Аймақтар • 04 Шілде, 2019

Қостанайда қазақ мектебі жалғыз емес

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысының аймақтық байланыс қызметі орталығында Қостанайдағы №24а қазақ бастауыш мектеп-гимназиясына байланысты брифинг өтті. Оған себеп әлеуметтік желілерде «Қостанайдағы жалғыз қазақ мектебі жабылайын деп жатыр» деген шындықтан ауылы алыс ақпараттың пайда болғаны еді. Президент Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында Қостанай қаласындағы қазақ мектебінде қалыптасқан жағдайға байланысты тапсырма берді. Онда «Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда Қостанайдағы қазақ мектебі төңірегінде күрделі жағдай қалыптасқан. Білім және ғылым министрі мен облыс әкімі оған байланысты барлық проблеманы жаңа оқу жылына дейін шешуі тиіс» деп тапсырма берген.

Қостанайда қазақ мектебі жалғыз емес

Брифингте Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов алдымен әлеуметтік желідегі ақпараттың жаңсақ екенін айтты. Қостанай қаласында қазір қазақ тілінде білім беретін мектеп біреу емес, 6 қазақ мектебі бар. Оның 1-уі бастауыш, 5-уі орта мектеп. Мұның сыртында 10 қазақ және орыс тілдерінде білім беретін аралас мектептер бар. Қалған 17 мектеп орыс тілінде білім береді.

Дауға бергісіз әңгіме Қостанай қаласының орталығындағы №24а бастауыш мектеп-гимназиясы төңірегінде болып отыр. Әу баста бала бақшаға арнап салған ғимарат бастауыш мектепке тарлық еткендіктен, қалалық білім бөлімі №24а мектеп-гимназиясының оқушылары мен педагогтерін Бородин көшесіндегі 138/1 мекен-жайындағы орналасқан ғимаратқа көшіруді ұсынған болатын.

«Қостанай қаласындағы 6 қазақ мектебінде биылғы оқу жылында 3931 оқушы білім алды, оның сыртында 10 аралас мектептердің қазақ кластарында 1653 бала оқыды. Қаладағы 7-ші қазақ мектебін ашып, осы аралас мектептердегі 1653 оқушыны және ғимараты тарлық етіп отырған №24а бастауыш-гимназиясын сонда көшіргіміз келген. Ата-аналардың қарсы пікірін ескеріп, жаңа ғимаратқа барғысы келмеген ата-аналардың балалары сол бұрынғы №24а бастауыш мектеп-гимназиясында қалатын болды» деді Қайрат Жұмашұлы.

Брифингке қатысқан Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова  бастауыш мектепті көшіруге байланысты өз пікірін айтты.

«№24 бастауыш мектепті 90-шы жылдары бала бақшаның ғиматарында уақытша ашқан болатын. Содан бері онда бала саны әлдеқайда көбейді. Бородин көшесіндегі ғимарат орталыққа, тіпті алыс емес, ол да қаланың орталығы болып саналады. Негізі мектептің көшкені дұрыс, бұл жерде кейбір ата-аналар баланың білім алуын емес, өзіне қолайлылықты ғана ойлап отыр. Мектепте акт зал, спорт зал жоқ, бір киім ілгішке бірнеше баланың киімі ілінеді. Ғимарат білім берудің бүгінгі талабына жауап бере алмайды. Сондықтан мәселені кеңірек ойлаған дұрыс» дейді Әсия Әйіпқызы.

Әзірге бастауыш мектеп-гимназия көшірілмейтін болды, қалғанын уақыт көрсетеді.