Экономика • 21 Маусым, 2019

Бюджеттік саясат экономиканы дамытуға негізделгенде ұтымды

318 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Жолдауы жарияланды және Үкімет пен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Бірлескен отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясы­ның және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бюджеттік саясат экономиканы дамытуға негізделгенде ұтымды

Сайлау Конституция талаптарына сай өтті

Бірлескен отырыстың күн тәртібі бо­йынша Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин алғашқы сөзді Конститу­ция­лық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәмиге берді.

Ел Конституциясының 53-бабы 6) тармақшасына сәйкес Парламент па­латаларының бірлескен отырысында Конституциялық Кеңестің жыл са­йынғы Жолдауы дәстүрлі түрде жария­ланып келеді. Қ.Мәми атап өткендей, Конституция – егемендігімізді паш ете­тін, азаматтығымызды айқындайтын ма­ңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы. Оның айтуынша, бұдан бұрынғы Жолдауды жариялағаннан бергі кезең еліміздің мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиға­лармен ерекшеленген.

– Салиқалы халқымыздың сабырымен, биліктің сайлану салтымен Қазақстанда жоғары биліктің байсалды ауысуы жүзеге асты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылғы 19 нау­рызда өз еркімен отставкаға шығуын жариялап, Мемлекет басшысы ретін­дегі өкілеттігін тоқтатты. Конституция нор­­маларына сәйкес республика Пре­зидентінің өкілеттігі Парламент Сенаты­ның Төрағасына өтті. 9 маусымда өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Прези­денті болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайланды. Мемлекет басшысы өкілеттігі­нің көшуі және республика Президенті­нің кезектен тыс сайлауы конституция талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. Осылайша, сонау тәуелсіздіктің басында Елбасы мәлімдегендей, Ата Заңды адал сақтау бағытының сабақтастығы және соған сәйкес қоғам мен мемлекеттің бұл­жымастығы расталды. Биліктің көшуі қалыпты жағдайда өтті, – деді Қ.Мәми.

Конституциялық Кеңес Төрағасы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін ны­ғайтудағы аса маңызды қадамдар ретінде Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенцияны, Түркістан облысының құрылуын және түркі әлемі­нің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың түзілуін атап өтті.

Қ.Мәми одан әрі еліміздің халықара­лық мәртебесі мен беделін көтеруге бағытталған іс-шараларға да тоқталып өтті. Сонымен қатар Конституциялық Ке­ңестің есепті кезеңдегі атқарған жұ­мыс­тарын, ресми түсініктерін жан-жақ­ты баяндады.

– Мәселен, Кеңестің ұстанымы бо­йынша заңнамада бірқатар ұғымның мазмұны айқындалды. Енді мемлекеттің мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру кезінде оның құнын өтеу бұрын­ғы­дай кадастрлық немесе шарттық емес, нарықтық бағасы бойынша жүзеге асырылатын болды. Атқарушылық іс жүр­гізуде күштеп әкелуді қолдану тәр­тібі рет­телді. Сондай-ақ оны жүзеге асыру процесінде мемлекеттік органдар өкі­леттіктерінің ара-жігі ажыратылды. Конс­титуциялық Кеңестің ұсыныстарын ескере отырып, Әкімшілік-рәсімдік-процестік кодекстің жобасы әзірленді, – деді Қайрат Мәми.

Конституциялық Кеңес ұсыным­дарының бірқатары адам құқықтарын қорғау мәселелерін қамтыған. Олар әйелдердің және балалардың заңды мүдделерін қорғауды күшейту, адамның қадір-қасиетіне және меншік құқы­ғы­на қол сұғылмаушылық кепіл­­дік­терін нығайту, сот ісін жүргізу­дің бар­лық түрлерінде мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібін жетілдіру, қылмыстық процесте жекеше айыптау істері бойынша жәбірленушілердің құқықтарын кеңейтуге қатысты болған.

Кеңес Төрағасы сөзінің соңында келесі жылы республика Конститу­циясының қабылданғанына 25 жыл толатынын және бұл датаны кең көлемде, терең мағынасында атап өту керектігін айтты.

Палата депутаттары Конституциялық Кеңес Жолдауын қабылдады.

Бюджет нақтылықты талап етеді

Бірлескен отырыстан Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі бойынша алғашқы сөз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа берілді. Оның баяндауынша, 2018 жылы бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға және экономиканың одан әрі өсуіне негізделген. Сол себепті экономиканың нақты секторларын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік саланы дамыту бюджеттің атқарылуының басым бағыттары болған.

