымызды мақтан етіп, бұл білімділік, мәдениеттілік деп, кейбір жұрттар (грузин, армян) тілін бұрап сөйлесе, күлген тұстарымыздың болғанын, енді азат елдің әр азаматы ұлт үшін жұмыс етуді алға оздыру керекті­гін тілге тиек етіп, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары қазақты латыннан кириллицаға Сталиннің бір бұйрығымен көшіре салған. Біздің тәуелсіз Отанымыз латынға ауысуға асығыстық жасамай, тиянақты дайындықпен жоспар-жобаны бекітіп берді. Ендеше, оған салғырттық танытпай, табандылықпен орындау – бәрімізге парыз әрі қарыз. Бүгін оны саналылықпен атқарсақ, ертең өкінбейтін боламыз», деді.
«Тіл-Қазына» орталығының атқарушы директоры, білікті ғалым Ербол Тілешев ұлт тілінің арғы-бергі тарихына тереңдеп барып, арыстар үлгісінен дәйектер келтіріп, бір жыл ішінде атқарылған жұмысты талдап, алдағы міндеттерге тоқталды. Орталық латын әліпбиін танып-білу бойынша курс­тар ұйымдастырып жатқанын, оған кейбір мекемелер қатысса болды емес пе деп тіл маманы емес адамдарды жібере салатынынан мысалдар келтіріп, ондай қатысушыға сертификаттар берілмейтінін назарға салды. Елбасының тікелей қолдауымен өтіп жатқан мемлекеттік  шараға селқос қарау жараспайтынын алға тартты. Курс бір адамның білімін жетілдіру үшін емес, сол бір адамның өзге әріптестеріне латынға көшу қағидасын түсіндіру, өздерінде сондай курстар ұйымдастыруға бастамашы болу керектігін қадап айтты. «Жауапты іске жауаптылықпен қарау керек», деген ол біз әспеттеп жүрген кириллицаның әлемдік қаріпте 3 пайыз орын алатынын, ал латын қарпінің 48 пайыз екеніне, латын әліпбиінің иесі бүкіл адамзат болып бара жатқанына мысалдар келтіріп, осындай  кеңесулерге мол мүмкіндік жасалып отырғанын, оны тиімді пайдалану қажеттігін еске салды.