Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Болжанған шығын көлемі – 20 млрд теңге

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арыстағы қару-жарақ қоймасы елді мекен маңайынан тү­бегейлі көшіріледі. Қазір Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша бүлінген ғимараттар мен тұрғын үйлерді қал­пына келтіруге, сондай-ақ санитарлық-эпиде­мио­ло­гия­лық қызметтің, оның ішінде суды хлорлау, эпиде­мия­ның ал­дын алу үшін және басқа да іс-шараларға басымдық берілген.

Болжанған шығын көлемі – 20 млрд теңге
Бұл мәселе жөнінде Орта­лық коммуникациялар қыз­метінде баспасөз мәсли­ха­тын өткізген ІІМ Төтенше жағ­дай­лар комитетінің төрағасы Вла­димир Беккер мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Қорғаныс ми­нистрлігіне жүктелген мін­дет­тердің бірі – Арыс арсенал қоймасын толық жою.

– Бұл – Қорғаныс министр­лігінің міндеті. Қазіргі уа­қытта қару-жарақ қоймасы маңайында әр жерден тұтанған өрт ошақтары бар. Тиісінше, Қор­ғаныс министрлігі мен Тө­тенше жағдайлар коми­теті­нің бөлімшелері өрт сөндіру жұ­мыстарына жұмылды­рыл­ды, – деді В.Беккер. 

Комитет төрағасы аласапыран уақытта үйлері тоналған арыс­тықтардан 85 арыз түс­кенін де хабарлады. 

– Үйіне қайтқан тұрғындар мүлкі жоғалғаны туралы 85 арыз түсірген. Алайда, оннан астам арызды иелері қай­тарып алды. Аса ірі көлемде азық-түлік ұрлау фактісі тір­келді. Бір адам көлігі ұрлан­ғанын хабарлаған. Жалпы, әр оқи­ға бойынша жедел-іздестіру топтары шұғыл шаралар қабылдап жатыр, – деді ТЖК төрағасы. 

Баспасөз мәслихатында В.Бек­кер төтенше оқиғаның са­л­дарынан келген шығынның әлі толық есептеліп болма­ғанын айтты. 

– Шығын көлемі шамамен 20 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл цифр өзгеруі де мүмкін. Бұл – алдына ала болжанған мәлі­мет. Бағалаушылар әлі де есеп жү­р­гізіп жатыр. Соңғы түс­кен де­рек­тер бойынша 70-ке жуық үй жермен-жексен бол­­ған. Әдепкіде 8 мыңнан ас­­там үй бүлінді деген дерек бол­­ған. Әзірге 6000 үйдің бү­л­ін­­ге­нін анықтадық, – дейді В.Беккер.

Төтенше жағдайлар коми­тетінің деректеріне қарағанда, са­перлік бөлімшелерден 1287 адам 80 топқа бөлініп, Арыс аума­ғын тазартып жатыр. Бү­гін­ге дейін 11 400 оқ-дәрі мен бөл­шек табылған. Оған қоса, арыс­тықтарға снаряд бөл­шектері кездессе, не іс­теу ке­рек­тігі жаппай түсін­діріл­ген. Оның да себебі бар, өйт­кені саперлік жұмыстар кезін­де темір жол бойынан іске қо­сыл­ған күйі жарылмай қалған жарылғыш зат табылған. 

– Темір жол тораптарын та­за­рту кезінде мамандар жа­рыл­маған снаряд тауып алды. Жарылмады дегеніңіз болма­са, өздігінен іске қосы­лып қал­ған. Мұны көрген саперлердің өздері де қатты таңғалды, – деді В.Беккер.

Жалпы, жарылыстан 57 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапты. 409 адам медицина көмегіне жүгінген.