– Жыл қорытындысымен ел эконо­ми­касының өсуі 4,1 пайызды құрады. Бюджеттің кірістері 8,8 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде салықтар 5,7 трлн теңгеден асты. 2017 жылмен салыс­тыр­ғанда салықтардың жалпы кірістер көлеміндегі үлесі 15 пайызға өсіп, 65 пайыз болды. Ішкі жалпы өнімдегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі 8 пайызды құрады, – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Аталған өзгерістерге индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешені, орта және шағын бизнес, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған мемле­кет­тік бағдарламаларды қаржылан­дырудың оң қорытындылары ықпал еткен.

Қаржы министрінің айтуынша, есеп­ті кезеңде бюджеттің әлеуметтік бағы­ты күшейе түскен. Бұл салаға бүкіл шы­ғыстардың жартысына жуығы, яғни 4,3 трлн теңге бөлінген. Сон­дай-ақ әлеу­меттік көмекке және әлеу­мет­тік қам­сыздандыруға 2,6 трлн теңге бағыт­талған. Ал ана мен баланы әлеу­меттік қолдауға 2018 жылы 146 млрд теңге жұмсалып, оның нәтижесінде 849 мыңға жуық адам жәрдемақы алған.

Мемлекетті дамыту үшін маңызды рөл атқаратын салалардың бірі – білім саласы – 474 млрд теңге, ден­сау­лық сақтау саласы – 1 трлн 71 млрд тең­ге, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лы­ғы – 257 млрд теңге және ауыл шаруашылығы саласы 419 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған. Осы салаларға бөлінген қаражаттың көле­мін жіктеп, олардың тиімділігін жіпке тізгендей қылып баяндаған Ә.Смайылов депутаттардың және Есеп комитеті­нің барлық ұсынысын орындау үшін Үкіметте арнайы Жол картасын да­йындап бекітіп, іске асыру басталғанын атап өтті.

Одан әрі сөз алған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөнін­дегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова 2018 жылы рес­пуб­ликалық бюджеттің орындалуы Үкіметтің Пар­ламент пен Есеп коми­тетінің был­тырғы ұсыныстарын ескеру­мен бюджет процесінде жүргізген ауқым­ды өзгеріс­терінің аясында өткенін айтты.

– Былтырғы қарастыру қорытындысы бойынша Есеп комитетінің Үкімет пен мемлекеттік органдарға берген ұсы­ныстарының 72 пайызы іске асы­рыл­ған және орындалу сатысында, бұл бюджеттің орындалуы бойынша жағ­дайды жақсартуға септігін тигізді. Бюджетке 2 есе аз түзетулер енгізілді, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 4 есеге дерлік төмендеді, оң динамика нығайды, – деді Н.Годунова.

Есеп комитетінің төрағасы сондай-ақ қаржылық заң бұзушылықтарға жауапты адамдарды жазалау мәселесін де көтерді.

– Жалпы, сапасыз бюджеттік шешімдер 2018 жылы 138 млрд теңге тиімсіз шығыстарға әкеліп соқтырды. Ал бұл ретте кім жауапқа тартылды? Көбіне бұл шешімдерді қабылдамайтын қатардағы орындаушылар жазаланады. Есеп комитетінің материалдарына сүйенсек, 2018 жылы тәртіптік жауапқа 224 қызметкер тартылған, оның тек 9 пайызы басшылар, – деді Н.Годунова.

Төрағаның пайымдауынша, қар­жылық заң бұзушылықтар үшін лауазым­ды адамдарды міндетті түрде жауап­қа тартуды қарастыру бөлігінде қол­даныстағы заңнамаға өзгерістер енгізу өте маңызды. Осы орайда заң бұзу­шылық сомасына байланысты, сон­дай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлағаны және тиімсіз пайдаланғаны үшін осы жауап­ты­лықтың ара-жігін белгілеу қажет.

Одан әрі күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дәурен Әділбеков пен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов қосымша баяндама жаса­ды. Сонымен қатар Парламент палата­ларының бірнеше депутаты талқылау­ларға қатысып, республикалық бюджетке байланысты бірқатар өзекті мәселе көтере келе, Үкіметтің 2018 жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің орындалуы туралы есебін қабылдады.

Отырыс соңында Премьер-Министр А.Мамин депутаттарға бірлескен тиім­ді жұмысы, Үкіметтің 2018 жылғы респуб­ликалық бюджеттің орындалуы туралы есебін тыңдау бойынша ашық әрі сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдірді.

– Депутаттар көтерген барлық са­уалдар, ескертулер мен ұсыныстар бо­йынша нақты жұмыстар ұйымдасты­рыла­ды. Қажетті шаралар шұғыл қа­был­данады. Алдағы уақытта да Үкі­мет Парламент депутаттарымен бірлесе жұ­мыс жүргі­зетініне сенімдімін, – деді А.Мамин.