Қазақстан • 01 Шілде, 2019

Сессияның уақыты ұзартылды

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин­нің төрағалығымен өткен Парла­мент палаталарының бірлескен отыры­сында VI шақырылған төртінші сессияның жұмысын ұзарту туралы мәселе қаралды. Бірлескен отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Жоғарғы соттың және Орталық сайлау коми­ссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, республика Президентіне тіке­лей бағынатын және есеп беретін мем­лекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент пала­талары аппараттарының жауапты қыз­меткерлері және бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияның уақыты ұзартылды

Күн тәртібіндегі жалғыз мәселе – төртінші сессияның жұмысын ұзартуға байланысты Үкімет басшысы Асқар Маминге сөз берілді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік страте­гиясын жалғастырып, халықтың өзекті мә­се­лелерін шешуге бағытталған іргелі шараларды қабылдауда. Президент әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтардың борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жар­лыққа қол қойды. Осы қабылданған шешімнің ар­қасында әлеуметтік тұрмысы төмен аза­мат­тарға көмек көрсетіледі. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың ең өзекті әлеуметтік мәселелерін шұғыл түр­де шешуге арналған және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жедел шаралар топтамасын әзірледі, – деді А.Мамин.

Үкімет басшысының айтуына қарағанда, осы шаралардың іске асуы нәтижесінде ағымдағы жылдың аяғына дейін жұмыссыз 300 мыңнан астам адам «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша кәсіптік білім беру арқылы жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлікті ұзақ мерзімді несие­лер және гранттар ұсыну арқылы дамыту ша­ралары, аз қамтылған отбасыларға жалдамалы баспана құрылысы көлемін екі есе өсіру, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы үй­дің құрылысын үш есеге арттыру шаралары қолға алынады.

Сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың бала­ларына кешенді әлеуметтік қолдау шара­лары ұйымдастырылады. Соның ішінде биыл 5 мың білім гранты бөлініп, тегін жол жүру, мек­тептер қажет заттармен қамтамасыз етіледі.

– Осы маңызды үлкен шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған рес­публикалық Бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу қажет. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясының жұмыс мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды сұраймын. Осы ретте алдағы уақытта Парламент пен Үкі­мет аталған әлеуметтік маңызы үлкен ша­ра­ларды қабылдауда белсенді жұмыс атқара­тынына сенемін, – деді Үкімет басшысы.

Аталған ұсыныс негізінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алтыншы сай­лан­ған Парламенттің төртінші сессиясын 5 шілдеге дейін ұзарту мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

– Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін қос палата депутаттары осы бюджет жобасын жан-жақты талқылап, қабылдауымыз қажет. Осыған байланысты Сенаттағы әріптестерімізбен ақыл­дастық, Парламент сессиясы жұмысының мер­зімін ұзартуды қарастырдық. Мұндай мүмкіндік бар. Осы жерде айта кету керек, Конс­титуциямыздың 59-бабының 3-тар­мағында Парламенттің кезекті сессиясы қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі деп белгіленген. Сонымен бірге Конституциялық Кеңестің Конституция норма­сына берген ресми түсіндірмесін негізге ала отырып, алтыншы сайланған Парла­менттің төртінші сессиясын 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартуды ұсынамын, – деді Н.Нығматулин.

Аталған мәселе депутаттар тарапынан то­лық қолдау тауып, сессия жұмысы ұзарты­латын болып шешілді.